arasha.kz

Төлқұжаты жоқ Ауғанстандағы этникалық қазақтар көмек сұрауды тоқтатқан жоқ

Қазақстан үкіметінен көмек сұраған Ауғанстандағы этникалық қазақтар «Отанға оралғымыз келеді» деген бейнежазбалар таратуды тоқтатқан жоқ. Олар үшін ең басты кедергі – шет елге шығатын төлқұжаттың жоқтығы. Сөздерінше, құжат жасатудың құны қымбат. Оның үстіне қазіргі ауған билігін қолына алған тәліптер шет елге шыққысы келетіндердің құжатын рәсімдеуге асықпай отыр. Бұл туралы  “Информбюро” хабарлайды.

 

Ауғанстаннан елге оралғымыз келеді деген этникалық қазақтардың бір тобы ң Мазари Шариф қаласында тұрады. Қазақстандағы туыстарымен хабарласып отырған олар қалай болса да, елге жетіп алсақ деп армандайды. 

“Біздер осы Ауғанстанда қалып кеткенбіз. Енді осындай жағдай болып жатыр. Елімізде ұрыс болып жатыр. Құдай қаласа, біздерді де інілеріміздің қасына алып барса деген ниетіміз бар”, – деді Ауғанстан азаматы Сауқым Сәденұлы. 

Ауғанстанның Герат қаласында туып, жиырма бес жасында елге оралған Мұхамед Құрбан ет жақындарының әлі де сонда қалып қойғанын айтады. Өмірден өткен ағасының бала-шағасы, жеңгесі сонда тұрады. Басқа қазақтар да аз емес. Келуге құлықты көпшіліктің қолдарында паспорты жоқ. Жасату қыруар қаржы болғандықтан он адамы бар үлкен отбасы үшін қол жетпес арман дейді.  

Сыртқа шығуға оларда төлқұжат жоқ. Бір паспортқа 200 АҚШ доллары кетеді. Егер бір отбасыда он бас жан болса, он паспорт алса, екі мың долар шығады. Ол 2 000 долларды ол ағайындарда жоқ. Олардың жейтін наны жоқ. Екі мың долларды қайдан табады”, – дейді Түркістан қаласының тұрғыны Мұхаммед Құрбан.   

Ауғанстаннан елге ертерек оралғандар этникалық қазақтар Шибарған, Герат, Пули-Хумри, Калайи-Нау, Ташкурган қалаларында да бар деп отыр. Ал сыртқы істер министрлігінен қолдарында құжаты жоқ ауған азаматтарын елге жеткізу мәселесі туралы ақпарат алу мүмкін болмады. 

Exit mobile version