19-04-18 |
6940 рет қаралған
Шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жер берілмейді.
Шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жер берілмейді

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасы бойынша негізгі баяндама жасаған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, құжатта ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру мақсатында жалға берудің жаңа әрі арнайы тәртібі қарастырылған. Жер беру тәртібінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету үшін конкурсқа қойылатын жерлер тізбесін бекіту, оны міндетті түрде қоғамдық кеңестермен және үкіметтік емес ұйымдармен келісу, жер комиссиясының құрамына 50 пайыздан кем емес қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдерін енгізу көзделген.

Сонымен бірге конкурстың жариялылығы мен оған барлық қатысушылардың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа тәртіп бойынша конкурс өкізілетіндігі туралы хабарландыру тек қана аудандық қана емес басқа да БАҚ-та, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің интернет ресурстарында орналастырылады.

Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану және жалға алушылардың жер пайдалану жөніндегі қабылдаған міндеттемелерін қадағалау мақсатында жалға алудың алғашқы 5 жылында әр жыл сайын, келесі кезеңде суармалы жерлерді әр 3 жыл сайын, ал суарылмайтын жерлерді әр 5 жыл сайын мониторинг жүргізу белгіленеді.

«Ауыл шаруашылығы жерлерін үлкен көлемде бір қолға берілуін болдырмау мақсатында заң жобасында әр облыстық әкімшілік аудандарында ауыл шаруашылығы жерлерінің шектік мөлшерін белгілеу көзделген. Бір қолға берілетін жерлердің мөлшерін мәлсихаттар мен әкімдіктердің бірлескен ұсынысымен Үкімет бекітеді. Бұл шекті мөлшерді айқындау үшін тиісті есептеу әдістемесі әзірленді», – деді ол.

Министрдің айтынша, мемлекеттің шекараның шекаралық белдеуінде орналасқан ауыл шаруашылығы алқаптары ешкімге берілмейді. Тек жергілікті халыққа жайылым, шабындық ретінде ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Шекаралық аумақта орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге немесе ҚР-ның шетелдіктермен некеге тұрған азаматтарына немесе құрамында шетелдіктер бар ҚР заңды тұлғаларына беруге тыйым салынады. Бұл аумақта орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері тек қазақстандықтарға ғана жалға берілетін болады.

«Ауылдық жерлерде жергілікті тұрғындардың жеке аула малына жайылым жетіспеушілігін шешу мақсатында заң жобасында жергілікті халыққа мал ұстау үшін жайылым алқаптарын анықтау туралы норма көзделуде. Осы мақсатта айқындалған жайылымдарды жалға беруге тыйым салынатын болады», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Сонымен қатар оның айтуынша, бүгінгі күні елді мекендердің маңындағы жайылымдардың көбі жеке және заңды тұлғаларға беріліп кеткендігін ескеріп, ол жерлерді қайтару үшін мемлекеттік мұқтажға жатқызу заң жобасымен белгіленген.

«Осы заң жобасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке сату және шетелдіктерге жалға беру туралы мораторийдің шеңберін кеңейту қарастырып отыр. Онда 1 пайыз болса да шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жер берілмейтін болады. Бұл ретте заң жобасы нормаларының барлығы жер комиссиясы жұмысының қорытындысы негізінде әзірленген және ауыл шаруашылығы жерлерін тек қана қазақстандықтарға жалға беру институтын жетілдіруді көздейді», – деді министр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.