26-10-23 |
2870 рет қаралған
Зияткерлік меншікті қорғау – мемлекет үшін маңызды қадам.
Зияткерлік меншікті қорғау – мемлекет үшін маңызды қадам

Елімізде зияткерлік меншік қорғау бағытындағы жұмыстар тәуелсіздік алған кезден бастау алды. Ал 1996 жылдың 10 маусымында «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңының қабылдануы бұл бағыттағы іс-шаралардың бірізге түсуіне, осы саладағы түйткілдердің ретімен шешілуіне оң ықпалын тигізді. Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық патенттік құрылымы қалыптасып, мемлекеттік авторлық және шектес құқықтар жөніндегі агенттік өз жұмысын бастады. Осылайша елімізде зияткерлік меншікті қорғаудың ұлттық жүйесінің іргетасы қалады. Бүгінде авторлық және сабақтас құқықтар саласындағы жұмыстарды үйлестіру Әділет органдарына жүктелгенін айта кетуіміз керек.

1996 жылдан бері аталмыш заңнама еліміздегі ақын-жазушы, композитор, суретші, режиссер, драматург, әнші, биші, өнертапқыш, ғалымдар мен басқа да көптеген шығармашылық адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғап келеді. Ал әділет органдары осы заңнаманы қалқан ете отырып зияткерлік меншік құқығы саласындағы мәселелердің алдын алу, өнертапқыштарды қорғау бағытында көптеген іс-шараларға мұрындық болып жүр. Соның бірі – әділет органының қызметкерлері түрлі рейдтер, арнайы тексерулер ұйымдастырып, зияткерлік меншікке «жиендік» етушілерге тыйым салуды жүзеге асыруда. Осы тексерулер нәтижесінде еліміздің Әкімшілік қүқық бұзушылық туралы кодексінің 128, 129 және 145 баптарымен әкімшілік істер қозғалып, мемлекет пайдасына айыппұл өндірілдіп келеді. Сондай-ақ, озық ой, идея авторларының есебінен өаржылық жағдайын жақсартқысы келгендерге тыйым салынып, нарықтан жыл сайын көптеген контрафактілі өнімдер шығарылуда.

Бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де ширатып, жетілдіре түсу керектігін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та үнемі ескертіп жүр. Өйткені, өркениетті елді құруда мемлекеттің бірінші тірек етері, сүйенері – отандық кәсіпкерлер мен озық ойлы азаматтар. Себебі, әлем қазір табиғат байлықтарына емес, адамның ақыл-ойына көбірек сүйенеді. Соның әсерінен қазір ерекше ойлайтын, өнертапқыш, жаңа идеяларға жүйрік жастарды өз еліне тартуға мүдделі мемлекеттер қатары артты. Яғни, бүгінде алтын-күміс емес, адам мен оның ойы жоғары бағаланады. Ал осындай ойы ұшқыр адамдарды мемлекетте ұстап отыру үшін, оларды қызықтыратын, еңбегін бағалайтын тетіктер жасалуы тиіс. Егер өзі тапқан жаңашыл идеялар қорғалмаса, ойындағысы ұрланып, кез келген адам қолды етсе, қанша еңбектенгенімен табысы артпаса, мұндай мықты адамдардың өз елінен түңіліп, өзін қорғайтын, өзінің идеясын қорғайтын елдерге кетіп қалуы әбден мүмкін. Қазақстанда зияткерлік меншікті қорғауға айрықша мән беріліп отырғаны да сондықтан.

Жалпы, әлем елдерінің бәсекеге қабілеттілігін өлшеуде қолданылатын көрсеткіштің бірі осы зияткерлік меншікті қорғау ісіне бағытталған. Мәселен, Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекелестік индексіндегі басты көрсеткіштің бірі осы – «Зияткерлік меншікті қорғау» көрсеткіші. Ал бұл форум нәтижесі негізінен кәсіпкерлер мен өз капиталын арттыру үшін инвестициясын қайда салуды жоспарлап жүрген азаматтар үшін, сондай-ақ саяхаттауды мақсат еткен шетел тұрғындары үшін бағдар іспетті. Әр елдің кәсіпкерлері, тұтынушылары арасында сауалнама жүргізіліп, соның нәтижесінде шығарылатын форум көрсеткіштерінің шынайылығына әлі күнге дейін күмән келіп көрген жоқ. 192 мемлекет қатысатын бұл форумдағы зияткерлік меншік бойынша Қазақстанның көрсеткіші жаман емес.

Сонда да болса зияткерлік меншік құқығын тыңғылықты қорғау – еліміз үшін басты стратегиялық нысан болып табылады. Себебі бүгінде әлем бойынша құны 500 миллиард АҚШ долларын құрайтын түрлі контрафактілік өнімдер айналымда жүр. Контрафакті арқылы табысын еселеп отырғандарды анықтау, жауапкершілікке тарту бағытында жұмыстар жүргізілгенімен, құқық бұзушылыққа толықтай тосқауыл қою мүмкін болмай тұр.

Жақында Астанада өткен зияткерлік меншікті қорғауға қатысты семинар барысында да осы түйткілдер сарапқа салынды. Халықаралық сарапшылардың қатысуымен өткен жиында әр елдің өкілдері контрафактілік өнімдермен күресудегі өзіндік тәжірибелерімен бөлісіп, пікірлерін ортаға салды.

Іс-шаранының ашылуында сөз сөйлеген Әділет министрі Азамат Есқараев «Зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін құру арқылы ғана инновациялар мен шығармашылықты өркендеуге қол жеткізеріміз талассыз. Ал қазіргі уақытта дүниежүзілік сауда ұйымының мәліметі бойынша, жаһандық саудадағы контрафактілік өнімдердің көлемі 500 миллиард АҚШ долларына бағаланады», – деп Қазақстанда атқарылып жатқан жұмыс нәтижелерінен көпшілікті хабардар етті.

Шара барысында шетелден келген қонақтар зияткерлік меншікте шекара болмайтынын, оған тосқауыл қою үшін мемлекеттер өзара бірлесе отырып әрекет етуі қажеттігін алға шығарды. Семинарға қатысушылардың айтуынша, былтырғы жылы Еуразиялық экономикалық одақ өзіне мүше болып отырған мемлекеттер аумағында зияткерлік меншік саласындағы алты мыңнан астам құқық бұзушылық пен қылмыс анықталғанын атап өтті. Осы аралықта құзырлы органдармен тәркіленген контрафактілік тауарлар көлемі тоғыз миллион дананы құраған. Бұл дайын асқа – тік қасық әдісімен өзгенің еңбегін ұрлау арқылы табыс тауып отырғандардың аз еместігін көрсетеді.

Солтүстік-Шығыс Еуропа бойынша аймақтық директор Казимерас Сарзицкастың айтуынша, әлемде тәркіленген контрафактілік өнімдердің басым бөлігі – балалар ойыншықтары. Балалар – ең көп контрафактілік өнімдерге тап болатын қоғамның қорғалмаған бөлігі деді ол. Осылайша түпнұсқаны көшіру арқылы табыс тапқандар сапасыз ойыншықпен балалар денсаулығына балта шабуда. Сондықтан зияткерлік меншіті қорғау бағытындағы шаралар үйлесімді әрі шетелдік мамандармен үйлесімде жүргізілуі тиіс. Сонда ғана бұл бағыттағы істер оң нәтиже берері хақ.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.