Республика судьяларының басын біріктіріп, бір мақсатқа ұйытатын бірден-бір құрылым – Судьялар одағы. Қызметтегі қазылар мен доғарысқа шыққан ардагер судьяларға ортақ бұл ұйымның жақсы істерге бастамашы болып келе жатқанына ширек ғасырдан аса уақыт өтті. Осы аралық ішінде одақ пәрмені мықты, сөзін тыңдата алатын, сот саласындағы түйткілді мәселелерді оңтайлы шешуге қабілетті бірегей орталыққа айналды. Ұйым ішіндегі тәлімгерлік мектебінің де орны айрықша. Жылдар бойы жұмысын үзбей жалғастырып келе жатқан тәлімгерлік мектеп аға буын мен кейінгі буын арасындағы байланысты үзбеудің, жастардың тәжірибесін шыңдап, кәсіи шеберлігін арттырудың алтын діңгегіне айналған. Ал Судьялар одағының ұйытқы болуымен әр төрт жыл сайын ұйымдастырылатын съездердің маңызы, мәні айрықша.
Республика судьяларының съезін төрт жылда бір рет елордада өткізу әдемі дәстүрге айналған. Бұл мәртебелі жиында қазылар қауымы үлкен қызығушылықпен, асқан ынтызарлықпен күтеді. Өйткені, съезд сот саласындағы жаңа реформалардың жаршысы, толғақты мәселелерді реттеудің мінбері іспеттес. 1996 жылдан бері үзбей өткізіліп келе жатқан съездер сегіз рет Ақордада сот майталмандарының басын біріктірген болатын.
Мемлекет басшысы бас болып, алыс және шетелдегі әріптестер шақырылып өткізілетін съездерде бостекі әңгіме, қажетсіз ақпарат айтылмайды. Бұл басқосуға келетін қонақтар қаншалықты ыждағаттылықпен іріктелетін болса, съездің биік мінберінен көтерілетін тақырып та өте өзекті, ел үшін, қазақстандық сот үшін аса маңызды болуы шарт. Бүгінгі күнге дейін ұйымдастырылған сегіз съездің де сот саласы үшін орны бөлек. Бұл жиындарда көтерілген мәселелердің де айтылған жерде қалмай жүзеге асқаны, қолданысқа енгізіліп сала жұмысына серпін бергені қуантады.
Мәселен, 1996 жылы өткен алғашқы съезде судьялыққа үміткерлерді іріктеудің тәртібін қалыптастыру, судья әдебіне қатысты талапты қатайту, сот құрылысы мен сот өндірісін ықшамдау, заңнамалық базаны жетілдіру, құқық қолдануда бірыңғай тәжірибеге қол жеткізу мәселесі талқыға шығарылды. Соның нәтижесінде Судья әдебі кодексі қолданысқа енгізіліп, судьялықтан үміткерлерге қойылатын талаптар күшейтілді. Сот практикасындағы кемшіліктерді болдырмау үшін көптеген заңнамалық құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Екінші съездің көтерген мәселесі, қамтыған ауқымы алғашқы съезден де жоғары болды. Астана төріне жиналған қазылар бұл жиында соттарды мамандандыру, судьялардың жүктемесін азайту, процестердің жарыспалылығын қамтамасыз етуге қатысты ұсыныстарын ортаға салып, толғақты дүниелерді шешуге көмектесетін тетіктермен бөлісті. Бұл жиынның да нәтижелі болғанын, қоғам үшін маңызды ұсыныстарды көтергенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Осы съездегі тапсырмаларға сәйкес тәжірибеге енгізілген мамандандырылған соттардың қаншалықты тиімді екеніне жұртшылықтың да көзі жетіп отыр. Жүктемені азайту бағытындағы жаңашылдықтар да сот жұмысын жандандыруға айтарлықтай ықпал етіп келеді. Сондай-ақ бұл съезде соттардың материалдық-техникалық мәселесі толық шешімін тауып, бұған дейін Әділет министрлігінің құзырында болған бұл құзырет Жоғарғы Соттың жанындағы Соттың әкімшілендіру комитетіне берілді. Осылайша сот жүйесінің түбегейлі тәуелсіздігін қамтамасыз ету, материалдық, техникалық қажеттілігін өз ішінде реттеуге қадам жасалды. Бұл съезд сонымен бірге «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңның қабылдануына алғышарт жасауымен де құнды.
Судьялардың ІІІ съезінде алқабилер институты, қылмыстық жазаны ізгілендіру бойынша мәселе көтерілсе, IV съезде сот өндірісін оңтайландыру, судьяларды іріктеу талаптарын күшейту, соттың санкция беру тетіктерін енгізу бастамалары қоғамнан қолдау тапты.
V съездің де сот жұмысын жандандырудағы орны бөлек. Бұл құрылтайда қазылар өауымы тергеу әрекеттеріне соттар тарапынан бақылау жүргізуді кеңейту, медиация институтын дамыту, электронды технологияларды сот жұмысына барынша пайдалану қажеттігін ортаға салды. Оның да нәтижесі жаман емес. Бүгінде сот ғимаратары бейнебақылаумен, сот отырыс залдары дыбысбейне жазу құрылғыларымен жүз пайыз қамтылған. Соттардың құжат айналымы толықтай электронды түрде атқарылады. Дәл осы кезде сот процесіне бейнебақылау жүйесі арқылы қатысуға қадамның жасалуы коронавирус инфекциясына байланысты карантин енгізілгенде сот жұмысын кедергісіз жүргізуге, процестерге қашықтан, онлайн қатысуға мүмкіндік берді.
Судьялардың алтыншы съезінде тергеу соттары, соттар беретін санкция түрлері кеңейсе, VII съезде қазақстандық қазылардың жаңа әдеп кодексін қабылдаудың алғышарты жасалды. Бұл кодекс халықаралық талаптарға сүйене отырып Бангалор принциптеріне негізделген. Маңызды ұсыныстар 2020 жылдың қазан айында өткен судьялардың VIIІ съезінде де талқы тақырыбына айналған болатын. Сот жүйесінің жеті бағдары бойынша қолға алынған жобалардың тиімділігін сөз еткен судьялар осы басқосуда жеткен жетістіктерді әрі қарай жетілдіруге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Қарап тұрсақ, судьялардың сегіз съезінде де жарқын реформалар жасақталып, тәжірибеге енгізілген екен. Мұндағы бастамалардың барлығы азаматтардың құқығы мен бостандығын сапалы, жедел қорғап, сот пен халық арасындағы сенімді нығайтуды, сот пен БАҚ-тың ашық диалогын орнатуды мақсат еткен. Қай съезді алсақ та ашықтық пен теңқұқылық, жеделдік пен сапа мәселесі басты бағдар етілген. Соның арқасында қазақстандық сот тәуелсіздіктің отыз жылында үлкен өзгерістерді басынан кешірді. Бұрынғы сот пен бүгінгі соттың тәуелсіздігі, материалдық-техникалық жақтан қамтылуы салыстыруға келмейді. Судьяларға ықпал етудің, құзырлы орындар тарапынан пәрмен берудің заманы келмеске кеткен. Осының барлығы Судьялар одағының әріптестердің басын бір ұйымға біріктіріп, мәселелерді ашық, жариялы талқылауының жемісі десек шындықтан алыстай қоймаймыз.