arasha.kz

Сот актісі халыққа түсінікті болуы шарт

Сот жүйесі соны реформалардан кенде болған емес. Жыл сайынғы Президент жолдауларын, мемлекеттік бағдарламалардағы негізгі басымдықтарды негізге ала отырып қолға алынған бастамалардың орта жолда қалғаны жоқ. Қоғамның талап-тілегін ескере отырып енгізілген жаңашылдықтарда заң үстемдігін арттыру, халықтың құқығы мен мүддесін сапалы қорғау мақсаты тұрды. Соның ішінде сот актілерінің түсініксіз жазылуы, заң терминдерінің күрделілігі, шешім, үкімдердегі шұбалаңқы сөйлемдер халықтың сот жұмысы мен судьялардың біліктігіне қатысты теріс көзқарасын туындатқан еді. Сот актілерін жазудағы бірізділіктің жоқтығы, заңдар мен терминдерді қолдануды тараптар сауатын ескеру керектігі судьялардың өз арасында да талай талқыланған болатын. Ақыры Жоғарғы Соттың мұрындық болуымен қылмыстық іс жүргізудегі, азаматтық іс жүргізудегі процестік құжат үлгілерінің жинағы әзірленіп шықты.

– Бұл жинақтың қажет екені сот қызметкерлері арасында бұрыннан айтылып, жазылып жүрген еді. Өйткені, тараптар айыптау актісіндегі салақұлаш сөз тіркестерінің, ұзын-сонар сөйлемдердің сот актісінде айна қатесіз көшіріліп берілетініне реніштерін білдірген болатын. Егер мұндай пікірді бірді-екілі адам айтса, ешқандай талас тумайды. Ал республиканың түкпір-түкпірінен сот актісінің түсініксіздігіне, қатенің көптігіне шағым берушілер санының артуы бұл бағыттағы жұмыстарға жаңаша көзқарас, өзгеше ізденіс керек екенін көрсетті, –  дейді Жоғарғы Сот өкілі Нұргүл Қарағойшина.

Осылайша судьялар қателігінің алдын алуға көмектесетін, бірыңғай тәжірибе қалыптастыруға мүмкіндік беретін сот актілерінің жинағын әзірлеу мақсатында Жоғарғы Сотта кешенді жұмыстар қолға алынды. Бұл жұмысты сапалы атқаруға Жоғарғы Соттың тәжірибелі, ең білікті судьялары топтастырылды. Осы судьялар республиканың әр аймағындағы сауатты жазылған, сөзі мен құжаттағы талаптары толық ескерілген үздік үкімдерді жинастыра бастады. Соның арқасында сот үкімдері бойынша республика судьяларына көмекші құрал ретінде пайдаланылатын маңызды жинақ көпшілікке ұсынылды.

Сот актісі – сот төрелігіндегі судьялардың атқаратын қызметінің түйіні. Бұл азаматтардың әділдік пен құқықтық қалауы бойынша қабылданатын пәрменді құжат. Сондықтан сот актілерін дайындау процесіне бейжай қарауға, салғырттықпен сапасыз дайындауға жол берілмейді. Осы уақытқа дейін сотқа қатысты айтылған сын-ескертпелердің көпшілігіне осы сот актілерін дайындаудағы жүйесіздік, шұбалаңқы, мағынасыз жазылған мәтін, ешкімге түсініксіз заң терминдерінің үздіксіз қолданылуы теріс әсерін тигізіп келді. Құқығым қорғалады, әділдік салтанат құрады деп қаншама уақыт сот отырыстарымен әуре болған, осы аралықта уақытын, қаржысын, жүйкесін жоғалтқан азаматтар сот актісін үлкен үмітпен, тағатсыздана күтетіні шындық. Ал осы көптен күткен құжатты қолына алғанда өзіне түсініксіз мәтіннен ештеңе түсіне алмаған қарапайым азаматтардың сотқа деген сенімі азаяды.

Ал жаңа жинаққа кез келген судьяға бағдар берер басты талаптар тәптіштеліп жазылып, республикадағы ең мықты, сауатты жазылған сот актілері іріктеліп ұсынылды.

Мұндағы басты талап – сот актісінің қарапайым азаматтарға мейлінше түсінікті болуына негізделген. Өйткені бұл құжат адамдар үшін шығаралады. Осы құжат тапсырылып отырған азаматтардың барлығының заңнан, заң терминдерінен хабары жоқ. Әрі олар өзіне түсініксіз құжаттарды түсінуі үшін сөздік ақтарып, ғаламторды қарап отыруға міндетті емес. Осы тұрғыдан алғанда сот актісі – тек судьяның құзыретінің көрсеткіші, еңбегінің жемісі, сауаттылығы мен білімінің белгісі ғана емес, өзінен үміт етіп отырған халыққа жанашырлығының көрінісі де болып табылады. Әрбір ата-ана баласына ұғынықты болуы үшін қажет дүниені қаншалықты қарапайым, ұғынықты тілмен түсіндіруге тырысатын болса, әрбір судья да тараптарға сондай жанашырлықпен өз актісін дайындауы тиіс.

Бұл жерде мына мәселені де ескерген жөн. Сот актісінің – пәрменді, мемлекеттік құжат екені белгілі. Сондықтан халыққа түсінікті болсын деген желеумен құжаттың тым қарабайыр, күнделікті айтылатын жаргондар, диалекті сөздерді қолдануына тыйым салынған. Үкімнің мемлекеттің атынан шығарылуы, маңыздылығы судьялардан оның заңды және негізді болуы үшін ерекше жауапкершілік сезінуді талап етеді. Соған орай, үкімді дайындаған кезде заң техникасын және сот актілерін жасау параметрлері мәселелерін регламенттейтін сот жүйесінің ішкі құжаттарын басшылыққа алу қажет. Үкім сот ісін жүргізу тілінде, мағынасы бірдей сөздерді қайталамай, шексіз, ұзақ сөйлемдерсіз, анық, түсінікті түрде жазылуға тиіс. Үкім дәйекті түрде жазылады, ондағы әрбір жаңа жағдай алдыңғы жағдайдан туындап, онымен логикалық жағынан үйлесімді болуға тиіс. Қаралып жатқан іске қатысы жоқ оқиғаларды сипаттауға, анық емес тұжырымдарды, ресми құжаттарда қолданылмайтын қысқартулар мен сөздерді қолдануға жол берілмейді.

Үкiм кiрiспе, сипаттау-уәждеу және қарар бөлiмдерінен тұрады.

Сот актілері азаматтарға түсінікті болуы үшін әзірленген жаңа типтік нысанда  құжаттың үлгісі, негізгі талаптары жан-жақты айшықталып отыр. Сонымен бірге, осы талаптың жалғасы ретінде судьялардың өзі шығарған сот шешімін сот отырысында жариялағаннан кейін тараптарға не себептен нақ осындай шешім қабылданғанын түсіндіруі міндеттелген. Осы мүмкіндікті пайдаланған тараптар судьяға өзіне түсініксіз мәселелер бойынша сауалдар қойып, көңіліндегі күдіті сейілтуіне мүмкіндік алған. Мұндай ашықтық, өзара диалог процесске қатысушылардың сот актісімен келіспеушілігін, судьяларға қатысты ренішін азайтады.

Сот актілерінің түсінікті жазылуы мен дер кезінде, созабалаңға салынбай орындалуы өзектілігін жоймайтын мәселе. Бұл бағытта сапалы нәтижеге қол жеткізу қоғамның сотқа деген көзқарасын түбегейлі өзгертудің басым бағыты болып табылады. Сондықтан да сот реформасында сот актілерінің сапасы мен жедел орындалуына қатысты тетіктер үнемі жаңартылып, жаңғыртылып келеді.

Әрбір шығарылған сот актісі заңды әрі негізді ғана емес, қатесіз, түсінікті, оқуға ыңғайлы болғаны абзал. Сот актілерінің сапасының жоғары болуы маңызды. Себебі, сот актісінің сапасына қарап халық тек судьяның еңбегіне ғана емес, бүкіл сот жүйесіне баға беретінін ұмытпауымыз керек.

Exit mobile version