Қазақстанда жасөспірімдердің қолымен жасалған қылмыстар саны көбеюде. Оның себебі жастар 10 жастан бастап жасырмай-ақ құрамында алкоголі бар энергетикалық сусын, сыра ішуді әдетке айналдырған. Ал 14-15 жаста өздерін тым еркін ұстайды. Кейбірі тіпті араққа салынып, өздері қылмыстың құрбаны болып немесе қылмыс жасап түрмеге түсіп жатады.
Істі болып, сот алдына келген балалар соттан кешірім сұрайды. Бірақ, судьяның кешіре салуға құқығы жоқ. Өйткені, мемлекет атынан үкім шығаратын қазыға әр істі заң талаптарына сай таразылап, әділ де тура сараптап, дұрыс жаза кесу міндеті жүктелген. Оған эмоцияға берілуге болмайды, ол тек заң шеңберінде жасаған қылмыс үшін әділ жазасын беретін қазы ғана.
Міне, көктемнің алғашқы күндерінде Ақмола облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 336-бабының 1-1 бөлігі бойынша жасы он сегізге толмаған тұлғалардың қоғамдық орындарға мас күйінде келуі, сондай-ақ, олардың қоғамдық орындарда алкоголь ішімдіктер ішуіне қатысты келіп түскен істі қарап, баласының тәртібін бақыламаған 3 ата-анаға қатысты 3 әкімшілік іске нүкте қойды. Ал, ағымдағы жылдың 5 айында осы бап бойынша қаралған істер саны 128-ге жеткен екен.
Жасы он сегізге толмаған адамдардың алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға мас күйiнде келуімен қатысты құқық бұзушылық жасау барысында баланың әрекетіне ата-аналар немесе олардың орнындағы адамдар (қорғаушы, қамқоршы т.б.) жауапты. Судьялардың айтуларынша, жасы 18-ге толмаған тұлғалардың қоғамдық орындарда мас күйінде жүруі әлі тыйылмай отыр. Бұл өз кезегінде ат-аналардың да бала тәрбиесін назарынан тыс қалдырғанын дәлелдеп тұр.
Ата-аналардың бала тәрбиесін босаңсытып алғаны жасырын емес. Көпшілігі жұмысбастылығын айтып, балаға дұрыс көңіл бөлмеуінің себебін қызметімен байланыстырып жатады. Тіпті, балаға жақсы киім, сұраған тағамын әпергенін де тәрбие деп шатастыратындар баршылық. Ұл-қызының көңілін табу үшін сұраған ақшасын беріп, оны неге жұмсағанына қадағалау жасамайтындар да жеткілікті. Ал, артық ақша жасөспірім бала тұрмақ, үлкендердің өзін жаман әдетке үйір ететіні белгілі емес пе? Кешкісін балаларына көшеге шығуға рұқсат беретіндер де бақылаусыз баланы не күтіп тұрғанын білмейді. Сондықтан, ертеңгі күні бармақ тістеп қалмас үшін ата-анаға баласының әр бос уақытын пайдалы істерге арнауына мұрындық болған жөн.
А.РҮСТЕМБЕК