arasha.kz

Сотталғандарды жұмыспен қамту жолға қойылмақ

Елімізде түрме тұрғындарының саны азайып келеді. «Колониядағы еңбекпен қамту» атты түрме реформасының екінші форумында көрсетілген деректерге сенсек, Қазақстандағы түрмеде жазасын өтеушілер қатары бүгінгі таңда 4 пайызға кеміген. Яғни, түрме тұрғындарының саны екі мыңдай адамға азайған екен. Алайда, бұл көрсеткіш елімізде жасалып жатқан қылмыстардың азайғанын көрсетпейді. Ол соңғы жылдары жүргізіліп жатқан қылмыстық жазаны ізгілендіру бағытындағы шаралардың нәтижесі болып отыр.

Мәселен, биылғы жылдың өзінде судьялар тағайындаған баламалы жазалар қатары 65 пайызға жетіпті. Ал, бас бостандығынан айыру жазасы барлық тағайындалған жазаның 35 пайызын құраған. Бұл кеңестік кезеңнің өзінде болмаған ел тарихы үшін рекордты көрсеткіш. Яғни, еліміз халықаралық талаптарға сай қылмыскерлерді түрмеге қамауды  оларға қолданылатын жазаның ең соңғысы етуге біртіндеп жақындап келеді.

Биыл сотталғандардың 26 пайызы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылып және жазалары бас бостандығына қатысты емес басқа шараларға ауыстырылыпты. Сотқа дейінгі мәмілеге келушілік қатары да төрт пайызға өскен. Егер 2012 жылы сотқа дейін бітімге келушілердің қатары 10 мың болса, әлі аяқталмаған үстіміздегі жылы 40 мың қылмыстық іс сотқа дейін қысқартылған. Сонымен қатар тергеу кезінде тұтқындау 11 пайызға азайып отыр. Бұл прокурорлардың тергеу кезінде тұтқындаудың орнына кепілдік алуды көбірек таңдауы арқасында мүмкін болды. Биыл мұндай шара былтырғыдан 268-ге өсіпті. Енді болжам бойынша алдағы екі жыл ішінде еліміздің түрме тұрғындары бойынша индексі  10 позицияға арту керек.

Бұған жаңадан қабылданып отырған қылмыстық заңнамаларда тиісті мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Соның бірі электронды білезік арқылы түрме тұрғындары санын азайту. Электронды бақылау тағайындайтын қылмыскерлер тобы үш есеге көп. Бұл шара сотталғандарды түрмеде ұстаудың шығынын әлдеқайда қысқартады. Мәселен, осындай шараны қолданып отырған Францияда ол қаржы тоғыз, Англияда он бір, Швецияда қырық бес есе азайыпты.

Қазақстанда электронды білезік шығарылмайды. Ол шетелдерден сатып алынады. Сондықтан, электронды білезікті сатып алудан гөрі, оны өзімізде шығару әлдеқайда тиімді болмақ. Бүгінгі таңда осы шаруамен Инвестиция және даму министрлігі айналысып жатыр.

Түрмеде жұмыспен қамтылғандар санын 2018 жылға қарай 75 пайызға дейін арттыру да үлкен мақсаттың бірі. Халықаралық түрме реформасы әзірлеген «Түзеу мекемелеріндегі жұмыспен қамтамасыз ету» жобасы тиісті заңнаманы жетілдіруді және түрмеде еңбекті ұйымдастыру тәжірибесін, түзеу мекемелерінің өндірістік базасы мен оқу жүйесін дамытуды, бизнес құрылымдарын тартуды көздейді.

Біздің елімізде сотталғандарды жұмыспен қамту шараларында проблемалар  аз емес. Мәселен, бүгінгі нарықтық экономика жағдайында бұл мәселені тиімді шешудің бірден-бір жолы жеке меншік және мемлекеттік ұйымдар әріптестігі негізінде өндірістерді дамыту қажет болса, көптеген бизнес өкілдерінің бұған ынтасы жоққа тән болып отыр. Мамандардың айтуынша, мұның себебі ең алдымен олардың сотталғандармен қоян-қолтық жұмыс істеуге жүректерінің дауаламайтындығында болып тұр. Кәсіпкерлер үшін темір торды көрудің өзі психологиялық қиын жағдайға тірейді. Мұның өзі қоғамның сотталғандарға деген көзқарасын өзгерту бағытында моральдық-психологиялық тұрғыда ауқымды жұмыс жүргізуді қажет етеді.

Сонымен қатар электронды білезік мәселесінің де тиімділігіне күмән артушылар аз емес. Бұл құрылғы қаншалықты өз тиімділігін береді? Кейбір қылмыскерден түрмеде ұстап отырып көз жазып қалып жатқанда, оларды білезікке сеніп бос жіберудің ақыры не болмақ? Жазалар ізгілене бастаған уақыттан бері қылмыс қатарының үш есе артып кетуінің өзі біздің бұл мәселеде менталитеті бөлек, салты басқа елдерге ереміз деп асығыстық жасап отырғанымызды көрсетпей ме? Құзырлы ұйым өкілдері қоғамда туындап отырған осындай күмәндарды барынша сейілтуге тырысты. Дегенмен, бәріне уақыт төреші екені ақиқат. Алайда, қылмыспен күрестің ең тиімді жолы оның алдын алу екені ақиқат. Бүгінгі таңда түрме тұрғындары тұрмақ, бостандыққта жүргендерді жұмыспен қамту өзекті мәселе болып тұрғанын, ал оның небір құқық бұзушылыққа себеп болып жатқанын ескеру қажет-ақ.

Е.Құрманғали

Exit mobile version