Кеше әлеуметтік желіде жедел тарап, қызу талқыға түскен төтенше әрі қауіпті оқиға – өздерін әлдебір «Халық кеңесі» ұйымы деп жариялаған Солтүстік Қазақстандағы бір топ адамның видео мәлімдемесі әлі талқыланып жатыр. Кеше кешке осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған.
Бізде «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» деп аталатын арнайы заң бар. Сол заңның 6 бабының 7-8 тармақтарында ұлттық қауіпсіздікке төнетін негізгі қандай қауіп-қатерлер екені анық жазылған:
7) конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталған iс-әрекет, оның iшiнде Қазақстан Республикасының бiртұтастығына, аумағының тұтастығына, қол сұғылмаушылығына, бөлiнбестiгiне, күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін iс-әрекеттер;
8) кез келген нысандардағы және көріністердегі терроризм, экстремизм мен сепаратизм.
Демек, Солтүстік Қазақстандағы оқиға заңның екі тармағы бойынша ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер төндіріп отыр. Алайда кешеден бері қауіпсіздік кеңесі шақырылмады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, бас прокуратура ешқандай мәлімдеме жасамады. Әлеуметтік желідегі жекелеген депутаттар жалпылама, жұбату сипатындағы жазбалар жариялауда.
Солтүстік Қазақстан облысы мәслихатының депутаты Ербақыт Амантай полиция мен прокуратура бүгін мәлімдеме жасайды деп жазды.