Ел аумағындағы санитарлық-эпидемиологиялық шектеулерге байланысты қызмет көрсету саласындағы мейрамханаға, кафе және тағы басқа орындарды арнайы мониторинг топтар тексеретіні белгілі. Алайда осы мониторинг топтар кәсіпкерлерді бопсалап тіпті арандатуға дейін барады екен. Бұл «Ақ жол» партиясынан бірнеше аймақтан атап айтқанда Тараз, Алматы, Ақтөбе, Талдықорған, Өскемен, Орал қалалары кәсіпкерлерінен мониторинг топтардың қызметіне наразы өтініштер түскен. Осы өтініштер негізінде партия үкіметке депутаттық сауал жолдаған.
«Рейд кезінде мониторингтік топтар бизнес объектілеріне кіріп, кәсіпкерлерден нақты немесе жалған бұзушылықтар туралы түсініктемелер алады. Содан кейін, осы түсіндірмелер негізінде тексеруге мүлдем қатыспаған СЭС қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасайды және ешқандай ескертусіз қомақты айыппұлдар салады.
Сондай-ақ, бопсалау және тікелей арандату туралы да айтылады. Онда тексерушілер тұтынушы ретінде әрекет етіп, бизнесті заңды бұзуға итермелейді (мысалы, кафеде отырып, біраз уақыттан соң кафені босатудан бас тартады), содан соң «бұзушылықты» тіркейді» делінген партияның депутаттық сауалында.
Депутаттық сауалда рейд жүргізетін мониторинг топтар өз құзіреттеріне жатпайтын жұмыс жүргізіп, заң бұзатыны айтылған.
«Мысалы, СЭС қызметкерлерінің қатысуынсыз мониторингтік топтар (полиция іріктеп алған түсініктемелері бойынша хаттамалар мен айыппұлдарды ғана ресімдейтін) кәсіпкерлерді ҚР ӘҚБК-нің 425 бабы (халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саулығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) және 462 бабы (мемлекеттік инспекциялар мен мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына олардың қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіру, қаулыларды, нұсқамаларды және өзге де талаптарды орындамау) талаптары бойынша жауапкершілікке тартады.
Алайда бұл баптардың ешқайсысы әкімдік өкілдерінің де, полиция қызметкерлерінің де, қоғам белсенділерінің де құзыретіне кірмейді.
Кәсіпкерлік Кодексінің 133-бабына сәйкес құқық қорғау органдары жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты бақылау және қадағалау іс-шараларын жедел-іздестіру қызметі, қылмыстық қудалау, әкімшілік іс жүргізу шеңберінде ғана жүргізеді. Полиция, прокуратура, әкімдік өкілдері, тіпті белсенділер жүргізетін шағын және орта бизнес жұмысының бұқаралық немесе уақытша режимін тексеру заң нормаларына сәйкес келмейді» делінеді депутаттық сауалда.
фото: qarmaqshy-tany.kz