arasha.kz

Зиянды ақпарат бала өміріне қауіпті

«Айшылық жерден жылдам хабар алғызатын» жаңа байланыс түрлері сонымен қатар сенім-наным, ой-санамызға зиянды дүниелердің де қайнар көзіне айналды. Бұл әсіресе, өмірге көзқарасы толық қалыптасып үлгермеген жеткіншектер үшін қауіпті. Осы себептен балалардың интернетті бақылаусыз қолдануына тыйым салып, әлеуметтік желіге жұмсайтын уақытын шектеу маңызды.

Қазақстан әлемдегі ең жас мемлекет болғанымен сандық-ақпараттық технологияларды меңгерудегі ұландарымыздың қабілеті басқа елдермен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Сондықтан, мектеп оқушысының түрлі тапсырмаларын электрондық түрде алып, орындап, тексертіп отыруы қалыпты жағдайға айналып барады. Қала мектептерінің көбінде электрондық журналдар пайда болып, электрондық күнделік іске қосылды. Бұл қазірдің өзінде балалар өмірі электронды қызметке байланып, интернетке тәуелділіктің артқанының көрінісі. Яғни, баланың ақпаратқа қолжетімділігінің пайдасы да, зияны да аз емес. Пайдалы жағы ата-аналар балаларының сабаққа қалай қатысып жүргенін, оқу үлгерімінің қандай екенін күнделікті бақылап отыруға мүмкіндік алған. Өз кезегінде оқушыға кейбір қосымша тапсырмаларды, оқу материалдарын, слайдтарды ұстаздары тікелей жолдап, оқушының әрі қарай ізденуіне көмектеседі. Мұның өзі айналып келгенде қағазбастылықтан құтқарудың бір мүмкіндігі. Коммуникациялық құралдар заман ағымына қарай өзгеріп, толықтырылып және жүйеленіп отыратындықтан оның игілігін, артықшылықтарын мектеп оқушылары дер кезінде көріп пайдаланғаннан ұтпаса, еш ұтылмайды.

Дегенмен, балалардың жастайынан интернетке иек артуы оның дамуын, ізденуін тежейді. Қазір ақпараттық технология дәуірі. Олар оны игермей қалады деп үрейленуге еш негіз жоқ. Бала есея келе қаласа да, қаламаса да осы онлайн жүйесімен бәрібір жүздеседі. Сондықтан, балаларды қазір интернетпен емес, кітаппен достастыруға баса назар аударылғаны дұрыс. Осы бастан «Балдырған» журналын, «Ұлан» газетін үзбей оқитын, оның кезекті сандарын асыға күтетін етіп тәрбиелесек еш ұтылмаймыз. Бәріміз де солай өстік қой, содан жаман болғамыз жоқ.

Бастауыш мектепте оқып жүрген балаға электрондық пошта ашып берген соң оның ақпараттық қауіпсіздігіне толықтай кепілдік бере аламыз ба? Неше түрлі «спам» деп аталатын хаттар түседі. Тіпті біреулер қорқытып, үркітуі де мүмкін. Неше түрлі әдепсіз дүниелер жазатын, орынсыз қылжақтайтын адамдар да болуы мүмкін. Мұндай келеңсіз жайлардың бәрі баланың психологиясына кері әсер етеді.

Біреулер таныстық хат жолдап, әлеуметтік желілерге тарта бастайды. Мұның бәрі оларды лаңкестікке, өзге де қауіпті құбылыстарға тікелей шақырмаған күннің өзінде баланың уақытын ұрлайды. Сабаққа ұмтылудың, білімін жетілдірудің орнына жеңіл-желпі дүниелерге қызығып, негізгі міндетінен алыстатады. Сондықтан, баланы интернеттің түрлі «шабуылдарынан» қорғау мәселесі бүгінгі күннің өзекті проблемасына айналып отыр. Қазір балалардың үлкені де, кішісі де жаппай қалта телефондары арқылы желілерге шыға беретін болды. Оны жай байланыс құралы ретінде емес, көңіл көтеретін әдетке айналдырып алды. Егер сол желіден өздеріне пайдалы, білімдерін көтеретін дүние алып жатса, жақсы ғой. Өкінішке қарай олай болмай жатыр. Сондықтан, орта мектептерде балалардың планшет, айфон, смартфон деген құралдарды қолдануына шектеу қойған дұрыс. Тым құрығанда, сабақ уақытында өшіріп қоятын арнайы ереже жасап, ішкі тәртіп ретінде қадағалаған абзал. Өйтпейінше, ұстаздардың еңбегі зая кетеді.

Нұрлан Шынтаев

Exit mobile version