Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық соты журналист Данияр Әділбековті 4,5 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Азаттық жазады.
Судья Әділбековті «Көрінеу жалған сөз жеткізу» (419-бап 3-бөлігі) және «Көрінеу жалған ақпарат тарату» (274-бап 2-бөлігі) баптары бойынша кінәлі деп таныды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа режимдегі мекемеде өтейді.
Сот екінші айыпталушы Ерлан Сәудегеровті «Қылмысты ұйымдастыру» (28-бап 3-бөлігі) және «Көрінеу жалған сөз жеткізу» (419-бап 3-бөлігі) баптары бойынша кінәлі деп танып, үш жыл шартты жаза берді. Ол пробациялық бақылауда болады.
Айыпталушылар өздеріне тағылған айыптармен келіспейді.
Данияр Әділбеков 27 наурызда ұсталып, қамауға алынған. Кейін қамау мерзімі ұзартылды. Сот тамызда басталған.
Қылмыстық іске журналистің телеграм-арнасындағы жазбасы түрткі болған деп айтылады. Онда мұнайды алып сатумен айналысатын Vitol компаниясы энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженовтің әкімшілік тетіктерін пайдаланып жатыр деп көрсетілген. Шенеуніктің өзі мұны жоққа шығарады.
Әділбековке телеграм-арнада Астана әуежайының басқарма төрағасы Юсуф Альжавдер мен «Ел медиа» басылымының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева туралы ақпарат жариялағаны үшін «көрінеу жалған ақпарат таратты» деген айып тағылған.
Ал қорғау жағы тергеу және сот кезінде процессуалдық заңбұзушылық болғанын алға тартып, айыпталушылардың кінәсін дәлелдейтін айғақ жоқтығын атап өткен.
Press.kz сайттың жазуынша, журналист пен мұнай трейдері «Көрінеу жалған сөз жеткізу» бабы бойынша айыпталғанмен олар күштік құрылымдарға вице-министрді жауапқа тарту туралы арыз түсірмеген. Құқық қорғау органдарына арыз түсірмегенін журналистің өзі де сәуір айындағы хатында баяндаған. Ол сол кезде тәуелсіз БАҚ-ты зерттеу жүргізуге шақырып, «елді тонаушылар мен Қазақстан мұнайын сатып алушының мүддесін қорғағандар өзін шындықты айтқаны үшін соттап жатыр» деп айтқан.
Мамырдың басында оннан астам қазақстандық журналист президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен қауіпсіздік органдарына қайырылып, Әділбековті босатып, қылмыстық істі әділ тергеуге үндеген.
Әділбеков мамыр айында ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің қысымы мен азаптауы туралы мәлімдеген. Әділбековтың айтуынша, ҰҚК қызметкерлері «басқа әріптестеріңді ғайбаттасаң, жеңіл жаза береміз» деген. Одан бас тартқан соң жалған айыппен анасы мен әйеліне қылмыстық іс қозғаймыз деп қорқытқан. Артынша арнайы қызмет бұл мәлімдемелерді жоққа шығарды.
-
19.12.2024
-
19.12.2024
-
19.12.2024
-
19.12.2024
-
19.12.2024
-
19.12.2024
-
19.12.2024
-
19.12.2024
-
18.12.2024