Іссапарда жүрген Зимбабве президенті Эммерсон Мнангагва еліне шұғыл оралды. Оған елдегі халық толқуы себеп болған. Азаттықтың жазуынша, 12 қаңтарда Зимбабве президенті Эммерсон Мнангагва телеарна арқылы елде бензин бағасының екі есе өсетінін мәлімдеді де, ертеңінде Ресей-Әзербайжан-Беларусь-Қазақстан сапарына ұшып кетті. Президент сөзінен кейін 14 қаңтарда ел астанасы Хараре мен Булавайо қаласында халық билікке қарсы наразылыққа шықты. Халық Мнангагваны «сайлау алдында берген уәделерін орындамады» деп айыптады.
Зимбабведегі үкіметтік емес ұйымдардың дерегінше, толқу кезінде полиция 12 адамды өлтірген. 78 адам оқ тиіп, жараланған. Полиция 700-ге жуық адамды қамауға алған. Елдегі адам құқығын қорғау ұйымдары 240 азаптау фактісі болғанын хабарлады. Наразылық кезінде үкімет интернетті бұғаттады. Ал Зимбабве қауіпсіздік министрі Оуэн Нкубе «толқу – оппозиция мен елдегі шетелдік ұйымдардың ісі» деді. БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңсесі ел билігінің наразылыққа шыққандарға қысым жасап, қудалауын сынады. 76 жастағы Эммерсон Мнангагва Зимбабве президенті қызметіне 2017 жылы қарашада кіріскен. Ол бұл қызметте елді 37 жыл үздіксіз басқарған Роберт Мугабені алмастырған.
Дереккөз: azattyq.org