30-10-23 |
2020 рет қаралған
Судья еңбегі лайықты бағалануы керек.
Судья еңбегі лайықты бағалануы керек

Судьялар тәуелсіздігіне кепілдік беретін тетіктерді назардан тыс қалдырмау – мемлекет үшін де, азаматтар құқығын қорғау үшін де маңызды.   Кейбір азаматтар судьялар мәртебесін көтеру дегенге тосырқай қарайды. Тіпті, «неге тек судьялардың мәртебесін көтеру керек?» деп ренжитіндер де бар. Азаматтар бұл сөздің маңызын тек сотқа ісі түскенде ғана біледі.

Заң ғылымдарының кандидаты, «BOLASHAQ» академиясының Құқық және қаржылық пәндер кафедрасының доценті Жанна Cейдалинаның айтуынша, судьялардың еңбекақысына қатысты ұсынысты азаматтар жылы қабылдай қоймайды. Тіпті бұқаралық ақпарат құралдарында судьялардың еңбекақысы мен зейнетақысын қарапайым жұмысшылардың, зейнеткерлердің табысымен салыстырып, айырмашылықты өзгеше түсіндіретіндер бар. Бұған қоса, «неліктен судьяларға жоғары жалақы төленуі керек? Неге оларға жақсы зейнетақы берілуі тиіс?!» деген қитұрқы сұрақ тастап, ұшқары пікір айтатындар жетерлік. Мұндай пікір айтушылар «Арзан сот мемлекетке қымбатқа түсетінін» түсінгісі келмейді.

Жанна Сейдалинаның пікірінше, жоғары кәсіби біліктілік, жауапты жұмыс лайықты бағаланып, сәйкесінше табысы да жоғары болуы қажет. Адам өз жұмысын биік стандарттар мен талаптарға сәйкес, жоғары моральдық ережелерді сақтай отырып жүзеге асыруы үшін, жеткілікті түрде материалдық жақтан ынталандырылуы, толық қамтамасыз етілуі маңызды. Өйткені азаматтардың өз жұмысын сапалы орындауына жеке басының жауаптылығы мен адами қасиетінің биіктігі ғана емес, жұмысының лайықты бағалануы, жоғары жалақысын сақтап қалсам деген ниеті түрткі боп жатады. 

Сондықтан мемлекет алдына қойылған міндеттерді өз деңгейінде іске асыру үшін, осы жұмысты жүзеге асыратын адамдардың еңбегіне сай ақы төлеу және әлеуметтік қамсыздандыру бойынша пәрменді, тиімді шаралар қабылдауы тиіс. Қалыпты жұмыс істейтін Сот билігі тұтастай алғанда мемлекеттік биліктің тұтастығы мен тиімділігінің кепілі болып табылады.

Судья – мемлекет өкілі, оның іс-әрекетіне қарап жалпы билікке баға беріледі. Сондықтан, судьяның бет-бейнесі, болмысы туралы айтқанда, оның қарапайым «өндірістік сала» қызметкері емес екенін, жоғары билік өкілеттігі бар шенеунік екенін ұмытпаған жөн. Судьяның құқығы да соншалықты көп емес, бірақ мантиямен бірге қабылдаған шектеулері жеткілікті. Мұндай жұмыс лайықты бағалануы керек және қызметінде де, одан кейін де әлеуметтік жақтан толық қорғалғаны абзал. Әрі бұл негізсіз, әшейін айтыла салған базына емес.

Жоғарғы Соттың отставкадағы судьясы Өмірсерік Қожабаев та халықаралық тәжірибелерді зерттеп, уақыт елегінен өткен нәтижелерге сүйене отырып қызметтегі судьялардың ғана емес, доғарысқа шыққан судьялардың еңбегі де лайықты бағаланбай келе жатқанын алға тартып отыр.      

Өмірсерік Қожабаевтың айтуынша, біздің елімізде әлеуметтік құқықтың жалпы талаптарына сай, ерлердің 63 жаста, әйелдердің 61 жаста зейнетке шығатыны бекітілген. Алайда бұл талапты судья лауазымына қолдану қате. Себебі Қазақстан АХҚО шеңберінде республика аумағында тұрақты жұмыс істейтін сотқа 90 жастан асқан британдық Лорд судьяларды тартуда. Ал біздің көршілеріміз Ресей Федерациясында судьяның шекті жасы 70 деп белгіленген.  Шындығында нағыз тәжірибесі толысып, шеберлігі қалыптасқан уақытта судьяларды отставкаға жіберу көңілге қонымсыз. 

Отставкадағы судьяларлардың бірі М.Ммырбаевтың судьяның кәсіби қызметін атқару барысында денсаулығына келген кінәраттың орнын толтыру туралы көтерген мәселесі де өзекті. Әрине, өз қызметін атқару барысында сырқатқа шалдыққан судьяға өтемақы төленуі мүмкін екені «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» заңның 54-бабында көрсетілген. Алайда, бұл норманы іске асырудың нақты механизмі жасалмаған.  Содан болар, мұндай жағдайға байланысты қалыптасқан статистикалық дерек жоққа тән.  Ал бұл судьялардың кәсіби ауруының жоқтығының нақты көрінісі емес, керісінше, сот төрелігін жүзеге асыратын адамдардың кәсіптік ауруын белгілеу тәртібі мен негіздерін құқықтық реттеудің болмауының салдары.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 9-бабына сәйкес, кәсіптік аурудың еңбек (қызметтік) міндеттерін орындаумен байланысын белгілеу сараптамасының қағидаларын әзірлеу және бекіту халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға жүктелген.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-301/2020 бұйрығымен кәсіптік аурудың еңбек (қызметтік) міндеттерін орындаумен байланысын анықтау сараптамасының тиісті қағидалары бекітілген. Алайда, 1-қосымшада және ереженің өзінде, оны зерттеу нәтижелері бойынша, тек бір-екі жұмыс түрі судьяның жұмысына кәсіби сараптама жасауға мүмкіндік береді. Олар пернетақтадағы есептеу машиналарында жұмыс істеу (132) және компьютердегі жұмыстың көру қабілетіне әсері, содан кейін прогрессивті миопия жағдайында. Ал жоғары психоэмоционалды жүктемелер, судьялардың жүктеме нормативтерінің жоғарылауы құқықтық реттеуден тыс қалған. Осыған байланысты, жұмыс орнында инфаркт, қан кету және т.б. нәтижесінде судьяның кенеттен қайтыс болуына, сондай-ақ отставкадағы судьялар денсаулығының нашарлауына мамандықтың (еңбек қызметінің) тікелей әсері бары есепке алынбайды.

Судьялардың еңбек жағдайларының санитарлық-эпидемиологиялық сипаттамасы жасалмаған. Осыған байланысты Ереженің 2-тармағы 6) тармақшасында талап етілгендей, аурудың еңбек міндеттерін орындаумен байланысын белгілеу туралы қорытындыда өндірістік факторлардың ықпалын анықтау мүмкін емес. Соның ішінде: кәсіптік аурудың еңбек (қызметтік) міндеттерін орындаумен байланысын белгілеу сараптамасы аурудың клиникалық көріністері арасында байланыстың болу не болмау себебін айқындауы, медициналық тексерудің нәтижелері, пациенттің кәсіби бағыты және өндірістік факторлар санитариялық-эпидемиологиялық еңбек жағдайларының сипаттамасы назардан тыс қалып келеді.

Судьялардың еңбек жағдайымен тікелей байланыс туралы ереженің болмауына байланысты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы жоғарыда аталған бұйрығын судьяларға қолдану мүмкін емес.

«BOLASHAQ» академиясының Құқық және қаржылық пәндер кафедрасының доценті Жанна Cейдалина судьяның жұмысы күрделі интеллектуалды еңбек қызметі екенін, өйткені міндеттері алуан түрлі, сондай-ақ жұмыс барысында көңіл-күйге теріс әсер ететін фактілер көп екенін алға тартып отыр. Ғалымның пікірінше еңбектегі ерекше шиеленіс пен жоғары моральдық жауапкершілік, ұзақ мерзімді эмоционалды әсер судья мамандығының стреске толы екенін айғақтайды. Ал мұндай жұмыстың судьяның денсаулығына теріс ықпал тигізері даусыз.

Сондықтан, осы салада қандай да бір зерттеулердің болмауына байланысты мемлекет судьялардың еңбегіне зертханалық және функционалдық зерттеулер жүргізуді ұйымдастырып, сондай-ақ осы мәселе бойынша клиникалық хаттамалардың бар-жоғын тексеруі қажет. Бұл қорытындылар судьяларға қатысты еңбек (қызметтік) міндеттерін орындаумен байланысты туындайтын кәсіби ауруды белгілеу тәртібі мен негіздерін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізуге мүмкіндік береді.

Біздің елімізде соңғы жылдары сот жүйесін трансформациялау, реформалау бойынша көптеген міндеттер жарияланды. Ал олардың сапалы орындалып, оң нәтиже беруі соттар мен судьялар жұмысына жіті көңіл бөлуді талап етеді. Өйткені мемлекет тарапынан кепілдіктер болмаса, сот төрелігінің тәуелсіздігін нығайту, сапасын көтеру мінеттері сөз жүзінде қала бермек.  

         

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.