arasha.kz

Ресей АҚШ-қа мұнай жеткізуші басты мемлекеттердің біріне айналды

Ресей АҚШ-қа мұнай жеткізу көрсеткіші бойынша Мексиканы артта қалдырып, Канададан кейінгі орынға жайғасты.

Ресей мұнай өнімдерінің импорты бойынша Мексиканы ғана артта қалдырған жоқ: мамырда америкалықтар сатып алған ресейлік мұнайдың көлемі Сауд Арабиясынан келетін танкерлік жеткізулерден де асып түсті. Бұл туралы РИА Новостиға сілтеме жасап, Sputnik Қазақстан жазды. 

Ресей Америкаға жай шикізат емес, шикі мұнай мен жанатын мазут жеткізеді. Сол себепті импортталатын тауар түрі crude and fuel oils ретінде көрсетілген.

Сондай -ақ, сатып алушылар тізімінде ExxonMobile мен Chevron трансұлттық алпауыт компаниялар да бар. ExxonMobile үш жарым миллион баррель, Chevron үш миллион баррель сатып алды. АҚШ-та орналасқан бұл екі компанияның мұнай өңдеу зауыттарының көпшілігі Мексика шығанағының жағалауында, Техастан Флоридаға дейін созылып жатыр. 

АҚШ-тағы БАҚ «Colonial Pipeline америкалық құбыр желісіне хакерлік шабуыл жасаған және Вашингтонның қарсылығына қарамастан жақын уақытта «Солтүстік ағын – 2″ жобасын аяқтайтын елден» ресурс сатып алып отыр деп Джо Байденді қатты сынға алып жатыр. Әрине, билікті айыптау әркез оңай. Сондықтан біз америкалық президенттің қандай тығырыққа тап болғаны және неге басқа амалы болмағаны туралы түсіндірсек. 

2015 жылы Барак Обама Венесуэланы «АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне төнген қатер» деп атады. Ал оның орнына билікке келген Дональд Трамп 2018-2019 жылдары Каракасқа қатысты бірқатар шектеу шарасын енгізді. Ол шаралар заңды және жеке тұлғаларға Венесуэла үкіметі өз бетінше немесе тапсырыспен шығарған электронды валютамен кез келген транзакциялар жүргізуге тыйым салды. Сонымен қатар венесуэлалық алтынмен операциялар жасауға және PDVSA бас мемлекеттік мұнай компаниясымен ынтымақтастық орнатуға шектеу қойылды.

Алайда бұл жағдай президент қол қойған құжатта мінсіз болғанымен, олар нарықтағы күрделіліктер жайын ұмытып кетті. Ауқымды шығынға батқан Каракас өз жеткізулерін Қытайға қарай бағыттады. Ал «есептен шғып қалған» тәулігіне 500 мың баррель көлеміндегі венесуэлалық мұнай АҚШ оңтүстігіндегі мұнайды қайта өңдеуде дағдарысқа алып келді. Ол шақта мұнай бағасы екі айдың ішінде бес жылдық рекордқа жеткенімен, бұл шикізаттың физикалық тапшылығы мәселесін шешкен жоқ. 

Өйткені, 2018 жылдың жазында Америка парсылардың мұнай секторына санкция енгізіп, Иранмен ядролық келісімшартқа мүшеліктен шықты. Иранның мұнай экспорты тәулігіне 1,5 миллионнан 500 мың баррельге дейін құлдырады. Вашингтон саяси жеңісті тойлап жатқан шақта АҚШ-тың оңтүстігінде мұнай компаниялары Ресей мен Сауд Арабиясының қолжетімді мұнайы үшін «шайқасып» жатты. 

Мәселе Ресей, Венесуэла және Иран мұнайының ұқсас сипаттамасы бар екенінде болып отыр. Үш ел де құрамында күкірт көп ауыр мұнайды өндіреді. Ресейде Urals, Венесуэла Santa Barbara мен Tia Juana Heavy, Иран Iran Heavy мен Foroozan Blend сұрыпты қара алтынды нарыққа жеткізіп отыр. 

Көрсетілген маркалардағы күкірт деңгейі мен химмиялық құрамы 1,3-2,3 процент аралығында тұр. Өткен жүзжылдықтың 80-ші жылдарында оңтүстік штаттардағы мұнай өңдеуші зауыттар дәл осындай шикізат түріне арнап салынған болатын. Ондаған жылдар бойы өзендей ағылып жатқан венесуэлалық мұнай бір күні ғайып болады деп ешкім ойлаған жоқ.

Сондықтан Джо Байденнің командасының кибершабуыл мен газ құбыры жобасын шетке ысырып қойып, Ресейден шикізат сатып алуға рұқсат беруден басқа амалы жоқ. 

Осы тұста ресейлік жанатын мазут жайлы бірер сөз айтсақ. Құрамында күкірт көп болғандықтан, бұл шикізат үлкен сұранысқа ие емес. Мұны көбіне теңіздегі сауда флоттары қолданады. 2009 жылы Ресей Халықаралық теңізді қорғау конвенциясына мүше болып, құжатқа қол қойған басқа мемлекеттер секілді мазутпен үретін кеме санын азайтуға міндет жүктеді. Сол шақтан бері кемелерді әлдеқайда экологиялық жанармай түріне, яғни сұйылтылған табиғи газға көшіру қолға алынып келеді. Әрине, бұл көшудің ондаған жылдарға созылатыны анық. Әйтсе де ресейлік мазутты сатып алушылар саны азайғаны байқалады.

 

Exit mobile version