30-04-21 |
5260 рет қаралған
Үндістандықтар мәйіт өртейтін жер таппай, рәсімді автотұрақта жасап жатыр.
Үндістандықтар  мәйіт өртейтін жер таппай, рәсімді автотұрақта жасап жатыр

Үндістан коронавирустың басты ошағына айналды. Нью-Делиде коронавирустан көз жұмғандардың мәйіті тәулік бойы өртеліп жатыр.

Елде өлікті өртеуге арналған отын қоры таусылған. Бұл туралы CNN ақпарат агенттігіне сілтеме жасап, Sputnik Қазақстан хабарлайды.

Сейсенбіде Солтүстік Дели мэрі Джай Пракаш Делидің бас министрі Арвинд Кеджривалуге хат жолдап, отынды тұрақты жеткізіп тұруды сұрады.

Индуизмде адамды тек өртеу арқылы жерлеуге рұқсат беріледі. Көп өңірде крематорий орындары жүктемені уақытылы орындай алмай жатыр. Washington Post шолушысы Барка Датт осы аптада коронавирустан әкесі қайтыс болғанын хабарлады.

«Біз кремация жасауға барғанымызда орын жоқ екені белгілі болды. Бірнеше отбасы орынға таласып, төбелес шықты. Әкемнің мәйітін өртеу үшін полиция шақыруға тура келді», – дейді Барка Датт.

Пандемияға дейін күніне 8-10 адам кремацияланатын. Қазір бұл сан 120-ға жетті. Орын жетіспеушілігі салдарынан рәсімді автотұрақта өткізіп жатыр.

Солтүстік Дели мэрінің айтуынша, кәсіпорында 600-ге жуық мәйіт өртеледі. Бұл көрсеткіш ресми деректегіден әлдеқайда жоғары. Яғни мәліметті бұрмалау проблемасы бар екені анықталып отыр.

«Соңғы бес сағатта 55 мәйітті кремацияладық. Күн соңына дейін саны 100-ге жетеді. Мен шаршадым. Бірақ қазір шаршайтын уақыт емес. Қазір ұлт пен адамзат үшін еңбетенетін, адамдардың өмірін құтқаратын уақыт», – деді крематорий басшысы Джитендер Сингх Шунти.

Үкімет коронаврус инфекциясының таралуына жол бермеу шараларын қабылдауға тырысып жатыр. Қалалар мен штаттарда шектеулер енгізіліп, кәсіпорындар жабылды.

Ал Үндістан халқы үкіметтің қауқарсыздығы мен баяу әрекет етіп жатқанына наразылық білдірді.

«Делиде оттегі, төсек-орын, жасанды тыныс алдырту аппараттары, плазмалық инъекциялар болмағандықтан жағдай әлі де ушығады. Менің ашуым келіп отыр. Алайда қолымнан еш шара келмейтіндіктен, өзімді кінәлі сезінемін. Осы іспен айналысуға тиіс адамдар төбе көрсетпей кетті. Уәде берді де, ғайып болды», – дейді Шунти.

Үміті үзілген тұрғындар коронавирустан сақтану үшін бақсы-балгерлерге баруға мәжбүр.

Үндістанда тұратын 1,3 миллиард халықтың қазір тек екі проценті ғана вакциналанған.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.