27-09-24 |
3650 рет қаралған
Ұлытауда марганец рудасын рұқсатсыз өндірген азаматтың ісі сотқа жіберілді.
Ұлытауда марганец рудасын рұқсатсыз өндірген азаматтың ісі сотқа жіберілді

Қаржылық мониторинг агенттігі Ұлытау өңірінде марганец рудасын рұқсатсыз өндіруге және кейін оны заңдастыруға қатысты тергеуді аяқтап, істі сотқа жібергендерін мәлімдеді.

Аталған азамат 2020-2023 жылдар аралығында ешқандай рұқсат құжаттарынсыз Ұлытау облысындағы «Восточный карьерінен» марганец рудасын заңсыз өндірумен айналысқан.

Қылмыс «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның аэроғарыштық суреттерінің көмегімен анықталды.

«Жер қойнауын өз бетінше пайдалану фактілерін тергеп-тексеру барысында карьер орналасқан жер учаскесін пайдалану жөніндегі уәкілетті органдардан берілмегені, сондай-ақ жоғарыда аталған азаматтың тиісті тіркеуі жоқ екені анықталды. Кейіннен күдікті жалған шот-фактураларды жазып, заңсыз өндірілген марганец рудасын заңдастырып, республика бойынша және шет мемлекеттерге өткізген», – делінген хабарламада.

Марганец рудалары өнеркәсіптің әртүрлі салаларында – металлургияда, химияда, керамикада, шыныда, ал оның қосылыстары – фармацевтика өнеркәсібінде қолданылады.

«Мемлекетке 1 млрд теңгеден астам шығын келген. Заңсыз өндірілген кен көлемі 16 мың тоннаны құрап, жалпы сомасы 3 млрд теңгеден асады. Күдіктінің 337 млн теңгенің жылжымалы және жылжымайтын мүлкі тәркіленді», – делінген хабарламада.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.