arasha.kz

Құқықтық мемлекет ана мен бала қорғаны

 Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан- 2050» Стратегиясында ана мен баланың ерекше назарда екені көрсетіледі. «Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер мен жеке жауапкершілік, соның ішінде ананы және баланы қорғау» бөлігі еліміздегі демографиялық ахуал мен ұлттың өсуіне айырықша үлес қосып отырған аналарды барлық қажеттілік тұрғысынан қорғау мен әлеуметтік жағдайын жақсарту керектігі үлкен біліктілікпен талқыланған.

Бала біздің болашағымыз десек, сол баланы өмірге әкеліп өзінің тәлім-тәрбиесімен оны үлкен өмірге бағыттап отырған аналардың еңбегі зор. Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» туралы Кодексінде «Баланың құқықтары» туралы бірнеше баптар бар: «баланың отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқығы, баланың ата-аналарымен және басқа да туыстарымен араласу құқығы, баланың өз пікірін білдіру құқығы, баланың атын, әкесінің атын және тегін алуға құқығы, баланың атын және (немесе) тегін өзгерту, баланың ұлты, баланың мүліктік құқықтары, баланың өз құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау құқығы» тікелей заңмен бекітіліп, тікелей заң шеңберінде қорғалатын дүниелер. Ендеше, осы құқықтар мен өмір сүру еркіндігі қай салада болсын шектелмеуге тиіс. Кез келген ата-ана қараусыз қалған баланы, жетім қалған бүлдіршіндерді, тастанды сәбилерді бауырына басуға құқылы. Тек ниет пен пейіл, перзентке деген мейірім, ата-аналық жауапкершілік болса.

Ол мәселе заң шеңберінде Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» Кодексінің 248-бабына және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 28.12.2012 жылғы №99 бұйрығымен бекітілген Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді, азаматтық хал актілері жазбаларына өзгертулер енгізу, қалпына келтіру, жоюды ұйымдастыру ережесінің 63-тармағына сәйкес тіркеліп, қарастырылады. Бала асырап алу сот шешімі негізінде баланың тұратын жері бойынша тіркеледі. Қазіргі таңда бұл процесс заң аясында жеңілдетіліп отыр.  Баланы асырап алуды тіркеу үшін төмендегідей құжаттар табыс етіледі:

Тиісті нысандағы жазбаша өтініші;

Жеке куәлік немесе төлқұжат;

Бала асырап алу туралы заңды күшіне енген және қолы мен соттың мөрімен бекітілген сот шешімі;

Асырап алынатын баланың туу туралы куәлігі;

Баланы асырап алатын адамның неке қию туралы куәлігі.

Ана мен бала мемлекеттің баға жетпес қазынасы, ұлттың тірегі. Ендеше, осы екі асылдың демократиялы, зайырлы, құқықтық мемлекетте алаңсыз, бақытты күн кешуіне жағдай жасау атқарушы билік құзырында.

М.МУРАТОВА,

Ақтөбе облысының Мұғалжар аудандық

әділет басқармасының жетекші

маманы

Exit mobile version