arasha.kz

Сенат референдум туралы заңнан Назарбаевтың мәртебесін алып тастады

Сенат референдум туралы конституциялық заң жобасына енетін өзгерістерді қарап, заңның 3-бабының 2-тармағындағы экс-президент Назарбаевтың мәртебесін алып тастады. Сөйтіп заң жобасына мәжіліске кері қайтарды.

Қолданыстағы референдум туралы конституциялық заңның 3-бабының 2-тармағында «Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан Республикасының мәртебесін, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптерін және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесін өзгерту» референдум талқысына қойылатын мәселелер бола алмайды» делінген.

Егер мәжіліс сенат енгізген өзгерістерді мақұлдаса, заң жобасы президенттің қол қойылуына жіберіледі.

Кеше, яғни 4 мамырда конституциялық кеңес президент жолдаған конституцияға енетін өзгерістерді қарап, оң бағалаған еді. Және кеңес конституциядағы Назарбаевтың мәртебесін алып тастау мәселесіне келісім берген.

Сарапшылар мен қоғам белсенділері конституцияға енетін өзгерістердегі Назарбаев мәртебесінің алынуын жылы қабылдап, Қазақстандағы жеке басқа табыну кезеңінің аяқталуына балап жатыр.

Exit mobile version