20-01-18 |
6720 рет қаралған
«Украина бойынша келіссөздерді тіпті Антарктидаға ауыстыруға болады».
«Украина бойынша келіссөздерді тіпті Антарктидаға ауыстыруға болады»

Беларусь сыртқы істер министрі Владимир Макей Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Украина бойынша бейбіт келіссөздерді Астанада өткізу туралы ұсынысын мысқылдап, сынға алды. Украинадағы жанжалды реттеу бойынша бейбіт келіссөздер Минскіде өтіп келген. Қаңтардың 19-ында Макей келіссөздерді жаңа орынға ауыстырғаннан өзгеріс болмайды деп мәлімдеді.

«Егер табысқа жетеді деген нық сенім болса онда Украина бойынша келіссөздерді тіпті Антарктидаға ауыстыруға болады», – деген Макей. Оның мәлімдеуінше, өзгелермен салыстырғанда Беларусь «бітімгер атағы үшін тыраштанбайды».

Мәскеудің мәлімдемесінде 2015 жылы жасалған Минск келісімдеріне бейілділік Украинадағы жанжалды реттеу жөніндегі келіссөздер орнынан маңыздырақ екені айтылған.

Минск мен Мәскеу бұл мәлімдемелерін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Украина жөніндегі бейбіт келіссөздердің тығырыққа тірелгенін айтып, бұл келіссөзді енді Астанада өткізуді ұсынғаннан кейін жасады. АҚШ-қа сапары барысында Назарбаев Ақ үйде президент Дональд Трамппен кездесуде Украина тақырыбын талқылағандарын, Трамп ол келіссөздерді басқа жерге ауыстыруды ұсынғаны туралы айтқан болатын.

Бұған дейін Минскіде Украинадағы жанжалды реттеуге бағытталған бейбіт келіссөздердің бірнеше кезеңі өткен. 2014 жылы көктемде Украинаның шығысында үкімет әскері мен Ресей қолдайтын сепаратистер арасында қарулы жанжал басталғалы бері 10 мыңнан аса адам құрбан болған.

Дереккөз: azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.