arasha.kz

Байсақова: Карантинде тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша шағымданғандар саны үш есе артты

Фото:time.kz

Фото:time.kz

Фото:time.kz

Карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық бүткіл әлемде көбейіп кеткенін айтып БҰҰ (Біріккен Ұлттар Ұйымы) дабыл қағуда. Әсіресе карантин тәртібі қатаң жүргізіліп жатқан мемлекеттерде отбасылық кикілжің тіпті өсіп кеткен. Осы ретте Қазақстанның да жағдайы мәз деп айтуға келмес. «Дағдарыс орталықтары одағының» төрағасы Зульфия Байсақованың айтуынша карантин кезінде 150 сенім телефонына хабарласқандар саны үш есеге көбейген.

– «Біздің сенім телефонымыз бар. Оның номері – 150. Осы сенім телефонына хабарласқандар саны карантин кезінде бұрынғыдан үш есе көп болды. Сол үшін біз WhatsApp арқылы хабарласуға ыңғайлы болуы үшін арнайы телефон сатып алдық. (Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі бойынша байланыс номерлері мақала соңында берілген, ред.) Себебі кей әйелдердің күйеулері қастарында ізін бақылап отыр. Мұндай кезде телефон шалып, «көмектесіңіздер!» деп айта алмайды. Мысалы жақында бізге бір әйел келіп түсті. Ол құрбыларына хабарлама жіберген, құрбылары біздің телефонды тауып, қоңырау шалған, сөйтіп біз полициямен бірге зәбір көрген әйелді құтқарып алдық. Ол қырық күн зәбір көрген екен. Күйеуі тамақ бермеген, ізі қалмасын деп ішкі органдарын мыжыған. Осындай да жағдайлар болған», -дейді Зульфия Байсақова «Араша» ақпараттық порталының тілшісіне.

Тұрмыстық зорлық зомбылықтың кейінгі кезде көбейіп кету себебін түсіндірген маман карантин кезінде халықтың тұрмыс жағдайы төмендеп кетуінің де әсері бар екенін айтып отыр.

– «Тұрмыстық зорлық зомбылықтың бірінші себебі, отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы. Өйткені елдің жүйкесіне қысым түскен. Жұмыс жоқ, әр түрлі төлемдер, кредиттер төлеулері керек, ел вирустан қанша адам қайтыс болғанын айтып жатыр, далаға шықпаңдар деп жатыр. Мұның бәрі адамдардың жүйкесіне әжептәуір әсер етеді.

Екінші себебі, бізде халық төрт қабырғаға қамалып отыра аламайды. Бір отбасындағы адамдар бір бірімен сөйлесуді, бірін бірі естуді ұмытып қалған және өз ашуларын басқара алмайды. Сондықтан да 24 сағат бір үйде отыру оларға кері әсер етіп жатыр. Осыдан барып, тұрмыстық зорлық-зомбылық шығады,» -дейді «Дағдарыс орталықтары одағының» төрағасы.

Зульфия Байсақова тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары заң орындары тарапынан жеткілікті қамқорлық көрмей отырғандығына налиды.

– «Біз осыған дейін құқық қорғау органдары бірінші кезекте карантин бұзғандармен айналысып жатқанын, ал тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 102 номеріне хабарласқандарға әсіресе ауылды жерлерде ешкім бармайтынын үкіметке жазғанбыз. Егер екі елдімекенге бір учаскелік полиция болса, онда ол тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша шақыртуға емес, басқа шақыртуға барады. Ал сот болса осы күнге дейін тұрмыстық-отбасылық зорлық-зомбылық бойынша істерді қарастырмайтын. Себебі олар карантин режимін бұзғандардың ісіне басымдық беретін. Олар енді ғана тұрмыстық кикілжіңдерге мән бере бастады. Егер мен тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша полиция шақырып, полиция уақытында келмесе, сосын, сот бұл іс бойынша арызды қарастырмаса, зорлық құрбаны ретінде өз проблемаммен жалғыз қаламын», –дегенді айтады маман.

Зульфия Байсақованың сөзінше зорлық-зомбылық құрбандерын паналататын орындарға Алматы қалалық Мемлекеттік Дағдарыс Орталығынан басқа еш бір жерде қабылдамайды екен. Себебі – карантин.

– «Біз үкіметке осы мәселе туралы хат жазған соң, Талдықорған қаласындағы қонақүйден он адамға арналған орын берді. Ал қалған құрбандарды ешкім еш жерге орналастырмайды. Осылайша тұрмыстық зорлық құрбаны туыстарына бара алмайды, себебі барлық жерде блокпосттар тұр, жол жабық. Сөйтіп, жапа шеккен адам үйде қалады да, жәбірге төзіп жүре береді», -деп қынжылды маман.

Заң бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын паналататын орындарда адамдар алты айға дейін тұра алады екен. Бірақ біздің негізгі мақсатымыз оларды бұл жерден тезірек шығару, мәселелерінің тез шешілуі деп отыр Зульфия ханым. Маманның Алматы қалалық Мемлекеттік Дағдарыс Орталығында жұмыс істеп жүргеніне үш жыл болыпты. Осы уақыт аралығында алты ай ішінде мәселесі шешілмеген адам болмады дейді.

– «Біз барлық мәселені шешуге тырысамыз. Біріншіден олардың туыстары бар. Екіншіден ол әйелдер экономикалық тұрғыда тәуелсіз болулары керек. Сондықтан тезірек жұмысқа шығуларына немесе екінші мамандық табуларына көмектесеміз. Мысалы бізде қазір шугаринг курсы өтіп жатыр. Шугаринг қызметі өте сұранысқа ие сала екен. Қаржылық тәуелсіздік әйелдің өз талабын қоюына мүмкіндік береді. Біз ерлі-зайыптылардың бірге тұрғандарын қалаймыз. Бірақ жаңа жағдайда өмір сүруді, эмоцияларын басқаруды үйренулері керек», -деген ол карантин кезінде аталған дағдарыс орталығы Алматы қаласының өзінде 41 адамды қабылдады дейді.

– «Бізге әйелдер өздері ғана емес, балаларымен келеді. Ер адамдардың да балалары үшін жауапкершілігі бар ғой. Негізі ерлер мен қатар әйелдер де мінездерін өзгертулері керек. Бізге алғаш келгенде әйелдер балаларына қалай ұрсатындарын көрсеңіз… Сосын біз оларға эмоцияларын тежеуді үйретеміз. Бірте-бірте олар балаларына ұрыспайтын болады. Балалары қате бірдеңе істеп қойса, «Бұлай әстеуге болмайды» деп түсіндіруге тырысатын болады», -дейді З. Байсақова.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту үшін бірінші кезекте, Төтенше Жағдай болсын, болмасын тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі бірінші кезекте қаралатын іс болуы керек деп отыр одақ төрағасы.

– «102ге қоңырау келіп түсті ме, тіпті ол әйел он рет шақырған болса да полиция бірден сол жерге баруы керек. Білесіздер ме, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары көбі ойлайтындай әйелдер ғана емес, балалар да құрбан болып есептеледі. Олар да құрбанның күйін кешеді. Себебі олар аналарына жасалып жатқан зорлықты өз көздерімен көреді ғой. Сондықтан бәріміз бірігіп, тұрмыстық зорлықты криминалдандыру керекпіз. Тұрмыстық зорлықты криминалдандыру агрессорлар мен зорлықшыларды адекватты жазалауға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні егер біреу зорлық жасаса біздің құқықтық мемлекетімізде оған: «Ой, сіз тұрмыстық зорлық жасапсыз ғой?» -дейді. Негізі оған бұлай жасауға болмайтынын жақсылап түсіндіруіміз керек едік. Тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминалдандыру көптеген мәселелерді шешер еді», -деп отыр Зульфия Байсақова бізге берген сұхбатында.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі бойынша байланысу үшін:

Тел: 150 немесе +7 708 10 608 10

сайт: www.telefon150.kz

e-mail: kzsoyuz@gmail.com

Exit mobile version