Жамбыл облысының прокуратурасы фермерлердің сумен қамтылуына арналған ондаған миллион теңге көлеміндегі субсидияның ұрланғанын мәлімдеді.
«Жамбыл облысы прокуратура органдары бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына ерекше назар аударады. Осы орайда Сарысу ауданының прокуратурасы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне су жеткізуге бөлінген 38,1 миллион теңге көлеміндегі субсидияның ұрланғанын анықтады», – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы субсидияланған сегіз шаруашылықтағы бұрғыланған құдықтардың тереңдігі жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілген параметрлерге сәйкес келмеген.
«2025 жылғы 30 сәуірде аудан прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (аса ірі көлемде жасалған алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тергеу ісі Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне тапсырылды», – делінген прокуратура мәлімдемесінде.