10-07-18 |
5120 рет қаралған
Заңгерлерге үндеу.
Заңгерлерге үндеу

Судья – абыройлы лауазым. Кез-келген заңгердің ең биік шыңы. Бұл жай ғана қабілет емес, сонымен қатар айрықша бедел, әрбір шешім үшін жауаптылықты, әділеттілік пен заңдылықты жоғары  деңгейде сезіне білу. Ойшылдар судьяны «сөйлейтін заң» деп жайдан-жай айтпаса керек.

Біздің қоғамда судьялар – билер соты дәстүрін жалғастырушылар. Олар ар-ожданның, әділдіктің, шешендік өнердің, терең білім мен басқа да қасиеттердің эталонына айналды. Ұлы даланың мызғымас абыройы мен сеніміне ие болды. Қазақ хандығының өркендеу дәуірі Әйтеке, Қазыбек және Төле билердің есімдерімен байланысты болуы тегіннен-тегін емес.

Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен республикада сот жүйесін жаңғырту жүргізілуде. Оның ең маңызды міндетінің бірі – судьяларды іріктеу жүйесін жолға қою. Судьялық қызметке ең лайықтылар мен дайындығы мықты үміткерлер ғана келуі тиіс. Ол үшін күрделі және, ең бастысы, ашық конкурс қажет. Жоғарғы Соттың бірінші басым бағдарламасы «МІНСІЗ СУДЬЯ» деп аталуы да сондықтан.

Біз судьяларды іріктеу мен олардың карьералық өсу жүйесін жетілдірудің кешенді шараларын пысықтаудамыз. Бұл жұмыс Жоғары Сот Кеңесімен бірге жүргізілуде.

Осы орайда сот біліміне ерекше назар аударылып отыр.  Бұл – сот билігін жақсарту мен жаңа заманғы судьяларды даярлаудың шешуші факторы. Осы міндетті Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясы толығымен орындап келеді. Академия шетелдік озық тәжірибе негізінде құрылған. Бүгінгі күні ол – оқыту бағдарламасы сот жүйесінің нақты сұраныстарын ескеретін еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны.

Сот төрелігі академиясының түлектері басқаларға қарағанда бірқатар артықшылықтарға ие.

Оның себебі мынадай:

Біріншісі. Болашақ судьяларды Жоғарғы Соттың судьялары мен жетекші сарапшылар оқытады. Оқу барысында судьялардың күнделікті жұмысындағы мысалдар кеңінен қолданылады. Шетелдік, соның ішінде үздік құқық мектептеріндегі тәжірибеге ерекше назар аударылады.

Екіншісі – практикалық машық: оқыту мерзімінің 60%-ы сот органдарында тәжірибеден өтуге арналған.

Үшіншісі – шыншылдық, адалдық, бейтараптылық сияқты жеке қасиеттерді дамыту. Өзін-өзі жетілдіре білу. Тұлғалық даму бойынша үздік бағдарламаларды қолдану. Академияда бұған аса мән беріледі.

Іріктеу сапасын арттыру мақсатында магистранттарды қабылдау тәртібі өзгертілді.

Емтиханның бірі – құқық салалары бойынша нақты кейстерді шешу.

Бұдан кейін эссе жазылады. Үміткер өзі жайлы, өзінің еңбек жолы және не үшін Академия магистранты болғысы келетіні туралы әңгімелеп беруі тиіс.

Қажетті ұпай жинаған әрбір үміткердің кәсіби қасиеттерін анықтау үшін өзім және Жоғары Соттың басқа да өкілдері олармен әңгімелесу өткіземіз.

Академияны қаржыландыру ережесіне сәйкес үміткерлер мемлекеттік қызметші болуы тиіс екендігін бірден атап өткім келеді. Оқу кезінде олардың еңбек өтілі мен жалақысы сақталады. Сонымен қатар судьялыққа үміткерлердің заңгерлік жұмыс өтіліне қатысты қойылатын заң талаптары бар.

Егер жігерлі болсаңыз, алдыңызға мақсат қойып, соған ұмтылсаңыз және өз өміріңізді заң мен қоғамға қызмет етуге арнаймын десеңіз, онда Сізді Сот төрелігі академиясының магистратурасына шақырамын. Бұл оқу орнында судья болу үшін қажетті білім мен қабілетке ие боласыз.

Қабылдау барынша объективті түрде өтеді. Мен комиссияның жұмысы ашық, әділ болатынына кепілдік беремін. Академияға ең лайықтылар ғана түседі.

Біз Қазақстанның соттарында үздіктердің үздігі жұмыс жасағанын қалаймыз! Солардың бірі болыңыз! Еліміздің дамуына өз үлесіңізді қосыңыз! Сізді күтеміз!

Толық ақпаратпен htpp://academy.sud.kz сайтындағы «Оқуға түсушілер үшін» бөлімде танысуға болады.

Жақып Асанов

Жоғарғы Соттың

Төрағасы                                                                                               

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.