Мемлекеттің ертеңі – жастар. Болашағының жарқын болғанын, келешектің кемел болғанын қалаған ел балалардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп қамқорлықтан кенде қылмайды. Алайда, әрбір отбасының ішкі жағдайын, тұрмыс-тіршілігін, тәлім-тәрбиесін бақылауда ұстау мүмкін емес. Әсіресе, отбасылық құндылық кеміген қазіргідей заманда жасөспірімдерге қарсы құқықбұзушылықтың азаймай тұрғанын мойындауымыз керек.
Шын мәнінде біздің зайырлы мемлекетімізде ана мен баланың құқығын қорғау бірінші орында тұр. Еліміздегі барлық заңдар ана мен баланың зәбір көрмеуін, тегін білім алып, медициналық қызметтен тыс қалмауын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, барлық мемлекеттік құрылымдар жасөспірімдердің саналы, салиқалы, сауатты ұрпақ боп қалыптасуы үшін барлық мүмкіндікті жасауда. «Ізгілік жолы» деп аталатын жаңа жобаның да көздегені осы.
Жақында Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында арнайы жиын өтіп, жасөспірімдерді қылмыстан алыс ұстап, арман-мақсатына жетуіне жол ашатын жаңа бастамалар көпшілік талқысына салынды. Маңызды шараға Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев, Астана қалалық сотының төрағасы Ақан Жұмағұлов, еліміздегі Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов арнайы қатысты. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар ісін қарайтын судьялардың басын бір ортада біріктірген бұл жиында түрлі жоба жетекшілері жасөспірім құқығын қорғауға жол ашатын өз жобаларын таныстыруға мүмкіндік алды.
Көпшілік алдында «Ізгілік жолы» жобасын таныстырған Нұргүл Қарағойшина белгілі журналист, «Тіл» республикалық ақпараттық-сараптамалық журналының бас редакторы. Сот, құқықтық салада да бай тәжірибе жинақтаған Нұргүл Ерболатқызы енді ғана өмірін бастағалы отырған жастар істі болып, өткеніне өкінбеуі үшін құқықтық сауатты көтерудің маңызды екенін үнемі айтып келеді. Құзырлы орындар алдында таныстырған оның жобасы да осы ойымен өзектес.
– Бұл кездесудің мен үшін орны ерекше. Себебі осы маңызды жиында игілікті мақсатқа негізделген «Ізгілік жолы» атты жаңа жобамызды кең көлемде таныстыруға мүмкіндік туды. Бұл жоба аяқ астынан туындаған жоқ. Мұндағы негізгі ой менің талай жылғы еңбегімнің, тәжірибемде кездескен жағдайлардың түйіні десек болады. Жалпы қай бастама болмасын, аяқсыз қалғанын қаламаймын, міндетті түрде оң нәтижесі болғанын ескеретін әдетім бар. Осы жолы да түпкі мақсатым – жасөспірімдер құқығын қорғап, балаларды қолдауға бағытталды. Облыстағы ювеналды соттардың судьялармен пікір алмасып, жасөспірімдерді пробация аясында тәрбиелеп, жолға салмаса, кейін адасқандардың түзу жолға түсуі қиындау болатын байқадық, – деген Нұргүл Ерболатқызының жобасы расында да қоғамдағы өзекті мәселеге арналған.
Себебі бұл жоба кәмелет жасқа толмаған, бірақ өмір жолында қателік жасап сүрінген, қылмысы үшін жауаптылық тағайындалған жасөспірімдерді түзу жолға салуды көздейді. Соның ішінде пробация аясында профилактикалық шаралар мен қылмыстың алдын алуға бағытталған жоба жүзеге асатын болса, талай жастың түзелуіне оң ықпалын тигізері анық.
Жалпы бұл идея Нұргүл Қарағойшинаға 2022 жылы «Қылмыстық іс жүргізудің процестік құжат үлгілері» жинағын шығару кезінде келген. Судьяларға көмекші құрал ретінде дайындалған бұл жинаққа республикамыздың түкпір-түкпіріндегі судьялардың кәмелетке толмағандар қылмысына қатысты шығарған шешім, үкімдері енгізілген еді. Осы кезде құрастырушылар заң аясына тартылған жасөспірімдерге қатысты қылмыстық істерді саралап, талдау жасаған. Осылайша кәмелетке толмаған жеткіншектер араласқан қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың көптігі «Ізгілік жолы» атты жаңа жобаны қолға алуға негіз болды.
Жобаны жұртшылық та жылы қабылдады. Өйткені, жастардың тағдырына, балалардың болашағына жүрегі ауырмайтын, жаны ашымайтын жұртшылық аз. Соның ішінде судьялар өмірде қателік жасап, қылмыс әлемімен танысқан жасөспірімді одан әрі қателесуден сақтап, психологиялық көмек пен білім алу, жұмысқа тұру сияқты қажеттіліктерін өтеп, еліміздің саналы азаматы екенін сезіндіруді, қатарға қосуды көздейтін жобаға қолдау танытты. Себебі, практикада бір қылмыстық әрекет жасаған адамды алғашқы сүрінген шағында тоқтатпаса, кейін ондай адамның қоғам үшін аса қауіпті қылмыскерге айналуы оңай. Негізі кәмелетке толмағандардың ісін қарайтын кез келген судья бұл мәселеге жайбарақат кейіп танатып отыра алмайды. Бәрінің сол жастарға жаны ашитынын, көмектескісі келетінін көзіммен көріп жүрмін. Сондай тәжірибелі судьялардың бірі – Астана қаласының судьясы Г.Әбдіғалиева және маңғыстаулық судья Л. Шамғонова жобаны жүйелеп, бірізге салуға көп ой қосты.
Ізгілікті көздейтін идеяны жүзеге асыру үшін ұйымдастырушылар алдымен Жоғарғы Сот басшылығына ұсыныс білдірген. Осы арқылы бұған дейін ойда пісіп-жетілген жобаны тәжірибеде сынақтан өткізу жоспарланған еді. Соның нәтижесінде пилоттық жоба Астана қалалық сотының төрағасы мен ұжымы тарапынаннан қолдау тапқан.
– Дегенмен, мұндай жобаны тек сөз жүзінде қолдаумен тәжірибеге енгізу мүмкін емес. Кез келген бастама белгілі бір қаражатты қажет етеді. Соған орай, жоспарымызды дайындап, бастаманың игі тетіктерін жан-жақты түсіндіріп Ұлттық спорт қауымдастығының президенті, белгілі меценат және ұлттың жанашыры Исламбек Төлеубайұлы Салжановқа өтініш білдірдік. Біздің ойымызды тыңдаған соң «Бір баланы болса да, түзу жолға салуға қол ұшымызды берсек – біз үшін үлкен жеңіс»,- деген кең пейіл ағамыз жобамызға тек қаржылай ғана емес, моральдық тұрғыдан да қолдау көрсетіп, қамқорлық жасады, – дейді Нұргүл Қарағойшина.
Екіжақты келіссөздер нәтижесінде Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов жобаға тартылған мамандардың жалақысы, жасөспірімдердің қосымша білім алуына керекті шығындарды түгелдей мойнына алған. Проект 8-9 ай көлемінде пилоттық жоба ретінде жүргізілді. 19 жасөспіріммен психологиялық, әлеуметтік тб бағыттарда жұмыс үздіксіз жүргізілді. Демеуші есебінен арнайы ҚБ құрылды. Жобаға араласуға ниет білдірген мамандар таңдалды. Солардың ерекше жанашырлығымен бастама жүзеге асты деп айтуға болады.
Ұйымдастырушылар бірнеше ай бойы сынақтан өткен «Ізгілік жолы» жобасы туралы көпшілікке алдын ала хабарламай, құпиялылықты сақтауға тырысқан. Осы аралықта он тоғыз жасөспірім қамқорлықта болып, жаңа өмірге жолдама алған. Арнайы дәрістер тыңдап, құқықтық сауатын арттырған жасөспірімдер енді ұрлық жасау, айлакерлік, тонау сияқты қылмыс әлеміне оралмауға уәде беріпті. Көпшілігі осы орталықта білім алып, жақсы жұмыстарға орналасқан.
Идея бастамашы игі істің жандануына үлес қосып, жастар мәселесі атүсті қарамаған Астана қалалық сотының төрағасы А.Жұмағұловқа, қалалық сот судьясы Г.Әбдіғалиеваға, Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ж.Алпысбаеваға, «Ізгілік жолы» ҚБ басшысы А.Мұқашеваға, социология маманы С.Матановаға, балалар психологы К.Нұрмағанбетовке алғысын білдіріп отыр.
– Негізі жобаны республика көлемінде, мемлекеттік деңгейде қолға алу маңызды деп санаймын. Әрине, бұл мәселенің заң тұрғысынан реттеліп, жобаны іске асыру механизмдерінің қалай жүзеге асуымен тікелей байланысты. Ең бастысы, алғашқы қадам жасалды. Біздің жұмыстың нәтижесін көрген өзге өңірлер де жасөспірімдерді қолдайтын жобаны жалғастырса құба-құп, – дейді ізгілікті бастама жетекшісі.
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024