arasha.kz

Ұлттық Банк пен Қазақстан қор биржасының бірлескен мәлімдемесі

Ұлттық Банк пен Қазақстан қор биржасының бірлескен мәлімдеме таратты. 

«Ұлттық Банк «Қазақстан қор биржасы» АҚ-пен бірлесіп теңге – АҚШ доллары валюта жұбы бойынша сауда-саттық регламентін өзгерту туралы шешім қабылдады. Атап айтқанда, 28 ақпанда сауда-саттық Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 15-00-де Франкфурт аукционы форматында ашылады.

Бұл шаралар уақытша сипатқа ие, белгісіздіктің жоғары дәрежесін және сыртқы геосаяси факторлар тарапынан валюта нарығына және ел ішіндегі қаржылық тұрақтылыққа көрсетілетін қысымды барынша азайту қажеттілігін көрсетеді.

Сонымен қоса, сыртқы қаржы нарықтарындағы қазіргі сәттегі аса айқындалмаған жағдайлардың өзгеруіне қарай Ұлттық Банк «Қазақстан қор биржасы» АҚ-пен бірлесіп 28 ақпанда Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 15-00-ге дейін биржалық валюталық сауда-саттықты толық тоқтата тұру туралы мәселені қарауы мүмкін.

Теңге – АҚШ доллары валюта жұбы бойынша сауда-саттықтың бұдан былайғы режимі туралы ақпарат ресми байланыс жасау арналары арқылы уақытылы жеткізілетін болады», – делінген ақпаратта.

Кеше ұлттық банк мәлімдеме жасап, геосаяси жағдайға байланысты теңгенің мәселесіне қатысты мәлімдеме таратқан еді.

«26 ақпанда Ақ үй Еуропалық комиссия, Франция, Германия, Италия, Ұлыбритания, Канада және АҚШ көшбасшыларының Ресейге қатысты бұдан былайғы шектеулі экономикалық шаралар туралы бірлескен мәлімдемесін жариялады. Атап айтқанда, шаралар Ресейдің жекелеген банктерін SWIFT хабарларымен алмасу жүйесінен алып тастауды және басқа шектеу шараларын, оның ішінде Ресейдің Орталық банкіне қатысты шектеу шараларын енгізуді көздейді.

Сонымен қоса, S&P Global Ratings рейтингтік агенттігі халықаралық санкциялар енгізілгеннен кейін Ресейдің ұзақ мерзімді рейтингін инвестициялық емес рейтинг деңгейіне (BB+) дейін төмендетті.

Ұлттық Банк нақты уақыт режимінде елдер Үкіметтерінің, Орталық банктері мен қаржы ұйымдарының ресми мәлімдемелерін қадағалап отырады және Ресейге қарсы жаңа санкциялардың Қазақстанның қаржы жүйесіне ықпал ету дәрежесін бағалайды.

Алдағы күндері Ресей рублінің бағамы айтарлықтай құбылмалылықпен сипатталады және көп жағдайда нарық ықпалына және тәуекел-сентименттің өзгеруіне ұшырап, аз дәрежеде іргелі факторларды көрсететін болады.

Рубльдің шамадан тыс ауытқуының теңгеге негізсіз ықпал етуін төмендету үшін Ұлттық Банк қажет болған жағдайда валюталық интервенциялар жүргізетін болады. Мұндай интервенциялардың көлемі мен жиілігі ішкі валюта нарығындағы жағдайға байланысты болады. Бұл ретте теңгенің икемді бағамы сыртқы сектор тарапынан тәуекелдерді іске асыру аясында маңыздылығы артқан алтын-валюта активтерінің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алтын-валюта активтерінің ағымдағы деңгейі импорттың 8,8 айын қантамасыз етуге мүмкіндік береді.

Транспаренттілік қағидаты аясында Ұлттық Банк жүргізілген операциялардың көлемін жариялайды. Сыртқы нарықтардағы ахуалдың дамуына қарай Ұлттық Банк ашық коммуникацияларды жүргізуді жалғастырады», – делінген болатын ол мәлімдеме.

Exit mobile version