Жергілікті екі тілшінің сөзіне сүйенген британдық BBC агенттігі адам ұрлауға қатысы бар деп айыпталған төрт адамның денесі қаланың түрлі бөлігіне ілініп қойғанын жазды. Қаладағы негізгі алаң маңында орналасқан дәріхананың иесі Ахмад Седдики Associated Press агенттігіне әуелі төрт мәйіттің алаңға әкелінгенін, кейін үшеуі қаладағы өзге алаңдарға әкетілгенін айтты.
Провинция губернаторының орынбасары Ахмад Омардың айтуынша, бұл адамдар «Талибан» содырларымен қақтығыс кезінде адам ұрлағаннан кейін атып өлтірілген.
«Өзгелерге сабақ болсын деп қаладағы алаңдарға денелері ілінді» деді Омар DPA агенттігіне.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеода Герат алаңында шынжырға оралған қансыраған ер адамның денесі көтергіш кранда асылып тұрғаны байқалады. Кейбір адамдар оларды ұялы телефондарына түсіріп жатты.