АҚШ конгресі Қазақстандағы ашаршылық туралы заңды құжат қабылдауға тиіс. АҚШ-тағы «The Wall Street Journal»-да осындай мәселе көтерілді. Мақаланың авторы – Мэриленд университеті тарих кафедрасының доценті Сара Кэмерон. «Ұмытылған советтік аштық» тақырыбындағы мақала жайлы КазТАГ хабарлады.
АҚШ заң шығарушы органдарына бағытталған бұл мақалада 1932-33 жылдары Қазақстанда болған ашаршылықтың жай-жапсары толықтай қамтылған. Тіпті, АҚШ жақында ғана заңды түрде геноцид деп таныған Украинадағы ашаршылықпен салыстыра келе, қазақтардың сол кезде Совет елдері арасында ең көп жапа шеккен ұлт екенін айтылады.
«АҚШ сенаты қазан айында Украинадағы 1932-33 жылдардағы ашаршылыққа 85 жыл толуына орай резолюция қабылдады. Биыл – әлем белгілі дәрежеде ұмыта бастаған аса ірі масштабтағы сталиндік қылмыс – Қазақстандағы ашаршылықтың да 85 жылдығы. Осы сияқты, Украинаға қатысты резолюцияның нәтижесі айтарлықтай болмағанмен, АҚШ аштық ұмытылмауға тиіс және тарихты ескерусіз қалдыруға болмайды деп есептейді. Сансыз адамның өмірін жалмаған, республика халқын үлкен өзгеріске ұшыратқан Қазақстандағы аштық – конгресс залдарында сөз болып, тарихи кітаптарда арнайы тоқталуды талап етеді», — дейді автор.
Кэмерон, ашаршылықтан ең көп зардап шеккен екі халық ретінде аталатын– қазақтар мен украиндарды салыстыра келе, Қазақстандағы ашаршылық Украинадағыдан белгілі дәрежеде қатал түрде өткенін айтады.
«Қазақтар да еркінен тыс ұжымдастырылды, ал аштыққа ұшырағандар өте қатал репрессияға ұшырады. Тіпті, қашып кете алмайтындай етіп шекараны жауып тастауға дейін барды. 1,5 миллионнан астам адам аштан өлді. Әр үшінші қазақ қаза болды – бұл дегеніңіз, ұжымдастыру кезінде Совет одағындағы елдердің ішінде ең көп қырғынға ұшыраған көрсеткіш болуы керек».
АҚШ конгресінің 1980-жылдары Украинадағы аштықты зерттеу туралы бастама көтеріп, 2015 жылы Вашингтонда ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш бой көтергенімен, Қазақстандағы қырғын Батыстың назарынан мүлде тыс қалған. Автор оның негізгі себебін былай түсіндіреді:
«Біріншіден, АҚШ-та қазақ диаспорасы аз. Екіншіден, қазіргі Қазақстан билігінің Ресеймен тығыз қарым-қатынаста болуына байланысты қазақтар украиндар сияқты емес, аштықты негізгі тарихтары ретінде көрсете алмады».
Сонымен қатар, қазақтардың пайызға шаққанда көп қырғынға ұшырауына – отырықшы украиндар сияқты емес, сол кезде қазақтардың көшпенді болғаны да себеп болғанын айтады.
«Біз мешеу қалған халықтарды цивилизацияға жеткізу деген желеумен көшпенді халықтарға қарсы жасалған зорлық-зомбылықтарды тарих беттерінен сызып тастай береміз. Аман қалған қазақ халқы тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетінен бір сәтте қол үзіп, бірден отырықшылыққа ауысуға мәжбүр болды», делінген мақалада.
Автор сонымен қатар, АҚШ-та Ресей мен СССР тарихы негізінен Еуропаның тарихы ретінде ғана қарастырылатынын, бұл өз кезегінде Совет одағының құрамында болған азиялық ұлттар тарихының көлеңкеде қалып кетуіне әсерін тигізетінін ескертеді.
С.Кэмеронның бұл мақаласы Қазақстандағы аштыққа қатысты жазған алғашқы еңбегі емес. Ол бұған дейін «Аштық даласы: ашаршылық, жаппай күш қолдану және Советтік Қазақстанның құрылуы» («The Hungry Steppe: Famine, Mass Violence and the Making of Soviet Kazakhstan») атты кітап жазған.
Дереккөз: zhasalash.kz
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024