05-05-18 |
5420 рет қаралған
Қылмыстық сот ісінің оңтайлы моделі жасалды.
Қылмыстық сот ісінің оңтайлы моделі жасалды

2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасының алдына қойған мақсаты үлкен еді. Бірақ, ұзақ уақытқа жоспарланған бұл құжаттың қандай нәтижеге жететіні бәрімізге жұмбақ болды. Әрі толық орындалуы да көп күмән туғызған-ды. Алайда, белгіленген уақытқа жақындаған сайын тұжырымдамада көзделген межеге жақындап қалғанымыз анық аңғарылады.

Тұжырымдаманың ең басты мақсаты қылмыстық құқық саласындағы мінсіздікке қол жеткізу, азаматтар құқығының сапалы қорғалуына мүмкіндік туғызу, күштік құрылымдардың халық алдындағы беделін көтеруге бағытталған. Осыған орай, заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті камтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғау, мемлекеттің кез келген құқық бұзушылыққа ден қою әрекетінің бұлтартпастығын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік (толерантты болмау)» принципін мүлтіксіз ұстану міндеті жүктелді. Сонымен қатар, қылмыстарды жылдам әрі толық ашу, оларды жасаған адамдарды әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмысқа қарсы күресте азаматтармен өзара іс-қимылдар жасасу басты басымдық ретінде белгіленді. Бұл мақсатқа жету үшін отандық заңнамадағы Қылмыстық, Қылмыстық процестік, Қылмыстық атқарушылық кодекстері жаңғыртылды. Қоғамдық тәртіпке, әділеттіліктің салтанат құруына мүдделі органдардың жұмыс нысандары мен әдістерін жетілдіріп, кадр саясатының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігі мен тәртібіне деген талапты күшейтуге қадам жасалды.

Қылмыстық процесті жеңілдету және оның тиімділігін арттыру, оның ішінде сотқа дейінгі іс жүргізу тәртібін оңайлату, қылмыстық сот ісінің оңтайлы моделін жасау бойынша жүргізілген жұмыстардың да нәтижесі көңілден шықты. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының қолданысқа енгізілуі құрылым жұмысына жаңаша сипат берді. Қарапайым істер бойынша шешімдерді жылдам реттеу, олардың түсінікті, анық та тұжырымды болуы талап етілуде. Осы мақсатта Қылмыстық процестік кодекске жаңа институт – бұйрықтық іс жүргізу енгізіліп отыр. 8 бап аясында реттелген бұл жаңашылдық сотқа дейінгі және соттағы бұйрықтық іс жүргізудің тәртібін дәйектеп берді.

Қазіргі кезде сот тарапынан бұйрықтық іс жүргізудің тәртібі мен мақсатын жан-жақты түсіндіретін арнайы шаралар ұйымдастырылуда. Мұндағы мақсат жаңашылдықтың қарапайым халық мүддесі үшін жасалғанын ұғындыру, оның қандай істерде қолданылатынын көпшілік назарына ұсыну. Айталық, бұйрықтық іс жүргізу – бұл сот отырысын жүргізбей, сот тарапынан айыппұл тағайындаумен, айыптау үкімін шығарумен қаралатын қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар бойынша іс жүргізудің дербес нысаны. Жедел жүргізілетін бұл істердің артықшылығы аз емес. Мұндай игілікті өзгерісті енгізу сотқа дейінгі іс жүргізу органдарының жұмысын жеңілдетуді, қысқа мерзім ішінде маңызы болмашы айқын қылмыстық істерді аяқтап, бұзылған құқықтарды тез арада қалпына келтіруді, тергеу мен сот органдарының назарын анағұрлым қиын істерге аударуды көздейді. Тағы бір есте ұстар жай,  бұйрықтық іс жүргізу тек қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстарға ғана қолданылады.

А.Ихласбайқызы,

Алматы қаласы Жетісу аудандық №2 сотының судьясы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.