Алматы марафоны кезінде плакат ұстап, 15 тәулікке қамауға алынған Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толыбековтың ісі БҰҰ-ның адам құқығы бойынша комитетіне жолданады. Бұл туралы адвокат Жанар Балғабаева Adil sailay ushin қоғамдық пікірталасында мәлімдеді.
«Конституцияның 20-бабы бізге пікір білдіруге құқық беріп, цензураға тыйым салады. Сонымен қатар конституцияның 32-бабында бейбіт жиналуға құқылы екенімізді айтады – бұл құқық бізге азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 19 және 21-баптарымен кепілдік береді. Біз Төлесова мен Толыбековке қатысты осы нормалар бұзылды деп санаймыз, ал олардың құқықтарын қалпына келтіру үшін БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетіне дейін бармақпыз», – деді Жанар Балғабаева.
Сондай-ақ адвокаттың сот процесінің өтуіне де көңілі толмағанын айтты.
«Судьялар өз ойларын айтуға мүмкіндік бермей, сөздерін бөле берді, сұрақтар қоюға мүмкіндік бермеді, процесс аяқталғанға дейін өз пікірін ата берді. Жалпы, сот тәуелсіз орган болған жоқ», – деді адвокат.
Еске салсақ үстіміздегі жылы 21 сәуірде Алматыда өткен марафонда бір топ жас «Шындықтан қашпайсың» «#adilsailauyshin», «#уменяестьвыбор» деген жазуы бар плакат алып шыққан еді. Көп ұзамай оларды полиция ұстап әкетіп, жауапқа тартты. Сот оларды 15 тәулікке бас бостандықтарынан айыру туралы шешім шығарған.
Бұл жастардың арасында белгілі Алаш қайраткері Ілияс Жансүгіров пен Ораз Жандосовтың шөбересі Әсия Төлесова да бар.