Әр елдің тәуелсіздігін бекітетін, ішкі және сыртқы саясатына кепілдік беретін төлқұжатының болуы заңды. Конституция деген ортақ атау алған Ата заң да барлық мемлекеттегі егемендіктің құқықтық іргетасы саналады. Сонымен қатар, Конституция елдегі бүкіл заңдардың, кодекстер мен нормативтік актілердің атасы деп бағаланады. Кез келген заң жазылғанда ең әуелі оның Ата заңға сәйкес келуі, үндесуі, талаптарына қайшы келмеуі қадағалатыны сондықтан. Бүгінгідей қоғам дамуын, азаматтардың құқықтық әлеуетінің, сауатының артуын заңдардың сауатты жасалуымен, пәрменді орындалуымен байланыстыруымыздың астарында да үлкен мән жатыр.
Биыл Қазақстанның тәуелсіз ел атанғанына 27 жыл толса, өз Конституциямыздың қолданысқа енгеніне 23 жыл толады екен. Әлемдегі ең жас конституциялардың бірі саналғанымен, біздің Ата заңымызда адам құқықтарын сапалы қорғап, бостандығы мен еркіндігіне кепілдік берудің барлық тетіктері ескерілген. Бұған құжаттың әу баста тыңғылықты дайындалғаны түрткі болғаны анық. Тарихқа көз жіберер болсақ, қазіргі қолданыстағы Конституцияның бүкіл халықтық құжат болғанына көз жеткізер едік. Бабаларымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Кеңескен істе кемшілік болмайды» дегенді осындай бірлікпен, ынтымақпен атқарылған істердің жемісті нәтижесін көрген соң айтқан болар.
Олай дейтініміз, 1995 жылғы Конституцияның жобасын талқылауға 3 млн. 345 мың отандасымыз атсалысқан екен. Осынша адамның жобаға қатысты пікір жолдауы қазақстандықтардың құқықтық сауатының өскенін, өзінің тағдырына, мемлекеттің ертеңіне қатысты мәселелерге ерекше белсенділік танытатынын көрсетеді. Дәл осы кезде ел азаматтарының үштен бірі құжатқа қатысты өзінің пікір, ұсынысын жолдаған. Халықтық құжат болған соң, онда әр азаматтың ұстанымы ескерілетіні түсінікті. Осылайша, маңызды мәселеге үн қосқан отандастарымыздың пікірлері назарға алынып, Ата заңымызға 1100 түзету енгізілген. Конституцияның алғашқы нұсқасы жаңарып, тоқсан сегіз баптың елу бесіне елеулі өзгертулер мен толықтырулар жасалып, бұрын болмаған жаңа бөлімдер, баптар пайда болған. Мұның өзі елдегі іргелі істердің барлығы халықтың пайдасына шешілетінін, азаматтардың арман, мүддесі үшін жасалатынын көрсетсе керек. «Халыққа қарсы тұру, ағысқа қарсы жүзу» дейді бабаларымыз. Шынында да, «Халық қаһарланса, қамалды бұзатынын» тарихтан білеміз. Ал, билік пен халықты біріктірген Конституция елдің тыныштығын сақтап, татулығын нығайтудың үлгісі болып келеді.
Конституция 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы бекітілді. Референдумға сайлаушылардың тоқсан пайызы қатысып, олардың 81 пайызы Конституцияны жақтап дауыс бергені белгілі. Бәріміз білетіндей, бұл Конституция Қазақстан тарихындағы бірінші құжат емес. Бұған дейін Қазақстан аумағында 1924, 1936, 1978, 1993 жылдары Конституция жаңартылған болатын. Осы құжаттардың барлығы да өз дәуірінің тамырын дәл басуға, құқықтық еркіндіктің, бейбітшіліктің кепілі болуға лайықталып дайындалды. Ендеше, біз бүгін тұғыр етіп отырған Ата заңның алдыңғы заңдардан ерекшелігі немесе артықшылығы неде?
Ең алғашқы артықшылығы ретінде құжаттың халық пен биліктің бірлігінде дайындалуын, конституцияда азаматтар үнінің ескерілгенін ерекше атап өтуге болады. Мұны мемлекеттегі әр адамның құқығы тең екенін, пікірі назардан тыс қалмайтынын ұғындыратын тетік деп бағалаған орынды. Екіншіден, Конституцияда мемлекеттің үш тағаны ретінде заң шығарушы, атқарушы, сот билігі жеке белгіленіп, олардың құзыреті, жұмыс істеу тетігі, өзара әрекеті заң тұрғысынан айқындап көрсетілді. Үшіншіден, құжатта құқық пен жауапкершілік ұғымына теңдей әлеует беріліп, азаматтардың құқығы қалай қорғалса, жауапкершіліктен қашпауы да сондай басымдықпен зерделенген. Сонымен қатар, осы Конституцияда бұрынғы Конституцияларда шешімін таппаған мемлекеттіліктің мәні, жер, тіл, азаматтық, Парламенттің қос палаталы жүйесі, Президенттің құзыры, сот төрелігінің қызметі сияқты күрделі мәселелер заңдық тұрғыдан толық шешімін тапқан. Ата Заңымызда Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет екендігі айқындалып, басты құндылық – халық, тіліміз – қазақ тілі, заң мен сот алдында жұрттың бәрінің теңдігі, әркімнің ар-ождан бостандығына құқығының барлығы, Қазақстан Республикасын қорғау – әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті екендігі алтын әріптермен жазылды. Осынау қастерлі құжат туралы Елбасымыз «Біздің Конституциямыз – бұл Қазақстан халқының өз қалауы. Бағалауға және құрметтеуге тұрарлық таңдау. Конституция бойынша өмір сүру – бұл барлығымыз игеруге қажетті демократияның жоғары мектебі», – деген болатын. Ал, осы Конституциямыздың қабылданған күні, яғни 30 тамыз – бүкіл қазақ жұртшылығы үшін ұлы мереке. Себебі, еліміз сол сәттен бастап демократиялық-құқықтық мемлекет ретінде бойын тіктеп, әркім бейбіт елде еркін өмір сүріп, қалауымызша еңбек етіп, несібемізді табуға қол жеткіздік. Біздің Ата Заң – кешегі «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәукенің «Жеті жарғысының» заңды мұрагері іспетті.
Кейде заңды өзгермегеніне, қабылданған кезден бастап ешбір қалам тимегеніне қарап бағалап жатады. Шындығында, бүгінгі заман талабы, жаһандық даму үрдісі құқықтық құжаттарға да елеулі әсерін тигізіп жатыр. Соңғы кездері құқықбұзушылықтың түрі көбейіп, қылмыскерлердің айла-амалы түрленді. Батыстың ықпалынан ұлттық тәрбиенің, отбасылық құндылықтардың әлсіреп жатқан жайы бар. Осындай кезде мемлекеттік биліктің жұмысын ғана емес, адамдардың санасына әсер ететіндей заңдарға да өзгеріс енгізу қажеттілігі туындап отыр. Конституцияға соңғы жылдары енгізілген өзгерістердің түпкі себебі осында. Мысалы, 1998 жылы қолға алынған өзгертулерге байланысты еліміздің сот жүйесінде істерді қарау алқа билердің қатысуымен жүзеге асатыны нақтыланды. 2007 жылы енгізілген өзгертулерге орай Парламенттің өкілеттілігі кеңейтіліп, депутаттардың саны көбейді. Мәжіліс тараған жағдайда заң шығару қызметін Сенаттың атқаратыны конститциялық тұрғыдан реттелді. Ал, кейінгі өзгерістерге байланысты сот кадрларын іріктеп алу Жоғарғы Сот кеңесінің құзырына беріліп, тұтқындауға санкция беру Прокуратурадан алынып, Соттың құзырына өтті. Заңдағы өзгерістерден құқық қорғау саласы ешқашан шет қалған емес. Бұл да түсінікті. Себебі, елдегі қауіпсіздікті сақтамай, құқықтық мәселені түбегейлі шешіп алмай, күштік құрылымдардың жұмысын реттемей тұрып дамыған елдер сапынан көрінеміз деу қате. Соған орай, 2017 жылғы толықтыруларға сәйкес, заңдылықты қадағалаушы орган ретінде прокуратураның құзыретіне бірқатар жаңашылдықтар қосылды. Конституцияның 83-бабына жасалған түзетулер бойынша бүгінгі қадағалаушы орган өкілдеріне үш негізгі міндет жүктеліп отыр. Соның нәтижесінде прокурорлар бүгінде жоғары қадағалау, сотта мемлекеттің мүддесін білдіру және қылмыстық қудалау бағыты бойынша еңбек етуде. Бұл өзгерістер Елбасының Қазақстан халқына арнаған үндеуінен кейін қолға алынған болатын. Онда Мемлекет басшысы: «Біздің алдымызда билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу міндеті тұр. Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз. Сол себепті мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді» деп Президентке тиесілі 40-тан аса құзыреттің Парламент пен Үкіметке берілетінін айтқан болатын. Нәтижесінде атқарушы биліктің, соның ішінде прокуратураның да жауапкершілігі күшейді. Президент атап өткендей тиімді үкіметтің басты сипаты саналатын сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес мәселесіне, оның туындау себептеріне де қазір терең мән берілуде.
Жоғарыдағы конституциялық реформаларға сәйкес, «Прокуратура туралы» заңның қабылданғанынан жұртшылық хабардар болар. Бұл заңда бұған дейін ешбір құжатта дәйектелмеген, прокуратураның жоғары қадағалаушы орган ретіндегі міндеттері айқындалған. Яғни, прокуратура енді жай орган емес, конституциялық мәртебесі бар құрылым.
Осындай үлкен міндеттер арқалаған прокуратура органы кәсіпкерлердің қорғаны десек шындықтан алыстай қоймаймыз. Шағын және орта бизнес – мемлекет дамуының күретамыры екенін Президент үнемі қайталап келеді. Расында, біздің елге инвестиция салғысы келетін шетелдіктер мемлекеттің жағдайын кәсіпкерлерге жасалған қамқорлыққа, қолдауға қарап бағалайды. Сондықтан, прокуратура да кәсіпкерлер жұмысына кедергі келтіріп, орынсыз қадағалау жасағандармен тұрақты күрес жүргізуде. Жалпы, мемлекеттік органдарды прокурор тек екі жағдайда, мемлекеттік орган өзін-өзі қорғауға қабілеті жетпесе немесе жаппай көп адамдардың құқығын бұзып жатса, екіншіден, мемлекеттік органның жұмысы адамдардың өміріне немесе қоғамға қауіп төндірсе ғана тексереді. Бұл шектеулер барлық органдарға қатысты емес. Бақылау, қадағалау, әсіресе бизнесті тексеретін 60-қа жуық орган бар. Оларға талап бөлек. Прокуратура осы ұйымдар міндеттерін дұрыс орындамай, шектен шығып жатқанда ғана іске араласуға құзырлы.
Мемлекеттің биліктің бір тармағы ретінде прокуратура органы құқықтық реформалардың жүзеге асуына ынталы. Қазіргі кезде заңдарды ізгілендіру, құқықбұзушыларға жаза тағайындағанда балама жазаларды қолдану бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосылғалы отырған Қазақстан үшін маңызды талаптың бірі. Бірнеше жылдан бері жүйелі атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қазір түрме тұрғындарының саны үш есе азайып, балама жаза тағайындау практикасы кең етек жайды. Пробация қызметінің жандануы бостандығынан шектелген жандарға қателігін түсінуге мүмкіндік берді. Қылмыстық процестік кодекстегі «қылмыстық теріс қылық» ниститутының қоғамға келтірген пайдалы тұсы осында. Қазіргі кезде заңнамаларды тағы да жаңғыртып, қылмыстық теріс қылық жасағандарға берілетін жазаны айыппұлға ауыстыру мәселесі қаралуда. Түптеп келгенде мұның барлығы елдегі құқықтық жағдайды қалыпты ұстауға, тәртіпті сақтауға, сол арқылы азаматтардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтуға бағытталып отыр. Заңды ізгілендірудегі мемлекеттің негізгі мақсаты қателескен азаматтарды қолтығынан демеу, қатарға қосу. Өйткені, біздің конституциямыздың өзі «мемлекеттің ең басты байлығы – адам» дейді.
Мұрат Тілеубердиев,
Алматы қаласы Әуезов ауданының прокуроры