07-05-18 |
6640 рет қаралған
Сот шешімі неге орындалмайды?.
Сот шешімі неге орындалмайды?

Соттың әділдікті қалпына келтіретін соңғы инстанция екені рас. Сондықтан, азаматтар өзінің бұзылған құқын сот арқылы қорғайды. Әрі даудың заңды шешімін табатынына сенеді. Алайда, шешім шыққанымен, оның орындалуын бақылау соттың тікелей құзырында емес. Атқару парағының орта жолда орындалмай қалуының бір себебі осында.

Сот актілерін дер кезінде орындату мәселесі әлі күнге дейін өзектілігін жоймай келеді. Заңды тұрғыдан қарар болсақ, шешімнің орындалуы – мемлекеттік мекеменің тиімді жұмысының бағасы іспеттес. Оның нәтижесіне қарап сотың да, сот орындаушылардың да жұмысына қатысты пікір қалыптасады. Былай қарасақ, жыл сайын азаматтық істер бойынша миллиондаған соманы мемлекет кірісі мен жеке тұлғаларға өндіру туралы шешімдер қабылданады. Бірақ, қаншама жұмыс жүргізілгенімен, қаражатты қайтартудағы нәтиже көңілден шықпайды. Мұның түрлі себебі бар.

Біріншіден, борышкерлерде өз қателігін түсініп, қарызын қайтарсам деген қарапайым жауаптылық жоқ. Сот шешіміне жүрдім-бардым қарайтындар қарызын төлеуді емес, керісінше, төлемеудің амалын ойлап жүргендей әсер қалдырады. Оларға берешекті өндіртудің пәрменді құралдарын қолданған орынды.

Екіншіден, борышкерлердің көпшілігі төлемді қайтаруға қабілетсіз. Ондай азаматтар жұмыссыздықтың салдарынан қарызын жамап, бас көтере алмай жүр. Шарасыз адамға ескерту беріп, екіленгеннен ештеңе өнбейді. Сондықтан, сот орындаушылар әкімшілікпен, жеке кәсіпкерлермен бірігіп, азаматқа жұмыс тауып берудің амалын жасағаны, айлығының белгілі бір бөлігін қарызын қайтаруға міндеттегені жөн. Бұл өзекті мәселеге мемлекет тарапынан да жіті көңіл бөлініп отыр.

Ел Президентінің бес институционалды реформасының бір бағыты «Заң үстемдігін қамтамасыз етуді» көздейді. Соған орай, заңды күшіне енген сот актілерінің дер кезінде орындалуына  да терең талдау жасалған. Шындап келгенде,  барлық мемлекеттік билік органдары, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, қоғамдық ұйымдар, лауазымды тұлғалар сот актілерін қатаң орындауы тиіс. Сот актілерін орындамау, сонымен бірге сотқа құрмет көрсетпеу заңмен көзделген жауапкершілікке әкеп соғады. Атқару құжаттарына қатысты түйткілді шешу үшін Қазақстан Республикасының «Атқару өндірісі және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Соған сәйкес,  мемлекеттік сот орындаушылар мен жеке сот орындаушылардың өкілеттіктері айтарлықтай бөлінген.

Осы заңның 33-бабына сәйкес борышкер болып табылатын жеке тұлға, заңды тұлғаның лауазымды адамы (оның міндетін атқарушы) атқарушылық құжаттағы талаптарды дәлелсіз себептермен белгіленген мерзімде орындамаған жағдайда сот орындаушысы борышкердің Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу туралы қаулы шығаруға құқылы. Жаңа өзгеріске сай құзыреті кеңіген сот орындаушылар мен жеке сот орындаушылары атқару қағаздарының діттеген мезгілде орындалуына мүдделік танытуда.

П.Омарова,

заңгер

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.