arasha.kz

Тегін заңгерлік көмектен кімдер үмітті?

Құқықтық мемлекетте азаматтардың бостандығының шектелуіне, мүддесінің тапталуына жол берілмейді. Бірақ, өмір болған соң азаматтардың сүрінетін, қателесетін кездері көп. Заңдық тұрғыдан шешуді қажет ететін қиындықтарға тап болғанда азаматтардың алдымен іздейтіні – заңгерлер мен адвокаттар. Құқықтық кеңес беріп, жол көрсететін адвокаттар мен заңгерлер қызметіне қол жеткізу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені, бүгінде бұл мамандық иелеренің қызметіне сұраныс жоғары. Сәйкесінше сұранысқа орай адвокаттар алатын қаламақының көлемі де қомақты.

Осы ретте азаматтарға мемлекет тарапынан тегін заңгерлік көмек берітенін айта кеткеніміз жөн. Республикалық адвокаттар алқасының мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда 5700-ден аса адвокат жұмыс істейді. Олардың қызметі жұмыс тәжірибесіне, біліктілігіне, танымалдығына қарай әрқалай бағаланады. Соның ішінде  адвокаттар мемлекет кепілдік берген заң көмегін тегін көрсетуге мүдделі. Оның тәртібі арнайы заңмен реттелген. Өкінішке орай, қарапайым халық мемлекет тарапынан қолға алынған мұндай игіліктен мүлде бейхабар. Бұл олардың тегін заң көмегін алуға құқығы бола тұра, қаржысын шығындап ақылы кеңеске жүгінуіне ықпал етеді.

2018 жылдың 5 шілдесінде «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңның қабылданғаны белгілі. Осы заңның 27-бабында мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж тұлғалардың құқығы мен міндеттері көрсетілген. Соған сәйкес, құқықтық көмекті қажет ететін тұлғалар мемлекет кепілдік берген заң көмегіне теңдей қол жеткізеді. Ал осы қызметтің сапасына көңілі толмаған жағдайда, азаматтар жауапты тұлғалардың әрекеттеріне не әрекетсіздігіне «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңының талабына сүйене отырып шағым жасауға құқылы. Сондай-ақ, мемлекет кепілдік берген заң көмегі көрсетілген кезде азаматтар құпиясы сақталуы тиіс. Бұл талаптың бұзылуы да азаматтардың өз құқығын қорғауына негіз болып табылады.

Мемлекет кепілдік берген тегін заң көмегін кімдердің алатыны «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңында көрсетілген. Бұл жеңілдікке ие категориялар тізімін заңның 26-бабынан көруге болады. Соның ішінде кез келген жеке және заңды тұлғаның құқықтық ақпарат беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін тегін алуға құқығы бар. Ал құқықтық консультация беру түріндегі заң көмегін тегін алатындар қатарына алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша көмек сұраған жеке тұлғалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандар алуға құқылы.

Сонымен қатар, сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбаны болған немесе азаптауларға ұшыраған жандар да тегін заңгерлік көмекке жүгіне алады. Бұған қоса, асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғалар, жұмыс барысында денсаулығына залал келген азаматтар зиянды өтеу мәселелері бойынша тегін заңгерлік кеңесті пайдалана алады.

Әлбетте, Ұлы Отан соғысына қатысушылар, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер де мұндай игілікті шарадан сырт қалмаған. Бұл қатарға мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер де кіреді.

Көп балалы отбасылар кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша тегін заңгерлік көмек алса, кедейлік шегінен төмен табысы аз адамдарға осы заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тегін заңгерлік көмектен үміттене алады.

Қазіргі кезде «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңның жоғарыдағы талаптарын түсіндіру мақсатында кең көлемді шаралар өткізілуде. бабын халық арасында насихаттау қарқынды түрде жүріп жатыр. Азаматтардың құқықтық сауатын көтеруді мақсат еткен бұл шара шеңберінде қолға алынған жобалар аз емес. Соның бірі Түркістан облысында жүзеге асырылып отырған «Құқықтық көмек» партиялық жобасы.

Бұл жоба аясында қала және қалаға қарасты ауыл тұрғындары тәжірибелі заңгерлер мен білікті мамандардан тегін, көпжақты кеңес ала алады. Аталмыш шараға Әділет департаментінің өкілдері ұйытқы болып жүр. Аймақтарды аралап, тұрғындармен кездескен әділет органының өкілдері халықтың мәселелеріне жіті назар аударып, оларға нақты бағыт-бағдар көрсетіп келеді.

«AMANAT» партиясының жанынан құрылған «Құқықтық көмек» жобасының да халықтың құқықтық мәдениетін көтеруде ықпалы зор. Бұл жоба шеңберінде де тұрғындар тегін заңгерлік көмек алуда. Жұмыс жүйелі жүргізіліп, азаматтарды сауаттандыру бағытандағы бастама оң нәтиже беруі үшін партия өкілдері заң ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеу бойынша арнайы келісімге қол қойған болатын. Жалпы жобаның мақсат, мұраты игі. Себебі бұл бастаманың аясында көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік жақтан аз қамтылған адамдарға, сондай-ақ алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау мәселелері бойынша жүгінген жандарға толық құқықтық кеңес беріп, оңтайлы жол нұсқау мақсат етілген.

Мұндай шараның қолға алынғанына ауыл халқы дән риза. Өйткені, шалғайдағы елді мекен тұрғындарының түсінікті, сауатты заңгерлік кеңес алуына мүмкіндігі де, жағдайы да жоқ. Ал арнайы жоба ауыл тұрғындарына осындай жеңілдік пен игілікті тарту етіп отыр. Әділдік пен заңның үстемдік құруы осындай нақты істерден, халыққа деген жанашырлықтан басталады.

Қазіргі уақытта мұқтаж азаматтарға құқықтық көмек көрсету мәселесі мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі болып табылатынын айта кету керек. Бұл ретте, азаматтарға құқықтық көмек көрсету құралдарының бірі өтеусіз негізде көрсетілетін құқықтық заң көмегі. Сондай-ақ, бұл өз кезегінде еліміздің азаматтарын құқықтық қолдаудың пәрменді әдістерінің бірі екенін атап өтуіміз керек. Осы жерде азаматтар басына іс түскенде бірден ақылы қызметке жүгінбей, заңдағы жеңілдіктерді пайдалана отырып тегін заңгерлік көмек алуға ұмтылса, өз қаржысын үнемдеуге мүмкіндік алар еді. Мұның барлығы мемлекеттің өз азаматтарына деген қамқорлығының бір көрінісі. Тек қарапайым халық мұндай игіліктің барынан хабардар болуы үшін заңдарды түсіндіру, жобаларды таныстыру бойынша насихат жұмыстарын тұрақты жүргізіп отыру маңызды.

Exit mobile version