29-10-23 |
4940 рет қаралған
Сот актілерін орындау – міндет.
Сот актілерін орындау – міндет

Қоғамымызда қордаланып, шешілмей жүрген мәселе өте көп. Соның бірі сот шешімінің жылдар бойы орындалмауымен тікелей байланысты. Бұған не себеп және кім кінәлі? Сот шешімін орындауда қандай жұмыстар жүргізіледі? Ал орындалмай жатса, жауапкершілік қандай? Бұл күнделікті алдымыздан шығатын сауалдар.  

Жалпы тараптар сотқа бекерден бекер жүгінбейді. Құқығы тапталған соң, бостандығы шектелген соң соттан көмек сұрап, әділдіктің орнағанын қалайды. Тараптарға тең мүмкіндік ұсынып, дәлел-дәйегін зерделейтін сот алаңында істі қарау да оңай емес. Бұл тараптардың талай уақытын кетіреді, қаржысын кетіреді, жүйкесіне салмақ салады, отбасының, жұмысының берекесін кетіреді. Ал енді осындай зор тауқыметпен қолға тиген сот актісінің дер кезінде орындалғанын кез келген азамат қалайды. Еліміздің  Конституциясына сай сот шешімі мінсіз орындалуы керек. Өйткені шешім сонысымен құнды. Алайда, құзырлы органдардың жүгінушілер көбінесе сот шешімінің әлі қозғалыссыз тұрғанын, орындалмай жатқанын айтып ренішін білдіреді. Маңғыстау облысының кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының  төрағасы Жаңылхан Жүсіпованың айтуынша, соттың шешімдерін, кез-келген сот актісін, қаулыларын Қазақстан территориясында заңды тұлға да, жеке тұлға да орындауға міндетті. Сот шешімін орындамағаны үшін еліміздің Қылмыстық кодексінде де, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде де жауапкершілік көзделген. Мысалы, сот актілерін тиісті дәрежеде орындамағаны үшін айыппұл түрінде немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу сияқты шаралар қолданылады. Бұл шаралар сот шешімін орындауға міндетті тұлғаға белгілі бір әсерін бермеген жағдайда, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қылмыстық жауапкершілік қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу, ең ауыры бас бостандығынан айыру түріндегі жазалар түрінде қолданылады. Сот әділдігіне деген, мемлекет беделіне деген сенім төмендемеуі үшін кез-келген сот актісінің орындалуы қадағалануы тиіс. Шешім шықты болды дегенмен шектелмей,  соттың шешімін орындау жауапкершілігін жеке сот орындаушылар палатасына  жүктеп, орындалуын қадағалау керек.

Жаңылхан Талапбайқызының айтуынша, Маңғыстау соттарында соңғы жылдары балаларға қатысты даулар өте көп. Соның ішінде балалардың тұрғылықты жерін айқындау мәселесіне келсек, мұндай даудың туындауының бірнеше себебі бар. Ол біріншіден әкелердің тым белсенділігі болса, екіншіден әйел адамдардың, статистика көрсеткендей, алаяқтық қылмыстармен сотталуына тікелей байланысты. Оның ішіне қаржылық пирамида, пәтер немесе жер алып беремін, жұмысқа орналасуға көмектесемін деп елді алдаған әйелдер 3 жылдан 5 жылға дейін, болмаса одан да көп мерзімді арқалап түзеу мекемелеріне кетеді. Сол кезде балалардың жалғыз қамқоршысы әкесі болады және олар бала тәрбиесімен айналысу мәселесін көтереді. Көлемі жағынан кіші деп есептелген  Маңғыстау облысының өзінде мұндай жағдайлардың жиілеп кетіп отырғаны  осындай жағдайлармен байланысты.

Сол сияқты білім бөлімінің тарапынан жүзеге асатын қорғаншылық-қамқоршылық органдарының жұмысы да белсенді қызмет етеді. Бірақ кейбір адамдар бұл саланың қызметін сот шешімі сияқты қабылдамайды. Шешімді ала тұра, орындау керектігін біле тұра, орындауға тырыспайды. Соның салдарынан екінші тарап, яғни баласын көргісі кеп жүрген әкесі қарасыздықтан сотқа жүгінуге мәжбүр болады. Соттар өз кезегінде соттың шешімін шығарып, соттың атқару парағы деген құжат беріледі. Осы құжатты қолына алған тарап сот орындаушыға барады. Ал баласын көрсеткісі келмеген әйелдер сот актісіне бағынбайды, сөйтіп мұның соңы ювеналдық полиция, педагог-психологтарды қосып, арты үлкен дауға айналып кетеді. Бүгінде ювеналдық соттарда 100 пайыз іс қаралса, соның 90 пайызы қорғаншылық-қамқоршылық ұйымының шешіміне риза болмай, сотқа жүгінгендерден түседі.

Баланың тұрғылықты жерін анықтаудағы ерекшеліктердің бірі анасының қамқорлығында қалған баланы әкесінің өз қарамағына алғысы келетін ниетімен байланысты. Бұл жерде баланың да психологиясына теріс әсер ететін факті көп. Өйткені мұндай арызбен жүгінген әкелер баланың өзіне келгісі келетіндігін, әйтсе де анасының қарсы қойып отырғандығы салдарынан кездесе алмай отырғандықтарын жеткізеді. Бала психологпен жұмыс жасау барысында да нақты тұжырым айта алмайды. Екі оттың ортасында қалып тұрғанын сезген баладан мүлдем суырып сөз ала алмайтын жағдай көп. Осы кезде сот барлық жағдайларды ескере отырып, материалдық жағдайлары, жұмыс режимін саралай келе, шешім қабылдайды. Енді сот шешімі шықты делік, ал ол орындалуы керек.  Орындалуға келген кезде, анасы «міне бала, алып кете беріңіздер» дегенімен, алдын-ала баланың құлағына не түрлі нәрсені құйып қойғандықтан, ол не анаммен қаламын не әкеммен кетемін деп ашып айтпай, үнсіздік әлеміне еніп алады. Сот орындаушылар психологтарды салып, ювеналды полиция қызметкерлерін қосқанымен, іс нәтижесіз болып жатады. Баланың пікірі негізге алынатын болғандықтан, бұл жерде баланың психологиясына қарай отырып, іске өте мұқият болу керек.   

Сот актілерінің орындалуына қатысты мәселенің барын Маңғыстау облысының жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының сот орындаушысы Ербол Кетебаев та мойындап отыр. Ербол Ерманұлының айтуынша, атқару параға түсіп, іс сот орындаушыларға өткеннен кейін, ең бірінші тараптарға соттың шешімін түсіндіріп, қарсылықтары болса тыңғылықты тыңдалады. Осындайда байқалатыны – баласын бергісі келмеген аналар баласын жасыруға мүмкіншілік іздейді. Мысалы «бала қазір үйде емес, ата-әжесіне қонаққа кеткен» деген сияқты желеумен ұл-қызын көрсетпеуге тырысады. Атқару парағында жауапкер болып әкесінің тегі көрсетілсе, тұрғылықты жері бойынша шара қолданамыз. Түсініктеме жұмыстары жүргізіліп, түсініктеме алынғаннан кейін, жеке сот орындаушылар баламен сөйлеседі. Анасымен болмаса әкесімен көп уақытын өткізген бала жасқаншақтап, ашық сөйлесуге бата алмайды. Сондай кездерде қаулы шығарып, психолог тағайындалады. Ол мамандардың баламен сөйлесу уақыты 40 минуттан. Осындай 4-5 кездесуден кейін ғана психологтар баланың қалауын білуге мүмкіндік алады. Көбінесе жазбаша түрде қорытынды шығарып, «баланың ойы өзінікі емес» дегенді айтады. Яғни әбден үйретілген. Сондай кезде ювеналдық және учаскелік полицияның көмегімен мәжбүрлі түрде баланы қайтарамыз.

«Мұндай жағдайдың орын алуынан ешкімнің ештеңесі кетпейді, ортада зардап шегетін тек қана бала. Оның бүкіл психикасына, ойлауына, дамуына балта шабамыз. Суицидке дейін әкеліп жатқан жағдаяттар қаншама» дейді Ербол Кетебаев.

Ербол Ерманұлы алиментке байланысты мәселенің де өзекті екенін алға тартты. Алимент – айықпас дерт. Қылмыстық кодекске сәйкес алимент төлемеген тұлғаға қоғамдық жұмыс түріндегі және 2 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалады. Мұнымен көбіне әйел адамдар келіспей, жазаны өте жеңіл деп жатады. Алиментті төлеуді бір тыңғылықты жолға қою үшін, жазаны да көтеру керек сияқты. Алимент ала алмай, балаларына нан таба алмай шырылдап жүрген аналар жетерлік. Соттың табалдырығын тоздырып, сот орындаушылардың соңында жүрген де осы әйелдер қауымы. Балаға немқұрайлы қарап, көмек қолын созудан бас тартқан әкеге сот орындаушы не істейді? Сондықтан, бала алдындағы әкелер жауаптылығын көтерудің заңдық тетігін әлі де қайта қараған артықтық етпейді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.