фото: polisia.kz
Мас күйінде BMW автокөлігін жүргізіп, Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай ауылындағы блок бекетте жол апатын жасаған адам полиция қызметкері болуы мүмкін. Бұл туралы «Время» газетінің журналисі Михаил Козачков telegram каналында жазады.
«Полицейлер бір нәрсені – BMW-ның рулінде кім отырғанын айтпады. Үнсіз қалды. Өйткені мас жүргізуші полиция қызметкері Азат Азаматов болып шықты. Түсініксіз тұсы – ол полицияда қазір де жұмыс істей ме әлде жол апатына 40 секунд қалғанда жұмыстан шығарылған ба екен» деп жазады журналист.
25 мамырда Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай ауылындағы блок бекетте жол апаты болды. Мас күйінде BMW автокөлігін жүргізген адам бетон бөгетке соғылып, кейін полиция көлігіне соқтығысқан. Соның салдарынан полиция көлігіндегі екі полиция қызметкері көз жұмды. Үшінші полицей жансақтау бөлімінде жатыр. Бұған дейін ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев қаза болған полицейлердің отбасына көңіл айтып, көмек көрсетілетінін айтқан еді.