Солтүстік Қазақстан облысы, Ғабит Мүсірепов ауданының сотында 35 жастағы Жансұлу Дархамбаеваға ұлтаралық араздықты қоздырды деген айыппен екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол қазір аяғы ауыр, босануына аз уақыт қалған. Туыстары бұл үкімді тым қатаң деп санайды.
Жансұлу — Астана қаласының тумасы, мамандығы — мұғалім. TikTok желісіне 2024 жылдың қаңтарында орыс ұлтына қатысты бейәдеп, қорлайтын видеолар жүктеген. Сарапшылар бұл видеоларда ұлттық алауыздық белгілері, бір ұлтты екіншісінен жоғары қою, қорлау секілді мазмұн бар екенін растады.
Сотта Жансұлу кінәсін толық мойындап, кешірім сұрады. Ол 2019 жылға дейін ауыл мектебінде мұғалім болғанын, кейін орыс ұлтты әріптестерінің жала жауып, жұмысынан кетуге мәжбүрлегенін айтты. 2024 жылы басқа ауылға көшіп, мектепке жұмысқа тұрған. Онда қазақ тілін енгізуге тырысқаны үшін қысым көргенін, кейін тағы жұмыстан кеткенін мәлімдеді. Қазір ол жүкті, тоғызыншы айда.
Видео жариялағанын мойындап, енді ондай әрекетке бармайтынын айтты. Сот оны қауіпсіздігі төмен түзету колониясына екі жылға қамауға үкім етті. Жансұлу мен туыстары апелляциялық шағым түсірді.