Қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауының негізгі мақсаты әрбір іс бойынша объективті шындыққа қол жеткізу болып табылады. Себебі заң сот үкімінің заңды және негізді болуын талап етеді. Осы қойылған мақсаттар мен міндеттерге жүгіне отырып, сот зерттеуінің шегі және сотпен зерттелетін дәлелдемелік құжаттардың көлемі анықталуы тиіс.
Сот заңды және негізді үкім шығару, кінәлі адамға жаза тағайындау немесе кінәсізді ақтау мақсатында, сот тергеуінің дұрыс деңгейде жүргізілуін қамтамасыз етуі тиіс. Сот тергеуі – бұл сот талқылауының басты, негізгі және орталық бөлігі болып табылады. Себебі мұнда айыптау және қорғау тараптарының бәсекелестігі мен тең құқылығы негізінде сот заңда көзделген тәртіп бойынша дәлелдемелерді тікелей және ауызша зерттейді. Яғни, қылмыстың мән-жайын толық, жан-жақты зерттеу мақсатында, сот тергеуінде сотталушы адамның, жәбірленушінің, куәлардың айғақтарын тыңдауды, сарапшылардың қорытындыларын жария етуді және зерттеуді, заттай дәлелдемелерді тексеруді, хаттамалар мен өзге де құжаттарды оқуды, дәлелдемелерді зерттеу жөнінде басқа да сот іс-әрекеттерін жүргізеді.
Ал, сот тергеуінің пәні, ол алдын ала тергеу барысында жасалған айыптау қорытындысы мен немесе жеке айыптаушының шағымымен анықталады. Сот қылмыс жасағандардың кінәлілігіне және жауапкершілігіне байланысты дәлелдемелердің дұрыс зерттелуі үшін сот отырысында қарастырылуға жататын мәселелердің шеңберін әрдайым анықтауы тиіс. Алдын ала тергеу барысында жүргізілген тергеу әрекеттеріне қарамастан, сот талқылауы барысында дәлелдемелерді зерттеу, бағалау, пайдалану қызметі соттың іс бойынша негізді және заңды шешім қабылдауы үшін қайта жүргізілетін әрекет.
Судья дәлелдемелерді жинауға міндетті емес. Бірақ сот тергеуінде жауап алу, қарау, айғақтарды оқиға болған жерде тексеру мен нақтылау, куәландыру, тануға ұсыну, тергеу эксперименті, сот сараптамасын тағайындау, сараптамалық зерттеу үшін үлгілері алу сияқты тергеу әрекетін жүргізуге заң құқық берген. Себебі, айыптау үкімін болжамдарға негіздеуге болмайды және ол ақиқат дәлелдемелердің жеткілікті жиынтығымен расталуы тиіс. Бұл орайда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 20 сәуір № 4 «Қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді бағалаудын кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысына сүйенген жөн.
Осыған орай, іс бойынша барлық дәлелдемелер толық, жан-жақты зерттелсе, яғни куәлардың барлығынан жауап алынса, сарапшылардың қорытындысы тыңдалса, заттай дәлелдемелер қаралып зерттелсе және басқа да сот әрекеттері толық көлемде жүргізілді деген, сот тергеуін қайта бастауға қажеттіліктің жоқтығы туралы пікірге келсе, онда төрағалық етуші тараптардан сот тергеуін толықтыру туралы өтініштерінің бар, жоғын мәлімдеуді сұрайды.
Бұл кезеңнің өзіндік маңыздылығы бар, себебі тараптар сот тергеуі барысы бойынша барлық өтініштерді тек осы кезеңде ғана, яғни сот тергеуінің аяқталар алдында ғана бере алады. Сот тергеуі аяқталғаннан кейінгі берілген өтініштер сот тергеуін қайта бастау үшін қиындықтар туғызады. Сол себепті тараптар сот тергеуінің аяқталу кезеңіне аса мұқияттылық танытуы керек, олар қандай дәлелдемелер зерттелді, қандай мәліметтер жария етілмей қалды және т.б. мәселелерді осы кезде айтқандары жөн. Сонымен қатар, сот тергеуі аяқталғаннан кейін өз сөздерін тек сот тергеуінде ғана зерттелген дәлелдемелерге сүйенетінін тараптар ескеруі керек. Сот тергеуінің аяқталу тәртібі Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 362-бабымен реттеледі.
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 25-бабына сәйкес, істегі барлық дәлелдемелердің жиынтығы судъялардың ішкі сенімі бойынша бағалануы тиіс деп атап көрсетілген. Судьялардың ішкі сенімі ол өзіндік болжау немесе жорамалдау, негізсіз ой қорытындысы болуы мүмкін емес, егер мұндай жағдай орын алса, үкімнің міндетті түрде күшін жоюға себеп болады.
Осыған орай, қылмыстық іс жүргізу заңы мынадай маңызды ережелерді белгілеген:
– дәлелдемелерді зерттеу барлық сот талқылау сатысында емес, тек сот тергеуі бөлігінде жүзеге асырылады. Сот талқылауының басқа бөліктері, дәлелдемелерді зерттеуге дайындық жүргізу үшін қажетті процессуалдық әрекеттер жасауға бағытталған немесе сот толық қорытындыға келу үшін сот тергеуінде зерттелген дәлелдемелерге анализ жасап, баға беруге бағытталған;
– сот тергеуінде зерттелген дәлелдемелерге байланысты сот және тараптар белгілі өзіндік пікірмен немесе өз дегенімен қорытынды жасауға құқығы жоқ, осыған орай әрбір дәлелдеме жеке-жеке зерттелуі тиіс.
Сот тергуінің аяқталуы туралы шешім басты сот талқылауының хаттамасына бекітіледі. Сот тергеуінің аяқталуы, бірінші сатыдағы соттың дәлелдемелерді жинау және зерттеу процесінің аяқталғанын білдіреді. Сол себепті төрағалық етушінің сот тергеуі аяқталды деп жариялауында үлкен процессуалдық маңыз бар, өйткені, сот тараптардың, олар сот тергеуін толықтыруды қалай ма және немен толықтырғысы келетінін сұрайды. Сот тергеуін толықтыру туралы өтініш туындамаған немесе сот оларды дәлелді түрде қабылдамаған жағдайда төрағалық етуші сот тергеуін аяқталды деп жариялайды. Сот тергеуінің толықтығы – шығарылатын шешімнің заңдылығы мен негізділігінің кепілі.
Нұрлан Шынтаев