«Кезби» ЖШС мұнай сервис компаниясының қызметкерлері ереуілге шықты, деп хабарлайды «Лада» порталы.
Олар тарифтік сетканы қайта қарап, жалақыны көтеруді талап етті. Сонымен қатар жабдықты қажетті стандарттарға сай келтіруді, мереке күндеріндегі жұмыс үшін ақы төлеуді, он үшінші жалақы және зиянды жұмыс үшін өтемақы төлеуді сұрап отыр.
«Кезби» ЖШС жұмысшыларының ереуілі түсірілген видео YouTube-каналдардың бірінде пайда болды.
Жаңаөзен әкімінің орынбасары Ғалым Байжанов жағдайға қатысты түсініктеме берді.
«Бүгін компанияның 150-180 қызметкері жұмысын уақытша тоқтатты. Олардың еңбек шарттары бойынша өз талаптары бар. Оқиға орнына Жаңаөзен әкімі Мақсат Ибағаров, еңбек инспекциясының қызметкерлері, прокуратура және полиция келді», – деді Байжанов.
Оның айтуынша, арбитражды комиссия құрылады. Ол «Кезби» ЖШС қызметкерлерінің талаптарын қарап, істің байыбына барады. Мұның бәрі заң аясында өтеді, деп мәлімдеді Ғалым Байжанов.