26-09-18 |
3060 рет қаралған
Қызмет ету – әйелдің өз қабілетін көрсетудің мүмкіндігі.
Қызмет ету – әйелдің өз қабілетін көрсетудің мүмкіндігі

Әйелдің қызметке араласуынан, жетекшілік етуінен қауіп іздеп, сенімсіздік танытатындар жоқ емес. Әсіресе, азаматтар арасында «әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деген ұстаныммен өмір сүретіндер баршылық. Бірақ,  өмірдің өзі қыз-келіншектердің отбасының шеңберінен шығып, қоғамның ісіне араласатын, мемлекеттік мәселелерді шешетін, халықаралық түйткілдердің бел ортасында жүретін белсенді  қабілетін айшықтап берді. Зайырлы, құқықтық мемлекет болғандықтан, Қазақстан Республикасының конституциясында да ел азаматтардың тіліне, діни ұстанымына, жынысына байланысты бөлінбейтінін, тұрғындардың заң алдында теңдігін нақтылап берді. Мұндай жағдайда еркектер жоғары, әйелдер төмен тұруы керек деген сынды таласқа орын болмауы керек.

Дегенмен, қоғам болған соң түрлі пікірдің жүретіні түсінікті. Сондықтан, кейбір азаматтардың «әйелдің орны – отбасы» деуіне қызбалықпен қарап, күйіп, пісу артық. Өйткені, отбасының берекесін арттырып, жолдасына сүйеу болып, ұл-қызын ұлықты етіп тәрбиелеп жатқан әйелдердің қызметке бел шешіп кірісуі барлық мәселені тең ұстайтын әмбебаптығын айғақтайды. Өзі қалап таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істеу, халыққа қызмет ету – әйелге жауапкершілікпен қатар сенімділік сыйлайды. Осы сенім оларды адал да сапалы қызмет етуге итермелейді. Біздің сотта да бала күнгі ақ арманының жетегімен заңгерлік білім алып, төрелік алаңында қызмет етіп жүрген қыз-келіншектер баршылық. Кеңсе мамандарының, сот отырысындағы хатшылардың көпшілігі қыз-келіншектер. Ендеше, төрелік алаңының жұмысын ерлермен теңдей көтеріп жүрген қыз-келіншектердің қызметін пайдаланып қана қоймай, оларға ыңғайлы жағдай жасап, ынталандырып отыруды да ұмытпағанымыз жөн. Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов «осы уақыт ішінде сот жұмысын өз көзіммен көрдім, жақыннан бақыладым. Судьялардың күрделі де ауқымды жұмысы көбіне-көп өз бағасын алмай жатады. Осы істегі негізгі салмақ аудандық соттарға түседі. Онда қазір 1948 адам еңбек етуде. Соның 56 пайызы – нәзік жандылар», – деп атап өтті. Жауапты міндетті талапқа сай атқарып жатқан қазыларға алғысын айтқан төраға қыз-келіншектер иығына түсетін ауыртпалықтың қаншалықты екеніне  көпшіліктің назарын аударды.

Қазақта «әйелдің қырық жаны бар» деген тамаша тағылымды сөз бар. Бас биіміз атап өткен қиындықтар қыз-келіншектердің шынында да қырық шырақты, шыдамды екенін айғақтайды. Қызмет пен отбасын қатар алып жүрген әйелдерді қалай мақтаса да жарасады. Жақып Асанов ерекше тоқталғандай, әйелдер расында да үш ауысыммен жұмыс істейді. Елден бұрын тұратын қыз-келіншектер алдымен отбасының жағдайын жасап, жолдасы мен балаларының керек-жарағын түгендеп барып, негізгі жұмысына – сотқа барады. Бұл жерде де әйел-судьяның текке отырмайтыны белгілі. Күнделікті жүктеменің қаншалықты жоғары екені тек осы салада еңбек етіп жүргендерге аян. Ал, әр күні қаншама процеске кіріп, том-том папкілерді ақтарып, қаншама азаматтың алдында іс қарайтын судьяға тараптардың барлығы алғыс айтып, ризашығылын білдіріп кетпейтіні тағы шындық. Сотқа келетін азаматтардың мінезі де, құқықтық сауаттылығы да, сөзді қабылдауы да әртүрлі. Бірі процесте тәртіп сақтап,  сот отырысындағы өз міндетіне жауаптылықпен қараса, екіншілері қазының сөзін бөліп, реті келсе айқай шығарып, бар екенін көрсетіп қалуға әрекет жасайды. Сотта бір тарап жеңілсе, бір тараптың жеңіліс табатыны түсінікті. Мұны да азаматтардың қабылдауы әрқалай. Бірі құқығының дұрыс қорғалғанын айтып, әділ қазылық үшін судьяға алғысын білдірсе, екінші жақ айғай шығарып, шешімге риза еместігін ашық айтып жатады. Осының бәрі жүрегі нәзік әйел-судьяларға үлкен салмақ.

Судьяның негізгі міндеті – істерді дұрыс таразылап, талапқа сай қаулы, шешім, үкім шығару дегенімізбен, әйел-қазылардың қызметі мұнымен шектеліп қалмайды. Бүгінгі заман талабы судьяларды қоғаммен етене жақын байланыс орнатуға мәжбүрлеп отыр. Сондықтан, судья уақыт тауып ізденумен қатар, әлеуметтік желілердегі, бұқаралық ақпарат құралдарындағы сот, судьяларға қатысты пікірлерге үн қосып, ой білдіріп отыруы қажетті тетіктің бірі болып саналады. Ашықтық – барлық саладағы қызметтің сапалық жақтан өсуінің кепілі. Қоғаммен тығыз байланыс орнатып, жұртшылықтың пікірін ескергенде ғана жетістікке жету қиын емес. Осыған орай, біздің сотта да сайттар уақытылы жаңартылып, судьялар ақпарат құралдары арқылы саладағы жаңалықтардың жаршысы болып отыр. Құрылымға енгізілген жаңашылдықтардың бүгінгідей жоғары қолданысқа ие болуына осы ұжымдық еңбектің көмегі көп болғаны анық. Соның ішінде сот саласындағы қыз-келіншектердің белсенділігі, тиянақтылығы, жауаптылығы бастамалардың өміршең болуына өзіндік үлесін қосуда.

Ізіңнен ерген іні-сіңлілеріне жол көрсетіп, тәлімгерлік таныту да – әйел-судьялардың сауапты жұмыстарының бірі. Сонымен бірге, судьялар арасында өтетін жарыс, байқаулардан қыз-келіншеткердің шет қалған кезі жоқ. Судьялар Одағы ұйымдастырған спорттық сайыстарда, байқауларда жеңіс тұғырына көтеріліп, көпшіліктің көзайымына айналған нәзік жандылар сөзімізге нақты дәлел.

Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асановтың: «Судья тәуелсіздігі – оларға жасалған қолайлы жағдаймен өлшенеді. Бізде қазылардың қалыпты жұмыс істеуіне мүлде жағдай жасалмаған. Сол үшін қаншама судья қызметтен кетіп жатыр. Осы жарты жылдықтың өзінде 50 судья қызметтен кетуге өтініш берді. Бір де бір судья жұмысқа қабылданған жоқ! Біз жыл сайын жүктемені өсіріп отырмыз. Көптеген құрылымдар өз міндеттемелерін судьяларға берген. Сотта қаншама қыз-келіншек жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында отбасын құрғандары да, әлі тұрмысқа шығып үлгермегендері де бар. Біз оларды қыруар жұмысқа көміп тастадық. Судьялардың атқарып отырған жұмысының 70 пайызы басқа құзырлы орындарға тиесілі. Осы мәселе біз ұсынған заң арқылы шешімін тапса игі» деген болатын. Бұл сөздерден төрағаның нәзік жандыларға деген жанашырлығын анық байқауға болады. Егер Жақып Қажыманұлы ұсынғандай сот атқарып отырған жұмыстар реттелетін болса, әйел-қазыларға түсетін салмақ та азаяр еді.

А.Мусина,
 Ақтөбе қаласының мамандандырылған
 әкімшілік сотының судьясы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.