Сауда орталықтарында, базардағы сауда нүктелерінде «Алынған зат ауыстырылмайды, қайтарылмайды» деген жазуларды жиі көзіміз шалады. Жалпы, тұтынушылардың құқықтық сауатының төмендігін пайдаланған кәсіпкерлердің заңсыз әрекетке баратын кезі көп.
Ал шындап келгенде біздің елімізде тұтынушылар құқығын қорғауға бағытталған арнайы заң бар. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңы 2010 жылы 4 мамырда қабылданған болатын.
Осы заңда тұтынушылардың құқығы мен мүддесі толық қарастырылған. Он үш жылдан бері қолданыста болған заңның 3-тарауында тұтынушылардың заңды құқықтары мен қорғау тетіктері көрсетілген. Соған сәйкес, тұтынушылар тауарлар мен қызметті еркін таңдауға, тауарды сатып алу, сату бойынша құқықтық сауатын көтеруге, өзіне ұнамаған сапасыз тауарды қайтарып беруге, немесе айырбастауға құқылы. Яғни, сатушылардың тауарды айырбастамауға, қайтарып алмауға құқығы жоқ. Бұл заңға қайшы әрекет болып табылады. Сәйкесінше, азаматтар алған тауары сапасына сай болмағанда, мөлшері келмегенде сауда нүктесіне барып, өзіне шақ мұлшердегі тауарға айырбастап алуға, егер мұндай тауар болмай қалған жағдайда ақшасын қайтарып алуға мүмкіндігі бар. Бірақ, азаматтардың барлығы заңда көзделген осы тетікті пайдаланып отыр деп айта алмаймыз. Көпшілігі өзінің құқықтық сауатының аздығынан тұтынушы ретіндегі талабын айтудан жасқанады. Тағы бір тобы сатушымен айтысып, тастырып, соттасып уақыт өткізгісі келмейді. Азаматтардың келесі бір тобы сатушылармен жаға жыртысып, өз құқығын қорғауды артық жұмыс деп санап, талап қоюдан саналы түрде бас тартып жатады.
Өкінішке орай, әрбір тұтынушы тарапынан қатаң бақылау, нақты талап болмаған соң, сатушылар да сапасыз қызмет көрсетіп, көңілден шықпайтын тауар ұсынуға бейім. Бұл жерде мемлекеттегі құзырлы органдардың жауаптылығы мен белсенділігін көтеру де өзекті мәселенің бірі. Себебі, көпшілік тұтынатын тауарлардың сапасын бақылау ең алдымен мемлекеттік органдарға жүктелген. Мәселен, балалардың күнделікті тұтынатын, қарапайым ойыншықтарын алайық. Арнайы сертификат алмай, қауіпсіздігіне қатысты дәлел ұсынбай нарыққа шығарылатын балалар өнімдері – киімдер, ойыншықтар сапасы көңілден шықпайтын кез көп. Тіпті кейбір ойыншықтардың балалар денсаулығына кері әсер ететіні, дамуын тежейтіні бар. Мұндай жағдайда тауар сапасымен жекелеген азаматтар емес, мемлекеттік мекемелер айналысуы тиіс.
Ұлт болашағына, халықтың мүддесіне сай келмейтін кемшіліктермен жеке тұлғалар ғана емес, мемлекеттік мекемелер де айналысқанда ғана күрес пәрменді болады. Мысалы жақында Қытайдан әкелінген ойыншықтардан бояу шығатыны, оның құрамындағы заттар бала денсаулығына зиян келтіретіні анықталды. Соған сәйкес, қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі арнайы тексеріс жүргізіп, қауіпті ойыншықтарды сауда нүктелерінен алып, тасымалдаушылар мен саудалаушылардың жауаптылыққа тартылуына ықпал етті. Мұндай пәрменді тетік нарықтағы сапасыз өнімдердің көзін жойып, халық денсаулығын, тұтынушылар құқығын қорғауға көмектеседі.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 7-бабы 8) тармақшасында тауар мен қызметтің кемшілігінен адам өміріне, денсаулығына, мүлкіне келген залалды толық өндіруге мүмкіндік бары дәйектелген. Соның ішінде қазіргі кезде тамақтандыру мекемелерінде, азық-түлік дүкендерінде сапасыз тауардың, тамақтың ұшырасатыны, соның кесірінен талай адамның уланып, денсаулығын құртып ауруханаға түскені белгілі. Бұл жерде де мемлекеттік мекемелерден тегеурінді іс-қимыл талап етіледі. Азаматтар ауруына, денсаулығына байланысты өзін-өзі қорғауға қабылетсіз болып жүргенде, қорғау тетігін мемлекеттік органдардың өз қолына алуы көптеген түйткілдің тарқатылуына серпін береді. Мұндайда бір ортаға бірігіп, тұтынушы құқығын қорғаған азаматтардың келген залалды материалдық тұрғыдан өтету мүмкіндігі бар.
Соңғы жылдардағы сот тәжірибесі көрсеткендей, елімізде көбінесе тұтынушылардың тиісті сападағы тауарды айырбастау немесе қайтарып беру құқығын қорғау істері жиі кездеседі. Аталған заңның 14-бабында көрсетілгендей, тұтынушының тауар берілген кезден бастап он төрт күн ішінде тауарды айырбастауға, қайтарып беруге құқығы бар. Сатушыда айырбастау үшін тауар болмаған жағдайда сатып алушыға төленген ақшаны қайтарып беруі тиіс. Осыдан көріп тұрғанымыздай, заңға сүйене отырып, сатып алушы кез келген тауарды он төрт күн ішінде айырбастауға немесе оның құнын қайтарып алуға құқылы.
Тағы бір баса көрсететін жағдай, егер жарамдылық мерзімі өтіп кеткен, стандарттау шарты талапқа сай жасалмаған, зияткерлік меншік құқығын бұза отырып шығарылған тауарды тұтынушы сатып алған жағдайда сатып алынған күнінен бастап отыз күн ішінде ауыстыруға немесе тауарға төлеген ақшаны қайтарып алуға құқылы. Кемшілігі анықталған тауарды басқа тауарға ауыстырған кезде, егер ауыстырылатын тауардың бағасы тұтынушыға берілетін тауардан төмен болса, азаматтарға тауар бағасындағы айырмашылық төленуі тиіс. Сонымен қатар, тұтынушыға тиісті емес сападағы тауарды жеткізу немесе қайтарып берумен байланысты жұмсалатын шығын сатушыдан өндірілді.
Бүгінде интернет сауданың дамуы тұтынушы құқығына байланысты мәселені тым күрделендіріп жіберді. Ғаламтор арқылы тапсырыс беріп, өзіне ұнаған тауардың ақшасын алдын ала жіберген азаматтар, сайттарда көрсетілген тауар мен жеткізілген тауардағы айырмашылықтың айтарлықтай алшақытығын жиі байқайды. Өкінішке орай, электрондық саудада сапасыз тауар ғана емес, сапасыз қызмет көрсетілетін кездер көп. Бұл тетік бір жүйеге түспеген, және оны құқықтық тұрғыдан реттеу механизмі әлі жасалмаған. Сондықтан, ақша аударымдарындағы сенімді арттырып, ғаламтор саудасындағы сатушы мен сатып алушы арасындағы жауаптылықты арттыру үшін тұтынушы мүддесін жан-жақты қорғауға негіз болатын отандық заңнаманы дайындау – уақыт талабы. Судьялар заңдағы олқылықтардың кесірінен, интернет сауданың тым көбейіп кетуіне орай тұтынушы құқығын қорғауда әлі де болса жандандыруды керек ететін жаңашылдықтарды енгізу маңызды. Себебі, бүгінгідей бейбіт күнде, зайырлы мемлекетте тұтынушылар құқығының елеусіз қалуы ел имиджіне нұқсан келтіретін пәрменді тетік.