arasha.kz

Қырғызстан: Жапаров билікті рейдерлік жолмен басып алған ба?

Қырғызстан Жоғарғы Кеңесінің бірінші вице-спикері Аида Қасымалиева мен депутат Наталья Никитенко кворум болмағандықтан жаңа премьер-министр Садыр Жапаровтың заңсыз сайланғанын мәлімдеді. Аида Қасымалиева өзінің facebook парақшасында былай деп жазды: «2020-шы жылдың 10-шы қазанында мемлекеттік резиденцияда өткен депутаттардың жиналысы Конституциялық кворум болмағандықтан ресми деп танылмайды. Сәйкесінше, онда қабылданған шешімдер заңсыз. Егер кімде-кім Жоғарғы Кеңестің ресми қаулысы ретінде осы құжаттарға қол қойса, бұл әрекет билікті заңсыз басып алу болып саналады. Сондықтан Садыр Жапаровты тағайындау жөніндегі қаулы жоқ. Оны сайлау Жоғарғы Кеңестің ресми құжаттарымен расталмаған»
Депутат Наталья Никитенко Садыр Жапаровқа дауыс беруді «билікті рейдерлік жолмен басып алу» деп бағалайды. «Біз биліктің рейдерлік жолмен берілуіне жол бере алмаймыз. Сондықтан мен барлық конструктивті саяси күштерді диалогқа шақырамын, біз заң жүзінде әрекет жасауымыз керек. Өйтпеген жағдайда елден айырылып қаламыз. Садыр Жапаровтың сайлауы қысыммен және заңды өрескел бұзумен өткендіктен оны қоғам қабылдамайды», – деді депутат.
Қырғызстан Парламентінің 10-шы қазандағы кезектен тыс жиынына «Әділет» құқық емханасы» қоғамдық қорының заңгерлері де сараптама жасаған. Сарапшылар Конституция мен заң талаптары өрескел бұзылған, кворум болмаған және Жоғарғы Кеңес заңсыз шешім шығарған деген қорытынды жасады.

Exit mobile version