Қоғам белсендісі Бэлла Орынбетова кеше полициядан шақырту алғанын жазған еді. Бүгін ол полиция бөлімшесінде болған жайтты баяндап, жазба жариялады.
«Бүгін полиция бөлімшесіне бардым. Жарты сағат бойы шақырған адамды таппадық. Повесткада не мекенжай, не кабинет, не телефон жоқ.
Есімі көрсетілген Б. Мақсатұлы астына түсіп шақырған мен емес деп кетіп қалды. Сөйтіп кеше келген Курманов Арманды таптық әйтеуір. Оның өзі кабинетке кіргізіп бастығын шақырды. Қуат Байжановпен осылай таныстық.
Қозғалыс туралы, саяси көзқарастар туралы сұрастырып, ақыры митинг туралы постыма түсініктеме жазуымды өтінді. Жазудан бас тартып едім Прокуратура туралы заңның 32-бабына, Митингтер туралы заңның 7,8-баптарына, Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 488-бабы және Қылмыстық кодекстің 400-бабына сілтеме жасалған, Сарыарқа ауданының прокуроры Ж. Сматовтың аты-жөні жазылған түсіндірме қағазына қол қоюымды сұрады. Қол қоюдан бас тартқанымда онда криминалистерді шақыртып видеоға түсірілім жасайтынын айтты. Мен видеотүсірілімге рұқсат бермейтінімді айттым. Қысқаша психологиялық қысымның түр-түрін қолданбаққа тырысқандай болды.
Менің постымда да, ешбір әрекетімде қылмыстық түгіл әкімшілік құқық бұзу болған емес. Неліктен қылмысиық іске байланысты ғана берілетін повестка беріледі? Неге әр кез қылмыстық кодекстің түрлі баптарын алдыма тартып қоқан-лоққы көрсетеді? Митингке шығып өз ойымды еркін білдіру конституциялық құқымды пайдалану қашаннан бері қылмыс? Заң күші ең үстем Конституция емес пе еді? Ендеше неге өзге заңдарды алға тартады? Заң аясында әрекет ет дейді. Жақсы әкімшілікке митинг туралы өтінішті қалдырып кеттім (заңда айтылғандай он күн бұрын, бекітілген орынды көрсетіп). Рұқсаттың берілмейтінін мен ғана емес, полиция қызметкерлері біліп тұр ғой осындай қысым көрсетіп отырып. Таңертеңнен бері шаруалармен жүріп үйге келсем, балаларым отыр үрпиісіп. Мен жоқта үйге полиция қызметкерлері келді дейді. Бұл не?! Сендер өздеріңді жек көруден басқа амал қалдырмай отырсыңдар ғой?! Менің құқымды қорғау органдары құқымды таптап отырса митингтен басқа амал бар ма?» деп жазады Бэлла Орынбетова.