Атырауда қайырымдылық пен сыйлықтар ұтысы деген желеумен ақша жинап, уәдесін орындамаған блогер әйел ұсталды.
Әлеуметтік желілер арқылы ол көпбалалы отбасыға үй алып беремін деп қайырымдылыққа ақша жинаған. Сонымен қатар, «ұтылыссыз» лотерея ұйымдастырып, бағалы сыйлықтар уәде еткен: «ақылды швабра», печенье қораптары, ыдыс-аяқ, алтын бұйымдар. Қатысушылар бірнеше мыңнан ондаған мың теңгеге дейін ақша аударған.
«Мен оған 83 000 теңге аудардым, бірақ әлі күнге дейін ештеңе алған жоқпын. Арзан бағаға алтын аламын деп ойладым. Келісімге келмек болып көп тырыстым, болмаған соң арыз жаздым», — дейді жәбірленушілердің бірі.
2023 жылдың қыркүйегінен бері әйел ақшасын қайтара алмай жүр. Айтуынша, блогер оған дөрекі жауап қайтарған:
«Беремеймін. Қайда барсаң, сонда шағымдан».
Тағы бір жәбірленуші 485 000 теңге көлемінде материалдық шығын келтірілгенін айтты. Оның сөзінше, блогер әйел тек құр уәде беріп, ақшаны қайтармаған. Алдын ала дерек бойынша, блогердің әрекетінен 50-ден астам адам зардап шеккен болуы мүмкін.
Атырау облыстық полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын растады. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды.