Жетісу облысы Қаратал аудандық соты Instagram-дағы ZohanTV арнасының авторын ірі көлемде бопсалау фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 194-бабы бойынша кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырды.
Сот анықтағандай, ZohanTV арнасының 29 мыңнан астам жазылушысы бар. 2024 жылдың қарашасында блогер бір кәсіпкерден әлеуметтік желіде жарияланған видеоны өшіру үшін 10 миллион теңге талап еткен. Видеода Қаратал ауданындағы сапасыз құрылыс жайлы айтылған.
2025 жылдың мамыр айында Петропавлда екі блогер «Magnum» және «Семейный» сауда желілерінің өкілдерінен ақша бопсалағаны үшін сотталған болатын. Оларға қатысты үкім 6 мамырда күшіне енген.