10-06-18 |
3390 рет қаралған
Шекара асқан баланың жағдайы қалай?.
Шекара асқан баланың жағдайы қалай?

Шетелдіктер асырап алған, тәрбиелеген, тарихи отанынан қол үзген қазақ балалары аз емес. ГААГА конвенциясы ең алдымен елдің ішіндегі бала асырап алу істерін қолдайды. Қазір қазақстандықтар да жетім бүлдіршіндерді бауырына басып жатыр. Бірақ, көпшілігі құжаттар жинаудың қиындығын, елдің ішінде бала асырап алу мүмкін еместігін айтып қынжылады. Бұған әрине ең бастысы шыдамдылық, уақыт қажет. Бір жетім балаға шынайы махаббатыңды сездірем десең алынбайтын қамал болмайды, бірақ қазақ халқы бұндайда «қолды бір сілтеп» кететіні жаман. Ал, шетелдіктер шынында күтеді. Елдің ішінде патронаттық жүйені қалайда жақсы жолға қою керек. Егер әр қазақстандық отбасы балалар үйінен бір баладан асырап алса, шетелдіктерге бала жетпей қалар еді. Бірақ, бұл тағы ақсап тұрған әлеуметтік факторларға байланысты. Демек, бұл мәселе тек мемлекеттік деңгейде ғана шешілмек.

Қазақстан ГААГА конвенциясына қосылу үшін ішкі заңнамаларды халықаралық талаптарға сәйкестендіру үшін 2010-2012 жылдар аралығында шетел азаматтарының қазақстандық балаларды асырап алуына уақытша мораторий жариялады. Ал, 2013-жылдан бастап Қазақстан қақпасы қайтадан ашылды. Ашыла сап, бірнеше бала Еуропа асып кетті, Канададағы бір отбасының өзі үш бірдей баланы асырап алды. Егер шынында бұл мәселе қайта қаралатын болса, елдің ішіндегі бала асырау істерін оңтайландыратын жүйе түзілсе, жетім балаға қамқор болғысы келетін әр отбасыға мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінсе шетелге кететін бала болмас еді.

Ал шекара асқан балалардығң тағдырына ешкім бас ауыртып жатқан жоқ. Шетел азаматтары асырап алған қазақстандық балаларға қадағалауды күшейту керек. Шетелдіктердің асырап алған баласына қол жұмсап, жыныстық қатынасқа мәжбүрлегенін, көз жұмуына себепкер болғанын естіп, біліп отырмыз. Осындай бір оқиға мемлекетік органдардың ұйқысынан оянып, хабарсыз кеткен қазақстандық жетім балаларды қайта түгендеуге ықпалын тигізгені рас. Тексеру барысында АҚШ азаматтары асырап алған балалардың басым бөлігінен келіп тұруы тиіс есептің мүлдем болмағандары анықталды. Қазақстан азаматтары болып табылатын балалар осылайша қараусыз қалған. Балалардың құқығын қорғау комитеті «ол заманда бізде құзыр болған жоқ, жалпы республикада шетелдегі балалардың өмірін қадағалайтын айқын жүйе болған жоқ» деген сылтау айтады. Егер айқын жүйе болмаса қалайша қаракөздер құрлық асып кете берген?

Тағы бір мәселе Қазақстанның шет елдегі Елшіліктерінде қазақстандық жетім балаларға бақылау жүргізу консулдарға тапсырылған. Алайда, олардың бұдан өзге міндеті шашетектен. Тіпті бір жылдың өзінде барлық баланы аралап шығу мүмкін емес. Шетелдіктер асырап алған бүлдіршіндердің өміріне қатысты деректерді тапсырып отыру қазір де бала асырап алу істерімен айналысатын агенттіктерге жүктелген, бірақ ол агенттіктердің осы арадан тауып отырған наны болғандықтан, олар барлығын ашып айтады дегенге сене қою қиын.

Перизат Асхатқызы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.