Қытайдағы қазақтар жайлы Үкіметте арнайы отырыс өтті. Қытайдың саяси қысымына түсіп, айдың күні аманында айдау көрген, темір торға тоғытылып, кісенделген қандастарымыз туралы кейбір деректер айтылды. Депутаттардың деректі сауалдарына министрлер жауап берді. Біз Астанадағы алқа-қотан жиында айтылған әм айтылмай қалған ақпарларға аз кем шолу жасағанды жөн көрдік.
Мәжілісмен Бекболат Қанайұлы Қытайдағы қандастардың жайын сөз етіп, екі бірдей министрліктің, Ішкі әм Сыртқы істер министрлігінің басшыларын жауапқа алды.
Депутаттың сауалы. Министрдің жауабы.
«Қытайдан, Өзбекстаннан, басқа алыс-жақын мемлекеттен Қазақстанға азаматтық аламыз деп тарихи отанына келіп, босып жүрген халық көп. Онсыз да құжатын реттей алмай, сандалып жүрген азаматтарды заңсыз жүрсің деп айыптап, соттың шешімін шығарып жатқанымыз өтірік емес. Біздің атымызға бала-шағасы, отбасы мүшелері жан-жаққа шашылып кеткен азаматтардан арыз-шағымдар көптеп түсуде. Қандай да бір үкіметтік жеңілдікпен құжатын реттеп беруді сұрап жатқан ел көп-ақ.
Көбінесе келетін адамдардың бәрі аса сауатты емес. Диқандар, малшылар келеді. Мысалы, Қытайдан келген 24 жастағы жігіт тарихи отанының азаматы боламын деген ниетпен Алматы облысына құжат тапсырды. Содан ықтиярхатын күтіп жүргеніне үш ай толмай, елде заңсыз жүрсің деп айыптап, еліне қайтсын деген соттың шешімі шыққан. Енді жасыратыны жоқ, Қытай билігінің бүгінгі саясаты қазаққа аса қолайлы болып отырған жоқ. Ол жерде әрі-сәрі күйге түсіп, кәдімгі тағдырдың талқысына түсіп қалған қандастарымыз қаншама. Ондай нәрсені жүрегіміздің түкпірімен түсінбесек және болмайды. Бұл сыртқы істер министрілігінің жігіттеріне де айтылатын нәрсе.
Жалпы, көмектесуден гөрі, кедергі жасау оп-оңай. Маяны жинаудан гөрі, бір сіріңкемен өртеп жіберу оп-оңай. Еліктіруден гөрі, қаштыру оңай. Халықаралық ратификациялар, конвенциялар бар. Онда бөлініп-жарылған отбасыларды қайта қосуға ықпал жасауға негіз болатын халықаралық құжаттар жоқ емес. Соған сүйене отырып, бір қайранын жасауға болмай ма? Қандастарымыз босып кетті ғой, қиналып жатыр ғой. Не істерімізді білмейміз. Тепсініп айтуға да халықаралық жағдай онша келе бермейді. Бірақ осындай нәрселерге жеңілдікпен қарасақ. Кейде заңды, бірақ әділетсіз болып жатады. Заңға қарсы шығуға болмайды әрине, бірақ заңның ішінде түрлі амалдар бар ғой, осыған көмектесуге мүмкіндік бар ма? Сізден министр (Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов – авт. Ескертпесі), азамат ретінде осыны өтінген болар едім. Бізден талап етіп жатқан елдің аманатын жеткізіп отырмын, ағайын», — деді депутат Тілеухан.
Бұл Мәжілістің III, IV, VI-шақырылымына биліктегі доминант партия – «Нұр Отанның» тізіміне енген әм тағайындалған көнекөз депутаттың өз сөзі.
Қасымов…
Депутаттың дегеніне генерал Қасымов жауап берген болды. Алпысты алқымдаған Қасымов 2011 жылдан бері Қазақстанның Ішкі істер министрлігін басқарып келеді.
«Оларға көп жағдай жеңілдетілген. Оралман мәртебесін алғаннан кейін бір жылдың ішінде бізге арыз беріп, азаматтық алу керек. Көпшілігі бір жылды өткізіп алып, 15-17 айдан кейін тапсырады. Сосын заң бойынша біз оны қайтарамыз. Енді қазір біз заңға өзгеріс енгізейін деп жатырмыз. Уақытты созып, жеңілдік жасайын деп жатырмыз. Қалған сұрақтарды түсіндік», — деді Қалекең.
Тілеуберді…
Одан кейін, Сыртқы істер министрлігінің атынан сөйлеген вице-министр Мұхтар Тілеуберді болды. Тілеуханның сұрағына Тілеуберді былай деп жауап берді:
«Қытайдан келген қазақтар жеңілдікпен азаматтық алатын болды, одан кейін олар Қытай елшілігіне барып, төлқұжаттарын тапсыратын. Ал енді Үрімші жаққа қайтып барған кезде олар тұрақты тіркеуден шықпағанына байланысты қамалып отыр. Өйткені олар тұрақты тіркеуден шықпағаннан кейін қосымша әлеуметтік төлемдерді алып отыр екен. Осыны себеп қылып жергілікті үкімет тыйым салып жатыр. Осындай мәселелер туындауда», — деп сөйледі.
Сөйтіп, Қытайдағы қазақтар мәселесінің ши күрмеуін біржолата шешіп бермесе де, Ши командасындағы шенеуніктермен сөйлесіп қайтатынын айтты. Сол үшін Үрімжіге аттанбақ екен.
Божко былай дейді: Еліміз арқылы Еуропаға жол салғандар – Ауған мен Бангладештен келгендер
Соңғы 3 жылда 5 миллион 600 мыңнан астам шетелдік келген. Олардың дені ТМД-да тұратындар. Яғни, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей азаматтары.
620 мың адам Түркия мен Қытайдан келген еңбек мигранттары сапында тіркелген. Бұл Қалмұхамбет Қасымовтың дерегі.
Айтпақшы, бір кездері Қасымовтың қарамағында қызмет істеген, бүгінде вице-спикер болып төрде отырған Владимир Божко де біраз дерек жинапты.
Сөйтсе, 2 трансұлттық қылмыстық топ елімізде тіркелген 85 компания арқылы Қытайдан Қазақстанға жаппай заңсыз адам кіргізумен айналысқан екен.
Күні бүгінде 49 ауған азаматы өздері қазақ болмаса да оралман қазақтың мәртебесін алмақ болған. Олар қазір іздеуде көрінеді. Оған қоса, Бангладеш пен Ауғанстан азаматтары біздің еліміздің аумағын Еуропаға өту үшін пайдаланады екен. Бұл да Божконың дерегі. Вице-спикердің айтуынша, шекара асып жеткен мигранттардан төнетін басты қатер – терроризм.
Не десек те, былтыр Қытайдан келген 30 мың адам Қазақстан азаматтығын алған. Олардың 25 мыңы жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алған. Бұл ҚР ІІМ, Қөші-қон полициясы комитетінің басшысы Сабыржан Сейтжановтың мәліметі.
Сөйтіп, Мәжілістегі талқы әм Үкімет өкілдерінің есеп-қисабының ұзын-ырғасы осы болды.
Ауызымыздың қуысында айтылмай қалған не сөз?
Дейді ғой. Десе де, Қытайда қамауда жатқан қазақтың жайы не болмақ, енді? Бәрімізді мазалайтын осы сұрақ. Олардың ішінде Қазақстан Республикасының азаматтығын әлдеқашан алған адамдар бар емес пе?! Олар енді толыққанды Қазақстан адамдары. Ал Ши төраға «мәңгілік» билемекке бекінген Қытай билігі Қазақстанның азаматтарын қамап қойғанын неге айтпадық?
Иә, Бекең қызыл эмоцияға берілмей, саяси тілмен сөйледі. Абайлап сөйледі. Солай болуы керек те шығар.
Қытай билігінің территориясы бүтінделген, Халықаралық дәрежеде мойындалған Тәуелсіз Мемлекеттің адамын нақақ қамап, миын улап, идеологиялық насихатын жүргізіп, еліне жібермей отырғаны тағы рас. Біздің Парламент мұны неге ашық айта алмады? Мейлі, Қытайдан келіп, азаматтық алып үлгермеген қандастарымыз ресми Қытай азаматы болып есептеледі делік. Олардың бас амандығы үшін тілімізді тістеп сөйлеген болдық. Ал Ши төрағаның тұтқынына айналғандардың ішінде Қазақстан азаматтығын алған қазақтар да бар ғой.
Біз Бекеңді сөге сөйлеп, тілін тістеп қалды демейміз. Бекең, жұрт айтпаған, айтуға аузы қисайып қалардай қорқақтап жүрген мәселені көтерді. Осыған дейін Қытайдағы қазақтар мәселесін Парламент мінберінен айтқан депутат ілеуде біреу. Соның бірі Бекең. Өзі де талай шекара асып, шеттегі қазақпен дидарласып жүрген соң, біледі ол жақтың ауа-райын.
20 қазақтың жайы не болғанын Бекең біле ме?
Бекең Шыңжаңдағы қазақты елге қайтаруы керек деген сөзі үшін Қытайдың жауы болған, қазір. Шыңжаңда Бекеңмен суретке түскен 20 шақты қазақ қамалған еді. Бұл ақпаратты ағылшын тілді «rfa.org» жария еткен. Олардың кейбірі түрмеге түскен. Кейбірі оқу-тәрбиелеу лагерлеріне жіберілген. Қазір ол азаматтар жайлы ақпар жоқ.
http://abai.kz/post/63957
Мәселе өте орынды көтерілді. Және дер кезінде. Өйткені, Ши төраға салған сүргіннің салқыны әлі сезіліп тұр. Әуелбаста қазақ пен ұйғырға жасалған қысымды – компартия төрағасы Шидің өз билігін авторитарлау жолында жасалып жатқан науқандық шарасы деп топшылаған едік. Ши дегеніне жетіп, Қытайды шексіз билеу құқына ие болғанымен, ондағы жұртты жайына қалдырған жоқ.
Қытайдағы қазақтардың жағдайы тым ауырлап кетті. Қырық жылғы көрші, геосаяси серіктесіміз деп сенген Қытай үкіметі қазақты террорист, экстремистердің сапына қосты. Құжаттарын тартып алып, Қазақстанға келіп-кеткен әр қазақты түрмеге жапты. Үйінде Құран ұстаған, діни оқулықты ұстаған, ескі кітаптарды сақтағандар сақшылардың жетегіне түсті. Жәбірін көрді. Қазақ жазушыларының кітаптарын оқығандар оқу-тәрбиелеу лагерлеріне айдалды. Себепсіз тергеліп, нақақ таяқ жеді. Тіпті, молда-қожалардың кейбірі түрмеде қайтыс болды деген ақпар да тарады. Қолыңнан келсе шауып ал деген бұл арандатушылықты, әпербақандықты, әлімжеттікті Ши тұтқасын ұстап отырған Қытай билігі күні бүгінге дейін жасап келеді.
Осы тұста айта кетейік, жоғарыдағы жайттарды ашық жазып, айтып жүргендерді сынап-мінеп отыратын кейбір топ бар. Олардың аргументі мынау: бұл мәселені ашық жазу – екі ел арасына сызат түсіреді-мыс. Сонда, бейбіт күнде бөтен елдің адамдарын нақақ жаламен қамап қою екі ел арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсірмей ме?
Елшілер елді неге аралап жүр?
Елшілік ел аралап жүр қазір. Не үшін? Кеше Астанада Қытай елшілері ЖОО оқып жатқан қандастарымызды жинап алып, жиналыс ашыпты. 9-көкекте Таразда да жиын өтті. Қытай елшілігінің өкілдері М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде Қытайдан келген студенттерді жиып, кездеу өткізген. Қытайдағы қазақтардың мәселесін біраздан бері көтеріп, қоғам талқысына салып жүрген Қыдырәлі Оразұлы осы жиынға арнайы барып қайтыпты. Біз Қытай елшілігінің екі нояны не мақсатпен ел аралап жүргенін сұрап білдік.
Тараздағы жиында елшіліктен келген екеудің бірі Ван шала-шарпы орысшалап сөйлеп, қасындағы Го-ны таныстырған.
Го: «Сендер өте бақыттысыңдар! Сендерді Қытай үкіметі осындай бақытқа ие етті. Шетелде оқытып, қамқорлық жасады. Қытай үкіметі сендерден үлкен үміт күтеді. Сендер елге қайтып, жұмыс істеуге борыштысыңдар. Қытай үкіметі өздеріңді қайда жүрсеңдер де қорғайды. Алматы және Астанада Қытай елшіліктері бар. Ол сендердің үйлерің. Сендер кез келген уақытта осы үйлеріңе барып, көмек ала аласыңдар. Қытайшаларың қалай? Менің байқауымша, сендер қытайшаны ұмытып қалған сияқтысыңдар. Қытай тілін ешқашан ұмытпаңдар және оны бірінші орынға қойып үйреніңдер. Себебі, сендер елге қайтқанда жоғарғы жалақымен жұмыс істейсіңдер», деген ауанда сөйлеген.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Мұхаметқали Сарыбековпен жеке сөйлескен Қыдырәлі Оразұлы Қытайдан келген студендердің де басы даудан азат емес екендігін біліп қайтты.
Күні бүгінде аталған оқу орнында білім алып жатқан 10 студенттің қысқы демалыс кезінде Қытайға барып, қайтпай қалғаны белгілі болды. Олардың 8-і даярлық курсында оқып жатқан болса, 2-еуі 1 курстың студенттері екен.
Ол балалардың есім сойы мінеки:
1. Амантай Гүлман. ШҰАР, Тоғызтарау ауданы. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің даярлық курсы. 13.02.2018 жылы Қытайға кеткен. Қайтып келмеген.
2. Еркін Аякөз. ШҰАР, Нылқы ауданы. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің даярлық курсы. 27.02.2018 жылы Қытайға кеткен. Қайтып келмеді.
3. Әптінәби Қалнұр. ШҰАР, Тарбағатай ауданы. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің даярлық курсы. 13.02.2018 жылы Қытайға кеткен. Қайтып келмеді.
4. Жарқын Периза. ШҰАР, Қорғас ауданы. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің даярлық курсы. 13.02.2018 жылы Қытайға кеткен. Қайтып келмеді.
5.Қуантай Қайрат. ШҰАР, Нылқы ауданы. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің даярлық курсы. 13.02.2018 жылы Қытайға кеткен. Қайтып келмеді.
6. Мәдениет Арзыгүл. ШҰАР, Нылқы ауданы. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің даярлық курсы. 13.02.2018 жылы Қытайға кеткен. Қайтып келмеді.
7.Нұрсәулет Мереке. ШҰАР, Тоғызтарау ауданы. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің даярлық курсы. 13.02.2018 жылы Қытайға кеткен. Қайтып келмеді.
8. Шұғыла Абалбекқызы. ШҰАР, Сауан ауданы. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің даярлық курсы. 13.02.2018 жылы Қытайға кеткен. Қайтып келмеді.
9. Слымбек Өркен. ШҰАР ауданы. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 1-курсы. 13.02.2018 жылы Қытайға кеткен. Қайтып келмеді.
10. Мәмтімін Әкімжан. ШҰАР, Тоғызтарау ауданы. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 1-курсы. 13.02.2018 жылы Қытайға кеткен. Қайтып келмеді.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Дереккөз: Abai.kz