Астанада mudarabah capital қаржы пирамидасына 20 млн теңге салған Бағила Досмайылова өзін өзі өртеп жіберді. Қазіргі таңда ол жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатыр. Ал аталған қаржы пирамидасын жарнамалаған танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов кепілдікпен бостандыққа шықса, Азизжан Саидбаевқа халықаралық іздеу жарияланған.
Осы мәселеге байланысты Орталық коммуникациялар алаңына ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов және оның орынбасары Мұхтар Қожаев шығып, түсініктеме берді.
– Қаржы пирамидасын жарнамалаған танымал блогерлер Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Азизжан Саидбаев не себепті қамауға алынбады? Күдікті ме, жоқ әлде қорғануға құқығы бар куәгер ме? Мейіржан Төребаев осымен екінші рет халықтың ақшасын алып, жоқ болып кеткен қаржылық пирамиданы жарнамалап отыр…
– Бізде вайнер, блогер болсын, танымал немесе белгісіз адам болсын заңның алдында бәрі бірдей. Егер қылмыстық құрам бар болса, нақты жазасын алады. Осы блогерлерді айтатын болсақ, үшеуінде қылмыстық жауапқа тартып жатырмыз. Соттың шешімі мен прокурордың келісімі бойынша кепіл ретінде екі блогерге қатысты бұлтартпау шарасы алынды. Өкінішке қарай біреуі шет елге қашып, соттың санкциясымен қамауға алынып, халықаралық іздестіру жарияланған.
– Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов Бағлила Досмайылованың өзін-өзі өртегеннен кейін қайта қамала ма?
– Тергеу барасында қылмыстық іс бойынша қылмыстық процеске қатысушылардан әзірге арыз талаптар түскен жоқ. Қылмыстық заңнамаға байланысты егер осындай ұсыныс талаптар түссе, оны прокуратруа мен сот органдары қарайды.
– Қоғамда атақты вайнерлер бостандыққа шығып кетуі мүмкін деген болжамдар бар. Бұл азаматтар осында қылмыстық іске тартылып отырып бостандыққа шығып кетуі мүмкін бе?
– Біз қылмыстық істі аяқтауға жақындап қалдық. Жақын арада қылмыстық істі бітіріп, прокуратура органдарына үш буынды моделіне сәйкес жібереміз. Ары қарай сот, прокуратура органдары шешеді. Бірақ та вайнерлерді қылмыстық жауапкершіліктен босатамыз деген ешқандай ой жоқ. Тергеуде оларға қатысты толық дәлелдер жиналды.
– Бағила Досмайылова өзін-өзі өртеуіне Алматы қаласы полиция департамент басшысының орынбасары Рустам Әбдірахманов айыпты екенін айтты. Қазіргі таңда аталған азаматқа байланысты қандайда бір жаза қолданылды ма? Жалпы Әбдірахмановқа байланысты қандай іс-шара қолданып жатырсыздар…
– Кеше мен осы жағдай бойынша қысқаша баспасөз мәслихатын өткізген болатынмын. Бүгінде айта кетейін. Қызметтік тексеру барысында Әбдірахманов және басқа да полиция қызметкерлерінің рөлдеріне қатысты құқықтық бағасын береміз.
– Руслан Әбдірахманов, жалпы Алматыдағы полиция қызметкерлері жәбірленуші азаматтармен дұрыс қарым-қатынас құрса, олар астанаға келмес еді. Алматының полиция қызметкерлері жәбірленушілермен неге дұрыстап сөйлеспеді?
– Қызметтік тексеру барысында сіз қойған сұрақты анықтап және прием қабылдаған қызметкерлерден толық түсініктеме алып оның қорытындысын жариялайтын боламыз.
P.S.
Үш күдіктінің ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы (қаржы пирамидасын құру және оны басқару) бойынша айыбы дәлелденсе, әрқайсысы 5-10 жыл аралығында бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ сот халықты қаржысын алаяқтық жолмен иемденген вайнерлерді ақтап жібере ме деген күдік бар.
Серік Жолдасбай, arasha