Үш жыл дегенде «Норман төрттігінің» кездесуі ақыры өтті. Сонымен қатар бұл саммит Владимир Путин мен Владимир Зеленскийдің ең алғашқы кездесуінің алаңы болды. Саммит сегіз сағатқа созылды, оның ішінде үзіліс кезінде Ресей мен Украина президенттерінің екіжақты пікір-алмасуы да бар. Саммит пен пікірталас нәтижесі туралы РИА Новости хабарлады.
Бейбіт ереуіл
Парижде таңертеңнен бастап халық ереуілдеп жатыр. Зейнетақы реформасына қатысты наразылықтарға байланысты қаланың метросы жұмысын тоқтатқан, трамвайлар да жүрмейді. Эммануэль Макрон президенттік кезеңнің ортасына бүкіл мемлекеттік сектордың – көлік, аурухана, мектеп қызметкерлерінің ереуілімен әупірімдеп жетті. Көптеген журналист Елисей сарайына әрең жетті, өйткені жолдың бәрі – кептеліс. Жолдағы жалғыз сенімді құрал – велосипед.
Бірақ Елисей сарайы айналасы тыныш екен. Біраздан соң мұнда бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шу шығарды. Кешігіп келгендер барлық тіркеу процедурасынан өтіп, сарайға кіргенде Макрон барлық қонақтарын кезекпен қарсы алып қойған болатын, олар тек Франция президентінің Зеленскиймен құшақтасуының ғана куәсі болды.
Украина Президентіне шынымен де оңай болған жоқ. Мұндай ортада бірінші рет болғандықтан бірнеше мәрте ол хаттаманы бұзды: дөңгелек үстелге отырарда орнын таппай, шатасып қалды, фотографтар барда келіссөзді бастап жіберді («Қазір барлығы шықсын, сосын бастаймыз», – деді Путин оған ымдап), содан кейін қолындағы папканы жерге түсіріп алып, ішінде орыс және украин тілдерінде жазылған парақтар жерге шашылып, бүкілдүниежүзілік ақпараттық агенттіктердің нысанына ілініп, баршаға жария болды.
Киевтегі түнгі ереуіл
Бұл уақытта Киевте президент әкімшілігі ғимараты алдында «Банковойдағы қарауыл» акциясы өтіп жатты. Украина белсенділері түні бойы сол жерде болып, саммиттің алғашқы нәтижелерін күтуге ниет білдірген. Негізінен, бұрынғы президент Петр Порошенконың төңірегінде топтасқан ұлтшылдар мен саяси күштер Зеленскийдің Путинмен тілдесіп, жеке кездесуіне қатты қарсы. Олар кез-келген екеуара келісімді «капитульяция» деп тануға дайын. Оларда әлі де наразылық білдіру немесе бәрін доғару туралы таңдау болған.
Ресей мен Украинаның президенттері арасындағы жеке-дара байланыс күтілген уақыттан бұрын болды. Бастапқыда олар газ мәселесін «норман форматында» талқылайды деп жоспарланған, алайда келіссөзді бірлескен түскі асқа дейін өткізіп, жалпы баспасөз конференциясын да жасап жіберді. Ол арада талқыланған басты мәселе – газ жайы болғанына ешкім күмәнданған жоқ: Зеленскиймен Парижге «Украина Нафтогаз» АҚ атқарушы директоры Юрий Витренко бірге еріп келді, ал Путин «Газпром» басшысы Алексей Миллер және Ресейдің энергетика министрі Александр Новакты ертіп келді.
Жанар-жағармай транзиті бойынша қолданыстағы келісімшарттардың мерзімі аяқталып қалды. «Нафтогаздың» атқарушы директорының айтуынша, тараптар келіссөздерді әртүрлі форматта жалғастыруға келісті: екіжақты, Еуропалық Комиссиямен үшжақты, «міне содан кейін өзара келісім бола ма, сол кезде бәрі белгілі болады». Қысқасы, Парижде газ мәселесі шешілген жоқ. Бұл кештегі алғашқы сәтсіздік болды.
Ұзаққа созылған кешкі ас
Екіжақты кездесу аяқталып, төрт елдің президенттері кешкі асқа кетті. Қалғанның бәрі күтіп, қала берді. Бір сағат, екі сағат өтті, тыныштық, бұл үнсіздікті делегация мүшелері бұзды. Украинаның ішкі істер министрі журналистер отырған залға кіріп келді, оны тілшілер бірден қоршап алды.
«Жұмыс атмосферасы жақсы», – деп өз пікірін білдірді Арсен Аваков.
– Президент Зеленский өзін өте жақсы ұстап, өз позициясын мықты ұстанып отыр, сатқындық жоқ. Әңгіме жүріп жатыр, әзірге мемлекеттік позиция тұрғысынан бәрі дұрыс, – деді ол. Аваков орыс журналистерімен орыс тілінде сөйлесті.
Содан кейін Украина Президентінің баспасөз хатшысы Юлия Мендель келді. Оның айтуынша, онда Қырым мәселесі талқыланбаған.
Біраз уақыттан кейін залда отырған украиналық журналист Дмитрий Гордон ресейлік телеарналарға өз дереккөзіне сілтеме жасай отырып, Зеленский Путиннің назарына өздеріне ортақ есім – Владимирдің соңғы «мир» дегені – «бейбітшілікті» білдіретініне назар аудартқанын айтты. «Мен тек тыныштықты қалаймын», – деген Зеленский.
Басқа журналистердің жеткізген ақпараты көңілді көншітпеді. Саммитте ДХР және ЛХР республикаларындағы сайлау туралы және шекараны бақылау туралы келісімге ешкім келе алмаған. Газ жағдайындағыдай «келісімді басқа форматта жалғастыруға келіскен».
Келісімдер болмады емес, болды
«Қызу пікірталас болды». Осындай сөзбен Макрон көптен күткен баспасөз конференциясын бастады.
Кешкі астан төрт көшбасшы түн ортасында шықты (Мәскеу уақыты бойынша түнгі екіде). Саммит иесі өзінің кіріспе сөзінде Украинаның шығысындағы қақтығыстың бес жылында 13 мың адам қайтыс болғанын, бұл «Еуропаның денесіндегі ашық жарақат» екенін баса айтты. Ол бірден «норман форматында» жаңа саммиттің уақытын белгілеп, оның төрт айдан кейін өтетінін айтты.
Меркель шаршап-шалдығып тұрғанына қарамастан саммиттегі келісімдерді тізбектеп айтып берді: атысты тоқтату, күштерді шығару, жарылғыш заттардан тазарту және 2020 жылдың наурызына дейін Луганск өңірі бұл процеске тартылуы керек (олар үш елді-мекенде әскерилерді орналастыруға келісті). Мұндағы жайтты енді он екі сағат бойына емес, ЕҚЫҰ күштері тәулік бойына бақылауға кіріседі.
«Сонымен, біз саяси реттеу туралы, ерекше мәртебе туралы заң туралы келісіп жатырмыз», – деп қосты Германия канцлері.
Зеленский өзінің бейбітшілік жағында екенін тағы бір мәрте қайталады. 2019 жылдың соңына дейін атысты тоқтату режимін қосу – бұл алғашқы келісім. 31 желтоқсанға дейін «барлығын барлығына» бойынша тұтқындарды алмасу – екіншісі болып табылады. Барлық қамауға алынған адамдарға Қызыл Крест қызметкерлерінің көмегіне жүгінуі – бұл тағы бір жаңа шарт түрі болды. Сондай-ақ Украина заңнамасы мен ЕҚЫҰ стандарттары бойынша сайлау мүмкіндігі туралы.
«Төрт айдан кейін біз Украинаның бүкіл шекараны бақылауға алуы қалпына келтіру мәселесіне қайта ораламыз деп сенемін», – деді Зеленский.
Ол Украинаның халқы ешқашан федерацияға бөлінуге келіспейтінін және ол президент ретінде халықтың еркін орындайтынын баса айтты. Ол ЛХР мен ДХР республикаларының өкілдерімен сөйлесуге дайын ба деп сұрағанда, Зеленский кібіртіктеп жауап берді: «Мен Донбасс тұрғындарымен араласамын, мен олармен күн сайын сөйлесемін».
Путин өз сөзінде Минск келісімдерінің мызғымастығы, Украина конституциясына өзгерістер енгізу және Донбасқа ерекше мәртебе беру туралы мәселелерді айтты. Ол басқа шарттарды да еске алды: рақымшылық пен адамдардың еркін жүруі.
– Бұл жерде біз ірі жобалар мен гуманитарлық мәселелер туралы айтып отырмыз. Бірақ мұнда өмір сүретін қарапайым адамдар жайын да ұмытпайық. Біздің барлық келісімдеріміз олардың өмірін болашақта емес, қазір жақсартуға көмектесуі керек, – деді Ресей Президенті жиналғандарға.
Макрон кездесуді үй иесі ретінде қорытындылады: «Бүгін керемет келісімдер болған жоқ, бірақ бұл өте жағымды саммит болды. Біз бәрін қоя тұрайық деп жатқанымыз жоқ, керісінше дипломатиялық күштерді қайта қосуға көшеміз».
Путин залдан өзіне қойылған сұраққа былай жауап берді:
«Қандай да бір жақсылық нышаны бар ма дейсіз бе? Меніңше, бар. Ол жанар-жағармаймен қамтамасыз етудің өзекті мәселесі туралы. Мысалы, біздің пәтерімізде газ бар, ал сізде ше? Сізде де бар, сізде де болады. Егер келісе алсақ, тіпті арзанға түсіреміз», – деді ол.
Дерреккөз:kaz.zakon.kz