10-05-18 |
3010 рет қаралған
Таңдауды тараптар жасайды.
Таңдауды тараптар жасайды

Қылмыстың өтеуі – жаза. Мейлі ол қарт болсын, мейлі әйел, жас бала болсын ала жіпті аттағандар жазасыз қалмауға тиіс. Өйткені, жазасыздық жаңа қылмысты тудырады. Барлығы отбасыға байланысты, отбасы мәселелері қаншалықты шешілсе, әйелдің де, еркектің де жағдайы біздің мемлекетте соншалық шешімін табады.

Қоданыстағы Азаматтық-процесстік кодексте татуластыру рәсімдеріне жеке тарау арналған. Осылайша дауларды сотқа жеткізбей өзара келісіммен бітіруге, сот жүктемесін азайтуға, бабаларымыздың бітімгершілік дәстүрін жаңғыртуға қарымды қадам жасалған болатын.  Әрине, тараптар арасындағы дауды татуластыру арқылы тәмамдау мәселесі бұған дейін де айтылып, оған қатысты нақты шаралар қабылданғаны белгілі. Оң бастаманы заңдық тұрғыда негіздеп «Медиация туралы» заң да қолданысқа түскен еді. Алайда, заңда көрсетілгендей кәсіби және кәсіби емес медиаторлар сенімнен шыға алған жоқ. Ал, жаңа Азаматтық процесстік кодекс бұл олқылықтарды жояды деген үміт бар.

Кодекс осы уақытқа дейін қозғалыссыз жатқан «Медиация туралы» заңға жан бітіргендей болды. Бұрын медиацияны кәсіби немесе кәсіби емес медиаторлар өткізсе, жаңа заңмен бұл құқық судьяларға да берілді. Тараптар қаласа сотқа арыз түсіреді. Судья арызды қабылдаған соң 273-баптың 7-ші тармағының негізінде істі тоқтата тұрады. Және 168-бапқа сай, істі сот кеңсесіне өткізеді. Сот кеңсесі төрелік базасына ендіреді.

Медиация арқылы барлық іс шешілмейді, оның белгіленген өз санаты бар. Егер мемлекеттік органдармен соттаса, ол медиацияға жатпайды. Мысалы, мемлекеттік актінің күшін жою медиацияға кірмейді. Тек қана жеке тұлға мен заңды тұлға арасындағы қаржы өндіру, жерін басып алса, т.б. мәселелер қаралады. Жыл басынан бері сотқа келушілер көбінесе істің судья медиатормен бітуіне мүдделілік танытуда. Бұл – өмір шындығы.

Сотқа келушілер арасында даудың келісіммен бітуіне ыңғай білдіретіндер көбеюде. Азаматтық істерде сотқа жүгіну жеке тұлғаның құқығы болып табылады. Татуластыру рәсімдерін жүргізу де оның құқығы. Бірақ, олар істің бәрібір сотта біткенін қалап тұратын. Бұл тараптардың сотқа сенімін аңғартады. Осы жағынан келгенде судья медиатордың іске кірісуі азаматтардың талап-тілегіне сай жаңалық болды. Судья кәсіби заңгер болғандықтан, тараптарға бәрін түсіндіреді. Жаңа айтылғандай, бұрын судья тараптарды бітімгершілікке шақырғанда олармен кеңеспейтін. Яғни, оларға өз ойын білдірмейтін. Қазіргі күні тараптарға істің тиімділігі мен салдары айтылады. Кәмелеттік жасқа толмаған балалар ісін қарайтын сотта да баланың кіммен қалуы керектігін медиациямен шешу мүмкін болып отыр. Егер тараптар өтініш білдірсе, судья істі олар тұратын аумақтағы медиатор судьяға жібереді.

Себебі, істі қабылдап алғаннан кейінгі дайындық кезінде тараптардан медиация жасау туралы өтініш түссе бұрын арнайы медиатор шақырылатын. Қазір жаңа заң талабына сай, бұл процедура өзгерді. Тараптардың өтінішімен судья медиатор істі келісіммен бітіре алады. Айта кетерлігі, таңдауды тараптардың өздері жасайды.

Елбасы жаңа Азаматтық-процесстік кодексті қабыдауды VI съезде тапсырып, соған сәйкес заңға сотқа дейінгі татуластыру рәсімдерін көптеп енгізу көзделген болатын. Жаңа заң осы талаптарды толық қамтамасыз етті. Өйткені, қай жаққа болсын, тіпті, бізге де соттың шешімі шыққаннан гөрі, тараптардың бір-бірімен татуласқаны тиімді.

Тәжірибелі, екі тілге бірдей жатық сөйлейтін судьяның медиатор болу керектігін тәжірибе байқатып отыр. Ал, тараптар медиаторды немесе судья медиаторды таңдай ма, бұл олардың қалауына қарай жүзеге асады. Медиаторды сырттан шақырса да болады. Немесе басқа судьяны кірістіруге толық мүмкіндік бар.

Дегенмен, заңның артықшылығын жұртшылыққа толық түсіндіру шаралары жетіспеуде. Судья медиаторды көбісі сотқа келіп естиді. Сондықтан, бұқаралық құралдар арқылы кеңінен насихатталса халық оның тиімділігін тезірек түсінер еді. Ерлі-зайыптылардың мүлік бөлісуінде, банктер талабы, мысалы, қарыз өндіруде медиациямен келіскен тиімді.

Азаматтық процестік кодекс қабылданбай тұрып аймақтағы соттар кәсіби медиаторларды Алматыдан шақыратын. Олардың келісімшарттары бойынша белгілеген ақылары бар. Ал, шалғай ауылдардан келетін азаматтардың көбісінің ақша төлеуге жағдайы жетпейді. Қазіргі кезде келісімді сотпен бекітуде ешқандай ақы төленбейді. Баж салығы қайтарылып беріледі.

Жергілікті халық медиациямен біткен істің қалай орындаларына алаңдайды. Медиациялық шарада мысалы, ақша өндіруде орындаудың нақты уақыты белгіленеді. Егер бір тарап міндетін орындамаса, екіншісі сотқа арыз беріп, атқару парағын алады. Ұйғарым шығарылады. Атқару парағының сот актісі сияқты күші бар. Яғни, оның заңдық күші сот шешімімен бірдей. Сол арқылы сот орындаушысына барып, атқару парағын орындатады. Осы себепті, азаматтардың алаңдауына негіз жоқ.

Ж.Жанболатов,

Алматы облысы Қапшағай қалалық сотының судьясы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.