Белград қаласының орталығында мерзімінен бұрын сайлау өткізуді талап еткен жаппай митингтен кейін полициямен қақтығыстар болды, деп хабарлады BBC.
Полиция тәртіпсіздіктерді тарату үшін көз жасаурататын газ немесе бұрыш баллонын қолданды. AFP агенттігінің тілшілері полицияның жарық-дыбыстық гранаттар пайдаланғанына да куә болған.
Сенбі күні күндіз Белградтың орталығына ондаған мың адам жиналды. Оқиға орнынан түсірілген суреттерде үкімет мекемелері орналасқан Славия алаңының адамдарға лық толы екені көрінеді.
Полиция жиналғандар санын 36 мың деп бағаласа, тәуелсіз бақылау ұйымы — «Қоғамдық жиындар мұрағаты» — 140 мың деп хабарлады (AFP дерегі бойынша).
Reuters мәліметінше, ондаған арнайы жасақ өкілі үкімет ғимараттарын және жақын маңдағы саябақты күзетті. Бұл саябақта президент Александр Вучичтің елдің түкпір-түкпірінен келген жақтастары да жиналған.
Жергілікті уақыт бойынша сағат 22:00-де (Гринвич бойынша 20:00) митинг ресми түрде аяқталғанымен, наразылардың бір бөлігі Вучич жақтастарына қарай бет алып, полицияға фаер лақтыра бастаған. Сол сәтте полиция күш қолданған, деп жазады Reuters.