29-10-23 |
3790 рет қаралған
Жоғарғы Сот ардагер судьялар әлеуетін пайдалануы керек.
Жоғарғы Сот ардагер судьялар әлеуетін пайдалануы керек

Отандық сот реформадан кенде болған емес. Көпшіліктің талап-тілегін, өтініш-лебізін ескере отырып қолға алынған жаңашылдықтар құқықтық алаңда оң өзгерістердің орын алуына септігін тигізді. Бірақ тәуелсіздіктің отыз жылында жүзеге асырылған сансыз көп реформалардың кейбірі аяқсыз орта жолда қалса, кейбірі ел күткендегідей нәтиже берген жоқ. Мұның барлығы Президент айтып жүргендей сотқа деген азаматтар сенімінің сетінеуіне алып келді. Сенімді нығайтуды, беделді бекіту бір күнде атқарылатын шаруа болмаса керек.

 Ал беделдің мысқалдап жиналатыны кім-кімге де белгілі. Бүгінге дейін сот әділдігіне, судья тәуелсіздігіне байланысты күмән-күдігі көбейген саланы халыққа жақындату үшін не істеу керек? Бұл сауалға қатысты қызметтегі судьялардың айтары бір. Олардың пікірі сот жүйесіндегі жаңашылдықтар көпшілік көңілінен шығып жатыр дегенге саяды. Мұндай пікірдің орнығуын өзі қызмет еткен саланың кемшілігін судьялардың байқай бермейтінімен байланыстырған дұрыс шығар. Дегенмен, отставкадағы судьялардың саланы дамытуға, ілгерілетуге қатысты айтары бар. Өзі еңбек етіп, қыр-сырын жақсы білетіндіктен, ардагер судьялардың соттың бүгіні мен болашағына қатысты айтары мол. Мәселен «Жоғарғы Соттың отставкадағы судьялары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірсерік Қожабаев өз саласына жанашырлықпен қарап, жетістіктер мен кемшіліктерді, ізденістер мен іркілістерді қатар сараптап жүрген білікті маманның бірі.

Өмірсерік Сағындықұлының айтуынша, сот жүйесіндегі реформалардың судья жүктемесін азайтып, сот мәртебесін арттырудан бұрын, халыққа қолайлы, елге ыңғайлы екеніне көңіл бөлінуі тиіс. Соның ішінде кассациялық алқа құру азаматтар тілегін орындаудың бір көрінісі болар еді.  Өйткені статистика көрсеткендей, кассациядағы істердің тек 5 пайызы ғана қаралған. Ал бұл мәселені шешу үшін кассациялық алқа құру қажеттігін Жоғарғы Соттың өзі Мемлекет басшысына ұсыныс ретінде айтып отыр.

Дегенмен, бұл ұсыныс әшейін Жоғарғы Сотта жұмыс жүріп жатыр, азаматтардың өкпе-ренішіне, пікір-тілегіне көңіл бөлініп жатыр деген көзқарас қалыптастыру мақсатында қолға алынбауы керек. Реформа шын мәнінде ел өмірін жақсы жаққа өзгертуге, саланың жұмысын жүйелеуге бағытталғаны жөн. Сонда ғана оның нәтижесі көңілден шығады. Ал реформа жасау үшін қолға алынған реформалардың ғұмыры қысқа.

Бұл ретте Өмірсерік Қожабаев салаға келген соң ешбір зерттемей, зерделемей реформа жасауға дайын тұратын басшылардың жауаптылығын арттыруды ұсынуда. Ардагер судьяның бұл талабы да орынды. Өйткені, қазір жаңа келген басшылардың орынды-орынсыз бастама көтеруі белең алған. Жаңа бастамаларға кететін шығын мен келешектегі нәтиже оларды қызықтыра бермейді. Егер орта жолда қалған жобалар мен орындалмаған реформалар үшін басшылар жауап беретін болса, өзін ақтамайтын жаңашылдықтарды қолға алудан көпшілік именер еді.

Мәселен қазір кассациялық сот құру керек дегенді жалаулатып жатқандар баршылық. Бірақ, солардың көбі кассациялық алқаның тәжірибесін, кемшіліктері мен ағаттықтарын талдауға талпынбайды. Алқаның жұмыс істеу механизмін сауатты көрсетіп жатқандар да аз. Ал шындар келгенде кассациялық алқа деген сот маңдайшасындағы жазуды өзгерту емес. Оның үстіне, алқа жұмысын реттегісі келгендерге жаңадан велосипед ойлап табудың да қажеті жоқ. Өйткені, қазіргі әкімшілік істер жөніндегі алқада кассациялық шағымдарды қарау тәртібін кассациялық алқада қолданудың көмегі көп.  Кассациялық алқа жұмысында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің оң үстдістерін, соны қағидаларын басшылық алу оң нәтижеге бастары талассыз.

Өмірсерік Қожабаев кассациялық соттарды құрудағы қаржылық шығынның да елеусіз қалмауын алға тартып отыр. Себебі, мұндай соттарды құру қаржылық тұрғыдан үлкен шығындарды қажет етеді. Соның ішінде сот ғимараты, ондағы қызметкерлерге төленетін ақша, Жоғарғы Сот судьяларының санын қысқартып, оларды төменгі сатыларға жіберудің де теріс жағын атап өтеді. Жалпы, жоғарғы Сот судьясының төменгі сатыға ауысуы психологиялық, материалдық тұрғыдан қолайсыз екенін де ескерген дұрыс.

Сонымен бірге, Жоғарғы Сот отставкадағы судьялардың әлеуетін, жылдар бойы қалыптасқан мол тәжірибесін тиімді пайдалана алмай отырғаны ақиқат. Соның ішінде Жоғарғы Сот Кеңесі жанындағы Кадр резерві жөніндегі комиссияға доғарыстағы судьяларды қосудың тиімділігі зор. Негізі бұл комиссия сыртқы ықпалдан толықтай тәуелсіз болуы шарт. Алайда комиссия құрамында қызметтегі судьялар жұмыс істейтіндіктен, тәуелсіз пікір туралы ойлаудың өзі абсурд. Одан гөрі Жоғарғы Сот ықпалына түспейтін, өз бетінше жұмыс істейтін  отставкадағы судьяларды комиссия құрамына тарту кадр резервін қалыптастыру ісіне деген сенімді нығайта түсер еді. Ал бүгінде комиссия құрамы дұрыс жасақталмағандықтан, сот корпусына лайықсыз үміткерлердің қосылып кететіні түсінікті жағдай.

Сот жюриіне қатысты да осы пікірді айтуға болады. Бұл жерде де тәртіптік жауаптылығы таразы басына салынған судьяға қатардағы өз әріптестерінің пікір білдіріп, шешім қабылдауы логикаға қайшы. Одан гөрі от жюриінің сапына ардагер судьялар қосылса, бұл ұйымның бделі анағұрлым биік болары заңды.

Жоғарғы сотта судьялардың жұмысына баға беретін Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия бар. Оның да құрамына қатысты нақты шешім қабылдайтын уақыт жетті. Сондай-ақ, судьялар мен отставкадағы судьялардың басын біріктіретін республикалық Судьялар одағының жұмысы да іргелі өзгеріс енгізуді қажет етеді. Бүгінге одақтың тек мерейтой иелерін құттықтап, зейнетке шыққан судьяларға құрмет көрсетумен шектеліп отырғаны белгілі. Қазылардан жарналарды жинап, анда-санда спартакиада, жарыстар өткізуді мақсат тұтқан одаққа отставкадағы судьяның бірін төраға етсе, бұл құрылымның жұмысы да алға басары күмәнсіз.

Одақ шын мәнінде тәуелсіз, судьялардың құқығы мен мүддесін қорғайтын бірегей құрылымға айналу үшін оның жұмысын өзгерту кезек күттірмейді. Және ол өзгерісті Жоғарғы Сотқа бағынышты, жүйенің ішіндегі судьяның жасауы мүмкін емес. Бұл жерде де отставкадағы судьяның тәуелсіздігін, ой еркіндігін ескермеуге болмайды. Егер Судьялар одағы сияқты беделді ұйымға отставкадағы судья төраға болса, сот саласында шешімін таппай жүрген талай түйіннің тарқатылары анық.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.