arasha.kz

Смарт сот – құқықтық мемлекеттің негізін күшейтуде

Тәуелсіздік сот саласының қалыптасуына, дамуына, бет-бейнесінің өзгеруіне түбегейлі әсер етті. Отыз жылда қазақстандық сот түледі, түрленді, жаңа келбетке ие болды. Бұрынғы сот пен бүгінгі соттың айырмашылығы жер мен көктей. Егемендік алған кездегі соттың жағдайы мен қазіргі соттың материалдық-техникалық ахуалы, тәуелсіздігі мен мәртебесіне қатысты мемлекет тарапынан берілген кепілдіктерін салыстыру мүмкін емес. Бұл екі ғасыр тоғысында елімізге түбірлі өзгерістер әкелген тәуелсіздіктің жемісі мен жеңісі.

Бүгінгі күні халық көріп отырған сот жетістіктерінің артында үлкен қиыншылық, толассыз еңбек жатыр. Алғаш егемендік алған тұста судьялар сот отырысын өткізетін зал таппай, бір бөлмеде отырған бірнеше судьяның алаңсыз жұмыс жасауына лайықты жағдай болмайтын. Сотқа қатысушылардың көлік, жол таба алмай, сот отырысына жетуі мұң еді. Одан бөлек қазіргідей компьютер болмағандықтан, әріптері дұрыс басылмайтын, лентасы шұрқ тесік машинкамен жұмыс істеудің өзі судьялардан төзім мен уақытты талап ететін еді. Бүгінде соның бәрі артта қалды. Қазір әрбір судьяның жұмыс істейтін жеке бөлмесі бар. Өзіне бекітілген компьютерде алаңсыз жұмысын істейді. Қағаз-қаламға қатысты жетіспеушілік жоқ. Соттардың қызмет етуіне толық жағдай жасалғандықтан, мемлекет те судьяларға жоғары талаптар қоюда.

Сот жүйесін жетілдіру ісі мемлекеттің назарынан тыс қалған емес. Сот корпусын сапалы кадрлармен қамтамасыз ету, сот процестерін жайлы да қауіпсіз ортада өткізу, сот ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша атқарылған іс-шаралардың нәтижесі де көпшілік көңілінен шығып отыр. Әсіресе реформалар барысында еліміздің әрбір азаматының сот арқылы мәселесін кедергісіз шешуіне толық жағдай жасалып келеді.

Бүгінде судья болу да оңай емес. Судьялықтан үміткер жандардың іріктеу тетіктері де күрделі. Бұл сынақтар судья болудан үмітті азаматтардың білімінің жоғары, білігінің мықты, сауатының мінсіз болуын тексеріп қана қоймай, мінез-құлқының көркем, кез келген эмоционалдық жағдайға төзімді болуын талап етеді. Осындай үлкен іріктеуден өткен судьяларды биік лауазымға Президенттің тағайындауы да аса жауаптылық.

Сот реформалары бүгінге дейін бір сәт те үзілген жоқ. Мамандандырылған соттардың құрылуы, жаңа азаматтық, қылмыстық, әкімшілік заңнамалар базасы жетілдірілуі, алқабилер институтының енгізілуі – сол жаңашылдықтардың бір парасы. Соның ішінде заман талабына сай қолданысқа енгізілген ақпараттық және технологиялық жетістіктердің орны бөлек. Осы оң өзгерістердің нәтижесінде 2014 жылдан бастап барлық сот отырыстары жүз пайыз дыбыс-бейнежазба арқылы жүргізіледі. Бұрын сотқа арыз әкеліп, анықтама алу үшін азаматтар ұзын-сонар кезекке тұрып, біршама уақыт жоғалтатын. Ал қазір бұл мәселелермен сотқа арнайы келудің қажеті жоқ. Бүгінде сотқа түсетін талап арыздарды онлайн қабылдау үшін «Сот кабинеті» бірыңғай сервисі іске қосылды. Жаңа технологияның қызметімізді жеңілдеткені соншалық, кезінде қолданыстан шығару мүмкін еместей көрінген сот отырысының хаттамасы енді электронды түрде жүретін болды. Машинкамен жұмыс жасаған судьялар компьютерді тез меңгерді. «Сот кабинетінің» тиімділігін тұтынушылар да көріп, біліп, жақсы бағалап отыр. Өйткені, бұл сервис үйден, кеңседен ұзамай-ақ өз құжаттарын сотқа жолдауға, қажетті анықтама, сұраныстарды осы сервистің көмегімен қашықтан алуға жол ашты. Сот кабинетінің қолданысқа енгізілуімен төрелік алаңындағы талай түйткіл шешілді. Әуре-сарсаң мен өкпе-реніш жойылды.

Қағазсыз құжат айналымы, онлайн соттар сот жұмысын да оңтайландырып, судьялар жүктемесін азайтуға, сот хатшыларының жұмысын жеңілдетуге айтарлықтай әсерін тигізді. Мысалы бұрын сот хатшылары бүкіл сот процесін қағазға түсіріп, әр куәгердің, әр тараптың сөйлеген сөзін қаттауға міндетті енді. Енді сот хатшыларына істің қысқаша мазмұнын, қатысушылардың аты-жөнін жазып, сот отырысы толықтай түсірілген дыбыс-бейнке таспаны бірге рәсімдесе болғаны. Таспа мұрағатта сақталатындықтан, тараптар өздеріне қажет болғанда оны сұратып алып қайта көріп, тыңдауына, сараптауына жол ашық.

ІТ-технологияны жан-жақты қолданып, жаңашылдықты енгізудің арқасында еліміздің сот жүйесі әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясы кезінде де кедергісіз жұмыс жасай алды. Өзге салалар үйге қамалып, жұмысын тоқыратып алғанда жаңа технологияны жетік меңгеріп, онлайын сот отырыстарын өткізуге әбден төселген сот құрылымы жұмысын бір сәт те тоқтатқан жоқ. Азаматтар әдеттегідей арыз-шағымын «Сот кабинеті» арқылы онлайн жіберді. Төтенше жағдай орын алғанға дейін республика соттарында күніне 150 онлайн-процесс өтетін болса, карантин кезінде қашықтан өтетін процестер саны күніне шамамен 4,5 мыңнан асып тұрды. Әрине, еліміздегі ғаламтордың нашарлығы, азаматтардың онлайн сотқа қатысу тәртібі мен мәдениетін білмеуі біраз қиындықтар тудырғаны рас. Алайда, бұл мәселелер де сот қызметкерлерінің тынымсыз түсіндіру шараларының арқасында оң нәтижесін берді.

Сот жүйесіндегі цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстардың жетістігіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республика судьяларының VIII съезінде оң бағасын берді. Төрт жылда бір рет өтетін судьялар съезі де сол кезде карантин жағдайына орай, жоспарланған уақытта онлайн түрде кедергісіз өткен еді. Ақпараттық технология ұсынған мүмкіндіктердің арқасында Президентімізден бастап, шетелдердегі әріптестер мен барлық өңір соттары, делегаттар құрылтайға онлайн қатысты. Осы жиында шетелдік әріптестер де қазақстандық соттың жаңа технология жетістіктерін енгізу бойынша атқарған жұмыстары мен олардың нәтижелеріне таңданыс білдірді.

Әрине, тек заңымызбен, технологиялық құрылғыларымызбен ғана тиімді, тәуелсіз сот құру мүмкін емес. Ең бастысы бізде сотта еңбек ететін мамандардың білікті болуы, шеберлігін шыңдауына, адамдықтан аттамай, халықпен етене жұмыс істеуіне басымдық берілетінін атап өтуіміз керек.

Exit mobile version